Басты бетЖаңалықтарҚазақстанның 500...

Қазақстанның 500 мың азаматы шетелде туркодпен демалды

Шетелде азаматтарымыздың қауіпсіздігіне кепіл беру жүйесі жұмыс істей бастағалы бері «Туристік қамқор» корпоратив қоры қазақстандықтарға 500 мыңға жуық (485 мың) туркод берді. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстандықтарға 2017 жылдан бастап шетелге туркодпен шығуға кеңес беріледі. Арнайы құрылған «Туристік қамқор» КҚ шетелде күтпеген қиындыққа тап болған сәтте отандастарды елге тез арада оралтуды көздейді. Ең алдымен бұл көмек алақол қызмет ететін турфирмалардың кесірінен зардап шеккендерге қатысты.

Туроператорға туристік код қорға жарна мен банк кепілдемелері төленгеннен кейін беріледі. Қор жарнасы бір турист үшін 1 АЕК – 1202 теңге көлемінде. Ол соманы турист үшін туроператор төлейді. Банк кепілдемелерінің сомасы 12 млн мен 36 млн теңге аралығында.

Қазір «Туристік қамқор» қорының құрамына 56 туроператор енген. Қазақстанда шетелге шығарумен барлығы 140-тай компания айналысады, яғни қалған 70-тен астам туроператор қауіп-қатерге бас тіге отырып, жасырын түрде қызмет көрсетіп отыр.

Ауа райы бойынша қазақстандықтар үшін тамыз айында мына мемлекеттерде демалған қолайлы: Крит, Кипр, Грекия, Түркия, Болгария, Италия, Тунис, Мальта, Доминикан Республикасы, Куба, Кариб, Хайнань аралы, Вьетнам, Португалия және Жерорта теңізінің барлық жағалауы.

Қыркүйек пен қазан айларында Мысырда, Канар аралдарында, Израильде, БАӘ мен Таиландта, Доминикан Республикасында, Үндістанда, Шри-Ланкада, Малайзияда, Сейшель аралдарында, Маврикияда және Мальдив Республикасында ойдағыдай демалуға болады.

Ал қараша мен желтоқсан айларында ең қолайлы бағыттар — Таиланд, БАӘ, Доминикан Республикасы, Куба, Кариб аралдары, Үндістан, Малайзия, Хайнань аралы, Вьетнам, Сейшель аралдары, Маврикия, Мальдив Республикасы.

«Туристік қамқор» корпоратив қоры шетелге демалысқа шыға қоймаған қазақстандықтарға броньдаған қонақүйі туралы мәліметті, қайту билетінің төленген-төленбегенін, сонымен бірге туркодының бар екенін тексеріп алуға кеңес береді.

Туристік код қарпі мен саны бар 11-13 (баратын елге қатысты) символдан тұрады. Ол әр жолдаманы рәсімдеген кезде автоматты түрде беріледі. Турист оқыс жағдайға тап болған кезде қорға хабарласып, туркодын айтуы керек және тәулік бойы шұғыл көмек ала алады.