Басты бетЖаңалықтарҚұнанбай фильмі...

Құнанбай фильмі неге прокатқа шықпай отыр?

Халқымыздың ұлы ақыны, кемеңгер Абайдың әкесі Құнанбай туралы фильм «Құнанбай» кинокартинасы осы жылдың көктемінде жарыққа шығады деп күтілген болатын. Бірақ белгісіз себептерге байланысты қараша айына шегерілді. Классика радиосының журналисті Зира Наурзбаева фильмнің режиссері әрі басты рөлді сомдаушы Досхан Жолжақсыновқа мәселенің мән-жайын білмекке хабарласқан. Досхан Жолжақсынов сырқаттанып ауруханада жатқан көрінеді. Оған себеп, «Құнанбай» фильмін еліміздің кинотеатрлары көрсетуден бас тартып отырған көрінеді. «Қазақфильм» АҚ да еш әрекет жасамай отқандағын айтқан. Фильмнің көрерменге жетуі үшін көп жерге барып, шаршағандығын жеткізген. Тек «Арман» кинотеатры 26-қарашада көрсететін болып келіскен. Басқа қалалар да 2-3-желтоқсан күндері көрсетуге уәде беріп отыр. Осындай жағдай орын алғандықтан «Құнанбай» фильмі кешеуілдеп жатыр.

Бұл Досхан Жолжақсыновтың екінші режиссерлық жұмысы. Бұған дейін «Біржан сал» фильмін түсіріп, онда да басты рөлді ойнаған болатын. Фильм сценариін Досхан Жолжақсынов Таласбек Әсемқұловпен бірлесе отырып жазған. Фильм Құнанбайдың туған жерінде, Шығыс Қазақстан облысында түсірілген.  Сол заманның тыныс-тіршілігін көрсету үшін қаншама деректі материалдар жинақталып, тарихи құндылықтар қайта жаңғырды. Табиғат аясына 150 киіз үй тігіліп, фильмде үш жүздің жүйрігі жарысқан бәйге, балуандар күресі, әнші-жыршы, күйшілердің сайысы да көрініс тапқан.

ДереккөзBaistars.kz