Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің астаналық 328 салымшысы пәтерлі болды

Елордадағы бұл жаңа үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынған. 1 шаршы метрінің бағасы – 180 000 теңге.

Мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін салымшыларға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотына үй бағасының 30%-на тең сома жинау қажет еді. Таза әрлеудегі бір бөлмелі пәтердің бағасы ең қымбат дегенде 6,2 млн теңге болғанын ескерсек, оның отыз пайызы шамамен 1 800 000 теңгені құрайды. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі осы сома жиналған соң, жылдық мөлшерлемесі 5% болатын займдар беріп, үй сатып алуға көмектесті.

— Жалпы алғанда осы жылы Астанада «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша мың шақты салымшымыз үйлі болады. Елордалық тұрғындар ақша жинап үй алуға ниетті, ол қолдарынан да келеді. Бүгін баспаналы болып отырған азаматтардың көпшілігі бастапқы жарна ретінде шоттарында 60%-ға дейінгі қаражаттың басын құрапты. Қажетті 30%-ды жинағандар да бар. Бастапқы жарнаны жинауды қиын деп тапқан жандарға жақсы жаңалық ұсынбақпыз. «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізу бекітілді, енді оған қатысу үшін 20% көлеміндегі бастапқы жарна жеткілікті, — деп атап өтті Ләззат Ибрагимова.

Жаңа тұрғын үй кешені Есіл өзенінің оң жағалауында, Қошқарбаев көшесі мен Жұмабаев даңғылының қиылысында орналасқан. Жанында Әзірет Сұлтан мешіті, Ұлттық музей, Бейбітшілік және келісім сарайы бар. Баспаналы болған салымшылардың бірі – астаналық тұрғын Дариға Қажыбаева.

— Ұзақ уақыт бойы маған үй жалдауға тура келді. Ай сайынғы міндетті шығындарыма  пәтер ақысы ғана емес, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне аударып отыру керек сома да кірді. Осы банктегі жинақ шоты мен үшін өз үйіме де ақша жинаудың жалғыз қолжетімді жолы болды. Нәтижесінде пәтер бағасының 50%-на тең қаражаттың басын құрай алдым. Жетпейтін сомаға несие алдым, ол бойынша ай сайынғы төлем бар болғаны 35 000 теңгені құрайды. Бұл Астанадан пәтер жалдауға қарағанда әлденеше есе аз, — дейді Дариға Қажыбаева.

Астана Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі депозит қоржынында бірінші орын алып отыр. Елорданың 155 000 тұрғыны банктен жалпы сомасы 110 млрд теңгеге шот ашып, ақша жинап жатыр. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі де шаршы метрлердің қолжетімді болуы үшін үлкен жұмыс атқаруда. «Нұрлы жер» бағдарламасынан бөлек банктің «Өз үйім» атты жеке бағдарламасы да бар. Оның аясында бас қалада осы жылы 560 пәтер сатылатын болады.

Бұдан бөлек құрылыс салушылармен жасалған келісімге сәйкес, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы тағы 275 пәтерді нарықтан төмен бағамен сатып алуға болады.

Тұрғын үй бағдарламалары аясындағы барлық жаңа нысандар банктің baspana.kz атты порталында жарияланып отырады. Мұнда тұрғын үйден үміткер азаматар қандай нысандардың салынып жатқанын қарап, өтініш қабылданып жатқан-жатпағанын нақтылап, ұнаған пәтерді таңдап, тұрғын үй сатып алушылар пулына қатысуға өтініш бере алады.