ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков Үкімет отырысында теңге бағамына қатысты ахуалға түсінік берді.
Ол шілденің соңына қарай теңгенің биржа бағамы долларына 346,7 теңге болып, жыл басынан бері 4,3%-ға әлсірегенін айтты.
«Осы жылдың мамыр-шілде айларында теңгенің әлсіреуі ең алдымен доллардың дамушы елдер валютасына қатысты жалпы нығаюына және АҚШ Федералдық резерв жүйесінің проценттік мөлшерлемесінің артуы аясында дамушы елдер нарығынан капиталдың жылыстап кетуіне байланысты. Дамушы нарықтардағы жалпы үдеріс Қазақстанды да айналып өтпеді. Ұлттық банк ноталарының көлемі шілдеде наурыз айындағы ең жоғарғы деңгейі — 454 миллиард теңгеден 158,5 миллиард теңгеге дейін төмендеді», — деді Олег Смоляков.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары соңғы күндері ішкі валюта нарығында қалыптасқан ахуалға геосаяси шиеленіс әсерінен негізгі сауда серіктестері валютасының құбылуы себеп екенін атап өтті.
«13 тамызда теңгенің долларға қатысты бағамы 363,22 болды, тамыздың басынан бері теңге 4,8%-ға, жылдың басынан бері 9,3%-ға әлсіреді. Қазақстан теңгесі аса сезімтал валюта емес, іргелі төлем балансы бірінші жартыжылдықта, алдын ала бағалау бойынша, өткен жылдың бірінші жартыжылдығына қарағанда қолданыстағы шот тапшылығы тұрғысынан екі есе жақсы болды. Біз қаржы шоты бойынша теңгерілген жылыстауды көріп отырмыз, тұтас алғанда, ол жылдың басынан бері 18%-ға арзандаған Ресей рубліне қатысты байқалып отыр, теңге оған қарағанда айтарлықтай тұрақты», — деді Смоляков.
Ұлттық банк өкілі қаржы реттеушісі ішкі валюта нарығын тұрақты бақылап отырғанын және қажет болған жағдайда бағамды реттеу үшін интервенциялар жүргізуге дайын екенін тағы қайталады. Оның айтуынша, нарықта валюта жеткілікті және халық тарапынан шетел валютасына деген жапатармағай сұраныс жоқ.
Айта кетейік, Kurs.kz мәліметінше, қазіргі уақытта еліміздің айырбас пункттерінде долларды 363-364 теңгеге сатып, 365-365,1 теңгеден сатып алуға болады.