Мемлекет басшысы Түрікменстанда Аралды құтқару халықаралық қорының құрылтайшы мемлекеттері (Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан) басшылары отырысының қорытындысы бойынша бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.
Қазақстан Президенті журналистер мен ресми делегациялар мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде Түрікменстан басшысына дәстүрлі қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Арал дағдарысы адамзат тарихындағы ең ірі экологиялық апаттардың бірі екенін, 50 жыл ішінде теңіздің аумағы 9 есе кеміп, су көлемі 30 есе азайғанын айтты.
«Жыл сайын Арал теңізінің кеуіп қалған ұлтанынан желмен бірге 80 миллион тонна улы тұз көтеріледі. Бұл тұз шаңды дауылмен Батыс Еуропадан Гималайдың шыңдарына дейін мыңдаған шақырымға таралып, адамдардың денсаулығына және елдеріміздің экологиялық жүйесіне зардабын тигізіп жатыр», – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Арал аймағының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған Аралды құтқару халықаралық қорының құрылтайшы мемлекеттерінің күш-жігерін қолдау үшін тараптардың осы проблемамен айналысатын дүниежүзілік қоғамдастыққа, Біріккен Ұлттар Ұйымына, қорлар мен банктерге жүгінгені жөн деп тапқанын атап өтті.
«Біз өз тарапымыздан қордың жұмысын жетілдіруге уағдаластық. Барлық мәселені, соның ішінде ескірген шешімдерді, сонымен бірге қордың барлық басқарушы және атқарушы органының қызметін талдау мәселесін шағын құрамда ашық талқыладық», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы су шығынын 50-60%-ға қысқартып, өнімділікті 4-5 есе арттыратын тамшылатып суару сияқты заманауи технологияның және суаруға қолданылатын суды үнемдеудің маңызын атап өтті.
«Заманауи ғылыми ұстанымдарға негізделген өте маңызды ұсыныстар болды. Мысалы, экологиялық жағдайды жақсартуға септігін тигізетін әрі ауыл шаруашылығында малға жем дайындаудың көзі бола алатын, сонымен бірге тұздың көтерілуін болдырмайтын, тұзға төзімді жасыл көшеттер отырғызу мәселесі айтылды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті ұсыныстардың бәрі саммиттің коммюникесінде бекітілгеніне тоқталып, түрікмен тарапы барлық ұсынысты жинақтайтынын, ал атқарушы комитет алдағы іс-қимылдардың нақты жоспарын әзірлейтінін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев тараптардың су шаруашылығы, өңірдің су-энергетикалық және экологиялық аспектілері жөніндегі ұстанымдарын жақындастыру мәселелерін егжей-тегжейлі талқылағанын атап өтіп, Қазақстан өткен келіссөздердің нәтижелерін жоғары бағалайтынын айтты.