Басты бетЖаңалықтарНазарбаев пен...

Назарбаев пен Путин Петропавлда өтетін форум мәселелерін талқылады

Нұрсұлтан Назарбаев Ақтауда Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен кездесу өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан басшысы Ресей президентіне ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер мен перспективаларға жол ашатын Каспий маңы елдерінің айтулы саммитіне белсенді атсалысқаны үшін ризашылық білдірді.

«Екіжақты қарым-қатынастарымыз барлық бағытта, әсіресе, экономика, әскери-техника және ғарыш салаларында ілгерілеп келеді. Еуразия экономикалық одағы аясындағы экономикалық мәселелер де қарқынды дамып жатыр», – деді Назарбаев.

Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты Каспий маңы елдері саммиті жұмысының нәтижелерімен құттықтап, мұның Қазақстанның өзінде болған оқиға ретінде тарихқа енетінін айтты.

«Бұл – 20 жыл ішінде қол жеткен елеулі оқиға. Ұзаққа созылған талқылаулар мен пікірталастардан кейін шешім табылды. Осы шешімнің Каспий маңы өңіріндегі ынтымақтастығымыздың дамуына септігін тигізетіні сөзсіз», – деді Ресей Федерациясының басшысы.

Владимир Путин екі ел арасындағы өзара тауар айналымының артқанын атап өтіп, ғарыш, энергетика, көлік салалары бойынша және басқа да барлық жоба-бағдарлама одан әрі дами беретінін және елдеріміздің оң нәтижелерге қол жеткізетініне сенетінін айтты.

«Сізге Ресей мен Қазақстан қарым-қатынастарына ерекше көңіл бөлгеніңіз үшін ризашылығымды білдіргім келеді», – Ресей басшысы.

Кездесуде тараптар алдағы уақытта Петропавлда өтетін өңіраралық форумның және Душанбеде болатын ТМД саммитінің мәселелерін талқылады.

Еске сала кетейік, 12 тамыз күні Ақтауда Бесінші Каспий саммиті өткен болатын. Онда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі айқындалған конвенция мен теңізге иелік ететін бес ел басшылары басқосуының қорытынды коммюникесі қабылданды. Нұрсұлтан Назарбаев саммит қожайыны ретінде Каспий бестігіндегі әріптестерін жеке-жеке кездесті.