Басты бетЖаңалықтарАлматыда қасапшыларға...

Алматыда қасапшыларға арналған семинар өтті

Халал өнімдерді өндіру, сату, тұтыну және жарнамалау — қоғамда жиі талқыланатын тақырыптың бірі. Әсіресе, Құрбан айт мерекесіне орай мал союда да осы талап ескерілуі керек.

Алматы орталық мешітінің бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған «Халал өнімдерді стандарттау» бөлімінің Алматы бойынша меңгерушісі Әнуар Елжанов индустрия мен сервистің бұл түрінің стандарттарын қасапшылармен бірге талқылады.

Шараға, негізінен, Алматыда Құрбан айт мерекесі қарсаңында құрбан шалуға атсалысатын қасапшылар қатысты. Орталық мешіттің бас имамы мен «Халал өнімдерді стандарттау» бөлімінің Алматы бойынша меңгерушісі оларға дәріс оқып, мал союшылардың көкейінде жүрген өзекті сауалдарға жауап берді.

«Мал союдың өзіндік шариғи ережесі бар. Әрбір қасапшы осы талаптарға мұқият болуы керек. Мал сою ісіне асқан жауапкершілікпен қарау қажет», — деді бас имам Еркінбек қари Шохаев.

Дәріс шариғат талабына сай мал сою ережелері, халал стандартымен сойылған еттің адам денсаулығына пайдасы мен халалға қатысты басқа да көкейтесті мәселелер төңірегінде болды.