Ауыр жарақаттан кейін де спорттан алыстай алмадым

Каратэда ұстазды “сэнсэй” деп атайды. Nazdojo каратэ мектебіндегі сэнсэйдің аты-жөні – Назерке Батырбекова. Оған ауыр жарақатына байланысты кейбір жаттығуларды жасауға болмайды. Сэнсэй өмірлік жарын да спортта жүріп кездестіріпті.

Назерке Айдарбекқызы
Назерке Батырбекова. Фото: Мейірім Бақытжанқызы

Назерке Батырбекова: Каратэ бойынша арнайы білімім бар. Алғашқы жатттықтырушым – бірнеше жарыстың жүлдегері, Бакуде өткен чемпионаттың алтын медалінің иегері Меруерт Хакімқызы. 12 жастан бастап каратэмен айналысамын. Каратэмен айналысқаныма 8 жыл болды. Спорттың бұл түрін таңдауыма ағам себеп болды. Ол кісі БДФ таэквандодан Азия чемпионатында II орын алған. Алғашында ағам үйде жаттықтыратын. Спортқа деген сүйіспеншілігімді сол кісі оятты. Отбасымның тарапынан спортпен айналысуыма ешқандай қарсылық болмады. Керісінше, спорттағы әрбір қадамыма қолдау білдірді. Қазіргі жеткен жетістіктерім сол кісілердің қолдауларының арқасы деп білемін.

Каратэ – қарусыз қорғанудың бір түрі. Жапон тілінен аударғанда “қарусыз қол” деген мағына береді. Спорттық жекпе-жектің бұл түрі қарсыластың осал тұсына қолмен және аяқпен соққы беруге үйретеді. Каратэда адамның дене дайындығымен қатар әдіс-айласы, спортшының бойындағы рухы да сыналады.

Каратэ Рюкю архипелагындағы Окинава аралында 15 ғасырда пайда болған. Сол кездегі князь Се Хайси қару ұстауға рұқсат бермеген. Ал жергілікті халық сырт жаудан қорғану мақсатында каратэны өмірге әкелген. Ол кезде Окинава Жапониямен емес, Қытаймен көбірек байланыста болған. Сөйтіп, каратэ Қытайдың кунг-фу қарусыз күрес түрімен қатар дамыған.

Сенсэй мен шәкірті
Сенсэй мен шәкірті. Фото: Мейірім Бақытжанқызы

Каратэны ең мықты спорт түріне жатқызуға болады. Күнделікті тұрмыста да пайдасы көп. Тәжірибеде қолданып көргенмін. Каратэшы болсаң, қалада кез келген уақытта жалғыз өзің қорықпай жүре аласың. Боксшыға арнайы қолғап керек, семсерлесу спортын меңгерсең қару-жарақ керек. Ал каратэмен айналысу үшін аяқ-қолың сау болса болды. Кез келген жерде кез келген адаммен төбелесе бересің.

Жұбайымды осы спорт саласында жүргенде жолықтырдым. Қазір ол да – каратэдан жаттықтырушы. Алғашында тхэквондомен айналысқан, кейіннен дзюдомен айналысып, соңында осы каратэға тоқтады. Менің жаттықтырушым болды. Осылайша отбасын құрдық.

Спорт болған соң түрлі жағдайға тап болуың мүмкін. Оған алдын ала дайын болу керек. Каратэмен айналысып жүргенде талай жарақат алдым. Спорттан тыс кезде құлап қалып, көп уақыт емханада жаттым. Дәрігерлер спортпен айналысуға болмайтынын айтты. Сол кезде қатты өкіндім. Бұл мен үшін аш адамға “тамақ ішпе” дегенмен тең. Уақыт өте келе организм қалпына келе бастаған соң спортқа оралдым. Кейбір ауыр жаттығуларды орындауға болмайды. Сонда да спорттан бас тарта алмаймын. Тым болмаса білгенімді қазақ қыздарына үйретсем деген ниетпен қызмет етіп жүрмін.

Ең кішкентай шәкіртім жеті жаста. Негізі баланы бес жасынан бастап каратэға үйретуге болады. Жас ерекшелігіне шектеу жоқ. Балаларды да, жастарды да, ересектерді де дайындаймыз. Өзім қыздарды жаттықтырамын. Мұсылман қыздарды өзін-өзі қорғауға үйреткім келеді. Бізде орамал тағатындар көп. Олар спортпен айналысайын десе, көп жерде жағдай жасалмаған, мүмкіндік жоқ. Біз ер адамдардан бөлек жаттығамыз. Орамалмен жаттығуға рұқсат береміз, бұл, керісінше, ыңғайлы.

Каратэда күрес те, бокс та бар

Мейіржан Қыпшақ
Мейіржан Қыпшақ. Фото: Мейірім Бақытжанқызы

Мейіржан Қыпшақ: Менің аты-жөнім – Мейіржан Қыпшақ. Жасым жетіде. Биыл 1-сыныпты бітірдім. Каратэға қатысқаныма төрт ай болды. Ұл балалар көбінесе бокс, күрес сияқты спорт түрлеріне қызығады ғой. Ал каратэда күрес те, бокс та бар. Бірақ ұрыс тәсілдері бокстікінен өзгеше. Сэнсей жаттығу кезінде өте қатал. Тапсырмаларды дұрыс орындамасаң ұрсады. Кейде ұрады. Бірақ мен оған еш ренжімеймін. Есесіне болашақта мықты каратэ шебері болып шығамын деп ойлаймын. Өскенде тәртіп сақшысы болғым келеді. Полицей болу үшін адам жақсы төбелесе білу керек. Сондықтан қазірден бастап каратэға қатысып, дайындалып жүрмін. Кейін қылмыскерлермен төбелесу үшін каратэдағы тәсілдерді қолданатын шығармын.

Төбелесе алмайтын жігіттерге ашуым келеді

Томирис Бейсембекова
Томирис Бейсембекова. Фото: Мейірім Бақытжанқызы

Томирис Бейсембекова: Алматы менеджмент және сервис колледжінде шаштараз мамандығында оқимын. Каратэ мектебіне келгеніме екі ай болды. Бастауыш сыныпта оқып жүргенімде гимнастикаға, 5-сыныптан бастап тхэквондоға қатыстым. Қазір каратэмен айналысып жүрмін. Күнделікті өмірімді спортсыз елестете алмаймын. Жаттығу болатын күндерді асыға күтемін. Бірақ осы күнге дейін төбелестің бұл түрін өмірде қолданып көрмеппін. Алайда спортпен айналысқан соң барлық жерде барлық уақытта өз-өзіме сенімді болып жүремін. Кейбір жігіттер табиғатынан қорқақ келеді ғой. Ондайлардың талайын көрдік. Қыз баласын қорғап, көшеде оған қорған болмақ түгілі, өз басын қорғай алмайтын, ақсаусақ, әлсіз жігіттерді көргенде ашуым келеді. Қазір ата-аналар ер балаларды еркелетіп өсіреді ғой. Шаңырақтың иесі, әулетіміздің жалғасы деп. Мүмкін жігіттер соған еркелеп алған шығар. Бірақ олардың нағыз ер жігіт болғанын қалаймын.

Жігіттерден жеңіліп көрмедік

Каратэ
Ару мен Махаббат. Фото: Мейірім Бақытжанқызы

Махаббат Есенбекова: №83 мектепте оқимын. 4-сыныпты бітірдім. Алғашында анам каратэға қатысу туралы ұсыныс айтты. Каратэ – ең біріншіден, қорғаныс. Екіншіден, денсаулық. Алғашында каратэ маған қорқынышты спорт болып көрінетін. Қыздар бір-бірін ұрып, теуіп жатқанын көргенде қатыспай-ақ қашып кетсем бе екен деп ойлағанмын. Қыздарға көркем гимнастика, би сияқты спорт түрлері көбірек жарасады деп ойлайтынмын. Алайда каратэның пайдасы көбірек екенін енді ғана түсіндім.

Аруна Әбдіқали: №152 мектепте оқимын. Қазір жүзуге де қатысып жүрмін. Мектепте ұлдар менен қорқады. Ойнап болсын төбелессек, оларды жеңіп кетемін. Жарыста да, өмірде де жігіттерден жеңіліп көрмеппін.

Махаббат екеуміз туысқанбыз. Кішкентай ініміз бар. Ол да каратэға қатысады. Жездеміз Берік Мамырбаев – каратэдан жаттықтырушы. Қазір мен ақ белбеудің иегерімін. Арманым – байқауларда бақ сынап, қара белбеу алу.

Ұқсас жазбалар

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!