Жастарға жұмысшы мамандықтар насихатталуда

Байқаудың салтанатты ашылуына облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Умашев, Зеленов ауданындағы шаруа қожалықтары өкілдері келді.

«Әр қатысушының артында үлкен ұжым тұр. Оларды даярлаған жетекшілердің  еңбегі зор. Елбасымыз кәсіптік-техникалық сала мамандарын даярлауға ұдайы назар аудартуда. Сондықтан, бізге қойылған міндеттерді абыроймен орындауға тиіспіз», — деді Ш.Қадырова.

Зеленов кәсіптік колледжі базасында байқауға Сырым, Жәнібек, Рубежка, Жалпақтал, Бөкей орда, Теректі, Шыңғырлау, Зеленов, Тайпақ, Тасқала, Ақжайық, Қаратөбе колледждері техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 12 шәкірті қатысты. Үміткерлер байқаудың бірінші кезеңінде тестілеуден өтіп, теориялық білімдерін қорғады. «Кәсіби шеберлік» деп аталған екінші кезеңде трактор жүргізіп, жер жыртудан шеберліктерін сынға салды. Ауыл шетіндегі үлкен алаңда екі топқа бөлінген қатысушылардың бір бөлігі трактор техникасымен байқау шарттарына сай алдын ала дайындалған аумақтан жүріп өтсе, екінші бөлігі техникамен жер жыртты. Айта кету керек, байқау барысында қауіпсіздік ережелері толықтай сақталды. Техникаға отырған үміткерлердің жанында нұсқаушы маман отырды.

«Үздік механизатор» байқауы жеңімпаздарының есімдері түстен кейін белгілі болды. Бірінші орынды Рубежка колледжінің студенті Дарын Темірболатов (жетекшісі Александр Кобанов) жеңіп алса, екінші орынға Зеленов колледжінің студенті Игорь Новеньков (жетекшісі Виктор Погадаев) табан тіреді, үшінші орынды Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің студенті Әлішер Омар (жетекшісі Есболсын Күнбатыров) иеленді. Зеленов колледжінен қатысқан жеңімпаздың оқыту шебері Виктор Погадаевқа «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының БҚО ұйымы» қоғамдық бірлестігі атынан Бурабай шипажайына демалуға жолдама берілді. Сондай-ақ өзге қатысушыларға да білім басқармасының атынан сертификаттар табысталды.