Осыған дейін ІІМ өкілдері оқиғалардың ретін және қылмыскерлердің көзі жойылғанын хабарлаған болатын.
5 маусымда сағат 14.28-де (Ақтөбе уақыты бойынша) діни радикалдар тобы қаруларды алу мақсатында «Паллада» дүкеніне шабуыл жасады. Сонымен қатар, қылмыскерлер дабыл батырмасын басқан сатушыға бірнеше жерден пышақ салып, салдарынан ол сол жерде қаза тапты.
Шақырту бойынша оқиға орнына «Жедел Күзет» ұйымының екі қызметкері келіп жетті, олардың бірі сол жерде қаза тапса, екіншісі ауыр жарақат алды. «Паллада» дүкеніне келген полицейлерге қылмыскерлер қарсылық танытып, атыс кезінде үш полицей жарақат алды.
Осы дүкеннен қылмыскерлер 17 дана оқ ататын қару (3 иір ойықты мылтық пен 14 тегіс ұңғылы қару), 3 газды қару, сонымен қатар, патрондар мен пышақтар алып кеткен.
«Паллада» дүкеніне шабуыл жасағаннан кейін қаруланған қылмыскерлердің екі топқа бөлініп кеткені белгілі болды.
«Қылмыскерлердің 6 адамнан тұратын бір тобы ұрланған патрульдік автокөлікпен тағы бір қару-жарақ дүкені — «Пантераға» шабуыл жасап, екі адамды пышақтаған. Олардың бірі сол жерде қаза тапса, екіншісі жарақат алды. «Пантера» дүкеніне келген полиция қызметкерлері атыс кезінде үш қылмыскердің көзін жойып, біреуін ұстады. Тағы біреуі жарақат алды, екі қылмыскер жасырынып үлгерді. Қаруланған олар бірнеше уақыттан кейін қала сыртында өлтірілді. Қылмыскерлердің екінші тобы қоғамдық көлікті басып алып, жолаушыларды түсіріп жіберген. Өздері басып алған автобуспен олар Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімінің қақпасын бұзып өтіп, сол жерде полицейлермен және әскерилермен атысты. Қарқынды қарсылыққа тап болған қылмыскерлердің бір тобы қоршауға алынса, екінші тобы жасырынып қалды», — деді ІІМ өкілі Алмас Сәдуов.
Атыс барысында бір қылмыскердің көзі жойылып, біреуі жарақат алған. Ұлттық ұланның әскерилерінен 3 адам қаза тауып, 6 адам жарақаттанды. «Паллада» дүкенінің қасында жүргізілген іздестіру шаралары барысында полицейлер осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 5 адамды ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізді», — деді ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Сәдубаев.
Түнгі жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлерге қарсылық танытқан тағы 5 қылмыскердің көзі жойылды, 2 қылмыскер ұсталды. Қылмыскерлерден ұрланған қарудың көп бөлігі тәркіленді.
«Қарулы шабуыл жасаған қылмыскерлердің аты-жөні толықтай анықталды. Оларды іздеу және ұстау шаралары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында контртеррорлық операция режимі енгізілді. Операцияға елдің ішкі істер органының жеке құрамы толықтай жұмылдырылды. Ақтөбедегі жағдай тұрақты, кәсіпорындар мен қоғамдық көліктер күнделікті режимде жұмыс істеп тұр», — деді ол.