Қазақ халқының мысықты үйіне кіргізіп, төріне дейін шығаратыны жасырын емес. Дегенмен, үй жануарларының ішінде итті ерекше құрметтеп, 7 қазынаның қатарына қосса да оған жасалатын құрмет аз. Итке қалдық тамақ беруі, қысы-жазы далада ұстауы, «иттің етіндей жек көру» тіркесі де соның дәлелі.
Ал итін бауыр еті баласындай баптап, мұсылман принциптеріне қарсы болса да төріне кіргізіп алған қазақтар туралы не білесіз?
Данияр. 16 жаста. Итінің аты – Эмма. 10 айлық
Алматы қаласында көпқабатты үйдің 3 бөлмелі пәтерінде тұрамыз. Біздің отбасымызда әкем мен анам, әжем, інім Димаш, қарындастарым Айсұлу мен Жанель және 8 айдан бері отбасымыздың мүшесі болып кеткен итім Эмма бар. Мен үйдің үлкенімін, 10 сыныпты аяқтадым. Эмманың тегі Канаданың Лабрадор аралынан шыққан. Оның нақты қандай тұқымнан екені белгісіз сондықтан бір сөзбен «дворняга» деп атайды. Эмманы 2 айлығында досымнан сұрап алдым. Қазақта күшік немесе мысықты кімнен алса да тегін алмау керек деген ырым бар. Сондықтан досыма ырымдап 2 мың теңге бердім. Эмма өте бауырмал, барлығымен тез тіл табысып кетеді, әсіресе балаларды қатты жақсы көреді.
Өзім тамақ пісіріп беремін
Таңғы сағат 7:00-де Эмма екеуміз ұйқыдан бірге оянамыз. Сосын бірге тамақтанып, саябаққа серуендеуге шығып кетеміз. Эмманы күніне 2 рет: таңертең және кешке тамақтандырамын. Ол тамақ талғамайды, тек майлы тағамнан басқасының бәрін жей береді. Оның ас мәзіріне: қарақұмық, күріш, құрғақ жем, ботқа және су кіреді. Дүкеннен «догчао» деп аталатын құрғақ жем сатып аламыз, ұзақ уақытқа жетеді. Оның 1 келісі 450 теңге тұрады. Аптасына 1 рет сүзбе немесе кез келген сүт тағамын беріп тұрамын. Өйткені дәрігердің айтуынша, сүт өнімдері сүйек пен тістің берік болуына мол пайдасын тигізеді. Оған тамақты көбіне өзім дайындаймын. Қазіргі уақытта Эммаға көп тамақ беруге болмайды. Себебі иттердің мұндай тұқымы 1 жасынан кейін еріншек бола бастайды, салмақ тез жинап, толықтап кетеді. Таңғы серуеннен кейін үйге келіп ойнайды. Үйдің дәлізінде орналасқан өзінің арнайы кілемі бар сонда ұйықтайды, жатады. Ас үйде біздің үстелдің жанындағы тостағаннан тамақ ішеді. Сосын кешкі сағат 18:00-де тамақтанып, 19:00-ден кете далаға шығамыз. Кешкі мезгілде үйдің жанындағы саябаққа Эмманың барлық достары да шығады, солармен бірге ойнайды. Жалпы итті 3 айда бір рет жуындырып тұру керек. Сол жеткілікті. Жазда жүнін күнде тазалап тұрамын, қыста көп түспейді, керісінше қалыңдайды. Жүні жиі түспеу үшін арнайы витамині бар жем немесе, тамағына түрлі дәрумендер қосып беремін.
Эмма менің ғана айтқанымды тыңдайды
Эмманың қожайыны мен. Оны кішкентайынан тәртіпке өзім үйреттім. Менің айтқандарымды орындауы үшін жем сала отырып, бұйрық беремін. Егер бұйрықты дұрыс орындаса тағы жем беріп, басынан сипасаң өзі де үйреніп кетеді. Мысалы: фу – «болмайды, ол дұрыс емес» дегенді білдірсе, «болмайды» десең ол нәрсеге тиіспейді. Мысалы, жерде тамақ жатыр «Эмма, болмайды» десең ол тамақты жемейді, тиіспейді. «Болады» деген бұйрықты бергенде ғана жей бастайды. Егер «Эмма, күт» десең күтеді. Егер ол менен алыста жүрсе «маған кел», жүгіріп бара жатса «тоқта» деген бұйрықты тыңдайды. «Тоқта» бұйрығы кейде оның өмірін құтқаруы мүмкін. Мен оны жолдың бойында келе жатқанда жиі қолданамын.
