Курьер
Курьер болып жұмысқа тұру үшін арнайы тәжірибенің қажеті жоқ. Себебі бір мекен жайдан екінші мекен жайға құжатты, сыйлықты және тағы басқа заттарды жеткізу кез келген адамның қолынан келеді. Алайда жұмыстың бұл түрін шыдамды, сабырлы адамдар таңдағаны дұрыс. Сондай-ақ мүмкіндігіне қарай курьер бірнеше орынға жұмысқа кіріп, тапсырыс қабылдап, бәрін қатар істеуіне де болады. Бірақ үлкен көлемдегі сәлемдемелермен жұмыс істеу үшін курьерге жеке көлік қажет. Бүгінгі күні курьер іздестіруші мекеме жұмысшының жеке көлігінің болуын талап етеді.
Кондуктор
Ортақ транспорттарда жолаушылардың жолақысын төлегенін қадағалап, билетін табыстап жүретін бұл маман иелеріне тәжірибе қажет емес. Алайда кондукторлық қызметке физикалық тұрғыдан шыдайтын адамдар қажет. Себебі таңертеңнен кешке дейін транспорттың ішінде жолаушыларға аялдаманың атауын дауыстап айту да біраз күшті қажет етеді.
Сондай-ақ, байқасаңыздар, ортақ көліктердегі кондукторлар әр түрлі жастағы адамдар. Яғни, кондуктор болып зейнетке шыққан азаматтар да жұмысқа орналаса алады. Тек жолақысын есептеп, аялдамалардың атауын жаттап алса болғаны.
Даяршы
Бұл мамандыққа қойылатын негізгі талаптар — ұқыптылық, жағымды сырт келбет, физикалық және моральдық тұрақтылық. Күніне бірнеше сағат бойы келушілердің көңілін таба алсаңыз, онда сіз жақсы даяршысыз.
Онымен қоса даяршылар арнайы тәжірибе жинағаннан кейін ауқатты адамдар жиналатын мекемелерге жұмысқа орналаса алады. Аталған мекемелердегі даяршылық жұмыс көлемді жалақыны уәде ете алады.
Сондай-ақ, даяршылардың мейрамхана бизнесінде менеджерлік қызметке дейін көтеріліп, мансапқа қол жеткізуіне мүмкіндігі мол. Дегенмен, бұл үшін әрдайым жымиып, күніне 12-15 сағаттан жұмыс істеуіңіз керек.
Риелтор
Жылжымайтын мүлік агенттігіне жұмысқа орналасу оңай емес, өйткені оларға арнайы заңды білетін білікті мамандар қажет. Ал риелтор болу үшін арнайы талаптар қойылмайды, кем дегенде мүлікті сатуды және сөйлесудегі психологиялық негіздерді білуіңіз керек. Сондай-ақ риелтор жылжымайтын мүлікті сату және жалға алу бойынша транзакциялардан түскен пайызды алады. Бүгінде агенттердің пәтер немесе үй сатқанынан түсетін ақша бірнеше ондаған мың долларды құрайды.
Сатушы-кеңесші
Сатушы-кеңесші болып жұмыс істеу – адамдармен байланыс жасауды жақсы көретін және сатылым арқылы мансап құруды қалайтын адамдарға арналған. Мұнда ең бастысы — тауарлардың параметрлерін басшылыққа ала отырып, басқа тауарлардан қандай артықшылықтарымен ерекшеленетінін түсіндіру.
Басқаларға қарағанда ірі желілерде тұрмыстық техника мен электроника сатушылары қомақты сомада жалақы алады. Сонымен қатар, тауар таңдауға көмектесе білетін және оны дұрыс ұсына алатын білікті маман осы салада өз мансабын құра алады.
Материал авторы: Еңлік Сақтан