Мәдениет министрі өзін «парақор» деп атаған режиссерді сотқа бермекші

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет істері департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz.

«Талғат Жәнібековтен министрдің пара алғаны немесе сұрағаны жайлы қазір ештеңе айта алмаймыз. Лингвистер мен заңгерлер тексеру жүргізуде. Сараптаманың қорытындысынан кейін ғана мәселеге қатысты ресми мәлімдеме жасай аламыз. Ал фильмнің тоқтап тұру себебіне келер болсақ, министрлік бұл мәселемен айналыспайды. Ол «Қазақфильм» АҚ-ның жұмысы», – деді ол.

Департамент директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы өзгелер секілді Қазақстан Републикасының азаматы және заң алдында дәл осындай құқықтар мен міндеттерге ие деп атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Талғат Жәнібеков 2015 жылы Арыстанбек Мұхамадиұлы министр қызметіне кіріскен соң Мәдениет және спорт министрлігі «Феникс» фильмінің түсірілімін заңсыз тоқтатып тастады деп кінәлаған болатын. Ол министр пара сұрады деп мәлімдеді.

«Біз бірнеше соттан өттік. Олардың бәрі телефон қоңырауымен шешіліп отырғанын да білеміз. Америкалық әріптестеріміз мұны көріп жағаларын ұстады. Заң толық біздің жақта бола тұра соттан жеңіліп қалғанымызды шетелдіктер түсіне алар емес»,— деп атап өтті ол.

Ол бұл іске «Қазақфильм» АҚ вице-президенті Серік Жұбандықовтың да қатысы бар деп отыр.

Мәдениет және спорт министрі болса, фильмнің кейбір тұстарын пысықтау қажет деген пікірін білдірді.

«Феникс» фильмінің алдын ала дайындығына 100 миллион теңге берілді. Мен фильмді қолдайтынымды режиссерге айттым, бірақ ол танымал, мықты мамандармен бірлесе жұмыс істеуі тиіс. Өзі режиссер, өзі продюсер, өзі сценарий авторы болуы күмән тудырады. Егер ол Ермек Тұрсынов, Ардақ Әмірқұлов сынды мықты маман болса, мен қаражат берер едім. Ал ол болса өзім түсіремін деп қайтпай отыр. Оған қоса 550 миллион теңге сұрайды, бұл 3 миллион доллардан артық қаражат. Менің «Феникске» қарсылығым жоқ. Тек сценарийді жақсылап түзетіп, қаржылық негіздемесін ұсынып, ең бастысы, жақсы шығармашылық топ құруы керек», – деген еді министр 2015 жылдың тамызында.

ДереккөзBnews