Электрсамокат қарапайым самокатқа ұқсайды. Бар айырмашылығы — электр қозғалтқышы мен аккумуляторының болуында. Самокаттың бұл түрі аяғыңызға ешқандай күш түсірмей қозғалуға мүмкіндік береді.

Артықшылығы:

  • Кептелісте тұрмайсыз, жол қысқартасыз, жаяу жүргеннен де артық;
  • Экологияға зияны жоқ;
  • Көлік құжаты қажет емес;
  • Денсаулыққа пайдалы;
  • Жаяуларға немесе велосипедке арналған жолдармен және шектеу қойылмаған басқа да жерлермен жүре аласыз. (Дегенмен жуық арада талап өзгеруі мүмкін, ол туралы төменде ескертеміз).

Қандай кемшілігі болуы мүмкін:

  • Ауа райына тәуелді боласыз, әсіресе, жаңбыр, жел кезінде самокатпен жүру қолайсыз;
  • 40-50 шақырымнан ұзақ қашықтыққа арналмаған;
  • Өзіңізбен бірге көп жүк алып жүрер болсаңыз, ыңғайсыз.

Қорытынды: Электрсамокат күн сайын жұмысқа қатынауға ыңғайлы.

Электрсамокаттар әртүрлі болғанымен барлығының жұмыс істеу принципі бірдей. Тек кішігірім нюанстары бар. Мысалы, кейбір модельде рульдің жанында жылдамдықты және тежеуді реттейтін тұтқыш бар. Ал басқа модельдерде қозғалысты бастау үшін аяғыңызды самокатқа қойып, жерге тигізбеуіңіз керек.

Электрсамокат орташа есеппен сағатына 35 шақырымды еңсере алады. Бұл көліктің салмағы — небәрі 10 келі. Айтарлықтай ауыр болмағандықтан оны кез келген ғимарат ішіне қолға ұстап кіре аласыз.

Ескерту:

Айта кетейік, жақында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті ақпарат құралдарына электрсамокатпен жүру ережесін түсіндірді. Мамандардың мәліметінше, электрсамокат иелері мопед жүргізушілеріне теңестірілген. Мұндай самокат қолданушылар велосипед жолымен жүруі тиіс. Демек, келешекте полицейлер тротуармен жүрген электрсамокат иелерін әкімшілік жауапкершілікке тартуы мүмкін. Айыппұл мөлшері — 15 АЕК. 16 жасқа толмаған адамға электрсамокатты басқаруға тыйым салынады.

Самокаттың батареясы 2 сағатта толық қуатталады. Бұл 40 шақырым жол жүруге жеткілікті. Электрсамокаттың жылдамдықты және аккумулятор деңгейін көрсететін спидометрлік моделі де бар.

Электрсамокат балаға, жасөспірімге және ересекке арналған деп бөлінеді. Осыған байланысты самокат дизайнының сипаттамасы да әртүрлі болады.

Техникалық сипаттама:

  • Электрсамокат дөңгелегінің диаметрі 4,5-нан 10 дюймге дейін;
  • Қозғалыстың ең жоғары жылдамдығы 13-тен 26 км/с-қа дейін;
  • Максимал жүктеме — 100-150 келі;
  • Қуаты — 100-350 ватт;
  • Рама материалы (болат, алюминий, көміртегі, пластик, магний қорытпасы);
  • Балаларға арналған самокатқа пластик қолданылады;
  • Магний қорытпасы премиум-класс модельде кездеседі. Олар жеңіл, ұзақ жолға шыдамды. Тиісінше бағасы қымбат;
  • Болаттан жасалған самокаттың рамасы мықты, соған сай ауыр болады;
  • Рамасы көміртегіден жасалған самокат жеңіл болады. Бірақ ауыр соққыдан дөңгелегі жарылуы мүмкін;
  • Алюминий қорытпасынан дайындалған рамалардың салмағы жеңіл әрі берік болады. Бұл балалар мен ересектерге арналған үлгісінде де қолданылады.

Аккумуляторының сыйымдылығы

Жылдамдық, адам салмағы және қозғалтқыш қуаты жоғары болған сайын аккумулятор сыйымдылығы да үлкен болуы керек. 10 Ах көрсеткіші көрсетілген жағдайда, электрсамокат жоғары жылдамдыққа және максимал жүктемеге дайын екенін білдіреді. Бірақ қуат аккумулятор сыйымдылығына ғана тәуелді емес және бірдей аккумуляторлы модельде өте көп болуы мүмкін. Сондықтан электрсамокат аларда басқа сипаттамаларын да мұқият салыстырған жөн.

Қосымша функциялары мен бөлшектері: рульмен реттелетін дөңгелек, жылтыр (сәнді) дөңгелек, жиналу  мүмкіндігі, жарық, дисплей, рульге арналған себет және амортизация жүйесі.

Қайдан сатып алуға болады?

Электрсамокатты интернет-дүкендерден сатып алуға болады. Олар:

  • Gyroscooters.kz;
  • Boomshop.kz;
  • Segway.q-store.kz (бөліп төлеуге болады);
  • Giroskuter7.kz;
  • 101giroskuter.kz.

Сонымен қатар гипермаркеттерден (несиеге де) сатып алуға болады. Нарықтағы орташа бағасы 80 000 теңгеден басталады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!