Басты бетЖаңалықтарАбай ауылында...

Абай ауылында зорланған балаға қатысты істі тергеу аяқталды

ҚР Бас прокуратурасының тергеу тобы Түркістан облысының Абай селосындағы баланың зорлану туралы қылмыстық іс бойынша тергеу өндірісін аяқтады. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

«Іс бойынша объектив ақиқатты анықтау үшін қарастырылуы тиіс барлық: медициналық, психологиялық-психиатриялық, биологиялық, молекулалық-геномдық және тағы басқа сот сараптамасы жүргізілді. Жәбірленуші тараптың өтінішхаты бойынша эксперттік зерттеуге Ресей Федерациясынан, Қырғыз Республикасынан және Грузиядан жеке және мемлекеттік сарапшылар жіберілді. Маман ретінде шағын салалар бойынша балалар дәрігерлері де тартылды. Іс бойынша барлығы кешенді сот сараптамасы және түрлі зерттеу жүргізілді», — делінген хабарламада.

Бас прокуратураның мәлімдеуінше, ҚР Қылмыстық кодексінің 15-бабының 2-бөлігіне сәйкес, жыныстық қылмыс жасағаны үшін жауапкершілік 14 жастан бастап қарастырылады. Ал бұл қылмыс жасалған уақытта төрт күдіктінің біреуі ғана мұндай жаста болған. Оның әрекетіне ҚР ҚК 121-бабының 4-бөлігі бойынша (көпе-көрінеу жас балаға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) баға берілді. Сол себепті қалған күдіктілерге қатысты қылмыстық іс тоқтатылып отыр.

«Қылмысқа қатысушылар кәмелетке толмағандықтан олар туралы мәлімет пен істің басқа да мән-жайы жария етілмейді. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 532-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандардың құпиялылыққа құқығы қылмыстық сот өндірісінің барлық кезеңінде сақталуы тиіс. Сонымен бірге жеке өмірге қол сұғылмауы әр азаматтың конституциялық құқығы екенін және мемлекеттің қорғауында болатынын түсіндіреміз», — деп мәлімдеді ҚР Бас прокуратурасы.

Еске сала кетейік, биыл наурыздың ортасында бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында жеті жасар бала зорланды деген ақпарат тараған болатын. Баланы жабылып зорлағандар жоғары сыныптың оқушылары болуы мүмкін. Кейінірек полиция бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған еді. Баланың зорлануы туралы ақпарат елімізде үлкен қоғамдық серпіліс туғызды. Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында және «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында бұл оқиғаның дұрыс тергелмей жатқанын айтты.