Талдықорған әкімі Дастан Шалтабаев қаладағы индустрия аймағын, күрделі жөндеу жасалып жатқан 13 мектепті және бірнеше қоғамдық ауланы аралап көрді.
«Талдықорған қаласының индустрия аймағы — стратегиялық нысан. Біз мұнда болып, жағдайымен таныстық. Тиісті мамандардан даму барысын сұрап, алда қандай жұмыстар атқарылатынын білдік. Бүгінге дейін біраз жұмыс атқарылғанымен алда атқаратын жұмыс тағы да көп. Барлық есеп-қисапты қарап болғаннан кейін жаңа қадам басуға дайын боламыз», — деді Дастан Шалтабаев.
Талдықорған басшысы қалада салынып жатқан мектептің құрылысын да көрді. Ол жұмыстың жаңа оқу жылына дейін аяқталуы керек екенін айтты. Линолеум, кафель және басқа да құрылыс материалдарының түрлері мен түстерін таңдап, сапалы материалдарды ұсынды.
«Жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалды. 1 қыркүйекке дейін құрылысты аяқтап, оқушыларды жаңа ғимаратпен күтіп алуға бар күшімізді салуымыз керек. Бәрі дер кезінде істелсе, онда жұмысты да уақытында аяқтаймыз», — деді қала әкімі.
Қала басшысы Ақын сара ескерткішінің айналасындағы абаттандыру жұмысымен де танысты. Орталықта тұрған ескерткіштің қазіргі жағдайы мәз емес. Әкім алдағы уақытта біраз өзгеріс болатынын айтты. Ескерткіштің айналасының дұрыс суарылуып тұруын және отыратын орындар мен қоқыс жәшігін қалыпқа келтіруді тапсырды.