Бірде Эмманы жоғалтып ала жаздадым. Оның кішкентай кезінде серуендеп жүрген едік. 10 минуттай іздеп, барлық жүреді-ау деген жерлерді шарлап шықтым, таппадым. Жоғалтқан жеріме қайта барсам, Эмма мені іздеп, күтіп тұр екен. Өмірімде есімде қалған қатты қуанған кезім осы шығар. Ол өскеннен кейін үйді өзі тауып келетін болды.
Итімнің жеке төлқұжаты бар
Эмманың жеке төлқұжаты бар. Сол арқылы жылына 1 рет дәрігерге көрсетіп тұрамын. 6 айлығында алғаш рет екпе жасаттық. Енді оны жылына 1 рет қабылдайтын болады. Екпенің бағасы 5 мың теңге тұрады. Ол итті қояншық болудан, түрлі вирустардан, аурулардан қорғайды. Әдетте үй жануарларына ауру қаңғыбас иттерден жұғады. Егер ит кез келген жерді тістелей берсе, құтырынып, бір орында жата алмаса, асқазаны біртүрлі дыбыс шығарса денсаулығында кінәрат бар деген сөз. Мұндай жағдайда тез арада ветеринарлық бөлімшеге апару керек. Эммаға дейін бізде Эспониель деген итіміз болды. Оны көшеден тауып алғанбыз, аң аулауға икемі болды. Кейін аңшыларға беріп жібердік.
Эмма — менің қозғаушы күшім
Алғаш ит асыраймын дегенімде әжем қарсы болды. Дегенмен, әжем менің иттерді қатты жақсы көретінімді біліп, рұқсатын берді. Егер мен жер үйде тұрсам итіме ауладан сапалы, үлкен үйшік құрып сонда ұстар едім. Ит асырау менің жауапкершілігімді арттырды. Мені белгілі бір тәртіппен, режиммен жүруге үйретті. Бір сөзбен айтқанда, Эмма — менің қозғаушы күшім. Одан кейін, иттің арқасында қызығушылығымыз бірдей достар таптым. Эмма үйде жалғыз қалса, қайда жүрсек те сенімді жүреміз. Ол жақсы күзетші де бола алады.
Данияр өз қолымен пісірген тамақты өз аузынан жырып Эммасына берсе, тағы бір кейіпкеріміз Адиля иті үшін еденіне кілем төсеуден бас тартқан.
Адиля. 19 жаста. Мамандығы — есепші. Итінің аты – Луи. 11 айлық.
Алматыда 3 бөлмелі, көпқабатты пәтерде анам, ағам және 9 айдан бері отбасымыздың бір мүшесіне айналған Луимен бірге тұрамыз. Луидің шығу тегі Сібірде. Тұқымы – хаски. Оны маған туған күніме жігітім сыйлады. Жоғары бизнес академиясы колледжін есепші мамандығында аяқтадым. Луи үйде жалғыз қалмауы үшін қазір жұмыс істемеймін. Себебі, ол жалғыздықтан қорқады, кішкентайынан солай үйреніп қалған. Тіпті 5 минутқа дүкенге шығып келгеннің өзінде үйді шашып тастайды. Луи өте мейірімді, көп ашуланбайды, бірақ бір ашуланса жаман. Бір өкініштісі ол үре алмайды. Кішкентай кезіндегі иесі оның дыбыс шығару түтігін кесіп тастаған. Негізі мұндай иттердің басқалардан ерекшелігі де сол, керемет дауысында болатын. Ол Сібір хаскиі болғандықтан қасқыр тектес келеді. Олардың қасқырға ұқсас ерекше үні болады. Ересектермен де, балалармен де ойнағанды, олардың құшақтағанын жақсы көреді. Хаскиді Америкада бала бағушы ретінде көп асырайды. Американдықтар балаларын хаскиге сеніп, тапсыра алады.
Күніне екі мың теңгеге 4 рет тамақтанады
Луи ағаммен бірге таңғы сағат 6:00-де ұйқыдан оянады. Ағам 6-8:00-ге дейін жүгіруге шыққанда итті де серуендеуге өзімен алып кетеді. Мен олар келгенде, сағат 8:00-де оянамын. Өйткені ағам жұмысына кетеді, ал мен Луиді тамақтандыруым керек. Оған күніне 4 рет тамақ беремін. Әдетте бауыр, кейде сиыр етін жейді. Күнделікті тамағына 1500-2000 теңге жұмсаймыз. Күндегі 4 мезгіл жейтін асын күнде сатып аламыз. Ол дәретке шыққысы келсе бізге келіп, тістелей бастайды, өзі белгі береді. Сол үшін түскі сағат 12:00-де далаға шығарамын. Кешкі 18:00 немесе 19:00-де саябаққа достарымен ойнауға алып келемін. Түнгі 23:00 кезінде тағы да аулаға шығарамын.
Луи үшін едендегі кілемді жинап тастадық
Луи біздің үйдің кішкентайы, отбасымыздың бір мүшесі болып кетті. Ол менің бөлмемде, өзімнің жанымда ұйықтайды. Луиді жарты жылда 1 рет жуындырамын. Ол біздің үйге 2 айлығында келді. Сол кезде біз едендегі кілемдерді жинап тастадық. Себебі оның жүні кілемге жабысып қала берді. Әрі едендегі жүнді жинау, кілемге қарағандай оңай. Кейін біз де үйде аяқ киіммен жүретін болдық.
Хаски еркіндікті сүйетін ит. Егер олар бір рет қашып кетсе қайтып келуі екіталай. Қыс мезгілі болатын, қарғуынан босап кетіпті. Сөйтіп Луиді жоғалтып алдым. Оның үні де шықпайды. Қатты қорықтым, ол менің жігітімнің аманаты болатын. 2 сағат іздедік. Іздемеген жер қалмады. Сөйтіп Луи сол маңдағы оқушылардың қолына түсіпті. Біз барлық жерде «Луи, Луи қайдасың?» деп айқайладық. Бір кезде оқушылар «біз мындамыз» деген дыбыс шығарды. Солай тауып алдық.
Дәрігердің әр қабылдауы 5 мың теңге тұрады
Луи біздің үйдің мүшесі болғалы 2 рет ауырды. Біріншісінде, оған кене жабысып, қанына дейін еніп кеткен. Сол кездегі Луидің хәлі әлі көз алдымнан кетпейді. Тәбеті болмады, тек үнсіз бір орында жата берді. Дәрігерлер мұндай аурумен ауырған иттің тірі қалуы екіталай деген. Бірақ, Луи мықты күш-жігерінің арқасында өлім аузынан аман қалды. Екінші рет ауырғанда ол қатты күйзеліске түсіп кетті, тамақ ішеді де жата берді, бір сөзбен айтқанда ештеңе істеуге құлқы болмады. Оны африкалық ит «Ричбэг» қауып алған еді. Дәрігерлердің айтуынша, Луи содан кейін психологиялық шок алған. Сөйтіп ветеринарлық бөлімшеге апарып, емдеттік. Дәрігердің әр қабылдауы 5 мың теңге тұрады. Және оған жасалған әр екпеге 5 мың теңге төледік. Луи үшін барлығын жасауға дайын болдым.
«Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық»
Луи мені тәрбиелейді десем қателеспеймін. Ол мені кез келген нәрсеге жауапкершілікпен қарауға үйретті. Оны уақытында тамақтарып, уақытында серуенге алып шығу мені нақты режимде өмір сүруге үйретті. Луи менің балам сияқты болып кетті. Мысалы ағам оны сағат 8-де серуеннен алып келіп, жұмысына кетеді. Ал мен сол уақытта ұйқыдан тұруым керек болады. Содан бастап итті тамақтандырамын, үйдің тірлігіне ерте кірісемін. «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген мақал осыған байланысты айтылса керек. Ал, бұрын итім болмағанда түске дейін ұйықтап, жата беретінмін.
Қызметінің ауырлығына қарамастан 1 бөлмелі үйде ит асырап отырған Қадыр итімен бірге жуынады екен.
Қадыр. 33 жаста. Мамандығы – қаржыгер. Итінің аты – Зара. 2 жаста.
Көпқабатты үйдің 1 бөлмелі пәтерінде әйеліммен тұрамын. Сібірлік Зара атты итім бар. Тұқымы – хаски. Оны маған достарым сыйлады. Сыйлықты қайтаруға болмайды деген бар ғой. Сөйтіп Зара 1 жыл 9 айдан бері біздің отбасымыздың бір мүшесіне айналды. Итімнің мінезі өте күрделі, еркіндікті жақсы көреді, кейде өзіме де бағынбай кетеді. Дегенмен, ол адамдарға тиіспейді. Бар ашуын басқа иттерден алады.
Итіммен аптасына 1 рет душта жуынамын
Зара өзіммен бірге таңғы сағат 6:00-де ұйқыдан оянады. Өзім Алматы электростанция компаниясында бағалау мониторингі бөлімінің бас маманымын. Таңертең Зараға тамақ беремін да жұмысқа кетемін. Күніне 2 рет: таңертең және кешке тамақтандырамын. Ас мәзірінде: сиыр еті, бауыр, жүрек, кейде құрғақ жем бар. Оны сатып алу үшін аптасына 5 мың теңге жұмсаймын. Сөйтіп кешке 18:00-де жұмыстан келемін де Зараға тамақ беріп, далаға шығарамын. Ол достарымен ойнайды, жүгіреді. Сөйтіп 21-22:00-ге дейін серуендейміз. Аптасына 1 рет душта жуындырамын. Кейде өзім де бірге жуынамын. 2-3 рет өзім қарғуынан босатып жібердім. Зара өздігінен үйді тауып келді.
«Ит жүрген жерде періште жүрмейді»
Жұбайым кейде тамақ пісіріп беріп тұратыны болмаса итке қатты қызықпайды. Зараны көбіне өзім баптаймын. 2 жылға жуық уақыт ішінде Зара менің сенімді досыма айналды. Мен оны далаға тастай алмаймын. Өзімді тыңдау үшін кейде құйрығынан ұрып жіберемін. Үлкен ағам үйге қонаққа келсе итті жақтырмайды. Ол кісі намаз оқиды. Шариғатта ит жүрген жерде періште жүрмейді деген бар екен. Мен ондайға аса мән бермейін.
Мысық мұсылмандардың сүйікті жануары. Келесі кейіпкеріміз Тоғжан үшін мысығы Том өз баласындай болып кеткен.
Тоғжан. 20 жаста. Студент. Мысығының аты – Том. 10 айлық.
Көпқабатты үйдің 1 бөлмелі пәтерінде жұбайыммен бірге тұрамын. Түркиялық ангора тұқымынан шыққан Том атты мысығым бар. Ол өте қонақжай, адамдармен тез тіл табысады, үйге қонақ келсе барлығына еркелейді. Кейде мені қызғанады. Томды 2 айлығында жұбайымның ұсынысымен асырап алуды жөн көрдік. Сөйтіп OLX-тен тауып, көп балалы отбасыдан 1000 теңгеге сатып алдық. Жеке өзім мысық ұстап көрмеппін, бұрын ата-әжемнің үйінде болатын. Сонда қатты қызық көріп, ойнайтынмын.
Тотықұс немесе мысық
Мен де, жолдасым да үй жануарларын қатты жақсы көреміз. Алғашында жұбайым тотықұс немесе мысық асырап алайық деген ұсыныс тастады. Сосын мысыққа тоқталдық. Ол біздің үйге келгенде кішкентай болатын. Томға арнап арнайы шұңқыр, оның ішіне салатын құм сатып алдық. Аптасына 1 рет жуындырып, кептіргішпен денесін кептіремін. Құрғақ және сұйық жеммен тамақтандырдым. Құрғақ жем ыдысында үнемі салулы тұрды. Оның беткі қабатын күнде ауыстырып отырамын. Себебі жемнің балғын иісі болмаса жемей қояды. Ал, сұйық тамағын күніне 2 рет беремін.
Мысығыммен әңгімелесемін
Мысық мешітке кіре алатын жалғыз жануар. Сондықтан да ол таза болып есептеледі. Жұбайым жұмыстан кеш келіп қалатын кездер болады. Сол кезде жанымда Том болса жалғызсырамаймын. Үйде біреу бар деп сенімді жүремін, соған әңгіме айтамын. Одан кейін әрине мысық менің жауапкершілігімді арттырады. Оны уақытымен тамақтандыру, далаға шығару керек болады. Осы әдетім ертеңгі күні балалы болғанда да оң әсерін тигізетініне сенімім мол.