«Зиянкес жәндіктердің ішінде итальяндық шегірткелер 6-7 жылда бір 10 есеге дейін өсіп отырады. 2012 жылы 8-10 мың гектар аумаққа жайылса, биыл алтыншы жылдың реті келіп тұр. Сондықтан биыл 87 мың гектар жерге жайылады деп күтілуде», — ҚР АШМ Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы инспекциясы өсімдіктер карантині және фитосанитарлық бақылау бекеттері жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы Азамат Жанахметов.
Зиянкестермен күреске республикалық бюджеттен 39 миллион теңге қарастырылған.
Азамат Жанахметовтың айтуынша, шегірткелердің ең үлкен көлемі Павлодар ауданында — 30 мың га, Қашыр ауданында — 29 мың га байқалады. Оған қоса, облыстық бюджеттен өзге де зиянкестерге қарсы жұмыстар жүргізу мақсатында 23 мың гектар жерге қаржы бөлінген. Өңірде аса қауіпті зиянкестерге қарсы — 2,6 млн га алқапта, зиянды ағзалар бойынша 1,1 мың га алқапта фитосанитарлық шаралар жүргізіледі.
«Мемлекеттік запастағы жерлер бойынша және барлық аса қауіпті зиянды ағзаларға қарсы шаралар мемлекет есебінен өткізіледі. Ал, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер өз жерлерінде зиянды ағзалар бойынша шараларды жеке есептерінен жүргізеді. Оларды әр аудандағы белгіленген инспекторлар заң бойынша бақылауға алады», — деді Азамат Жанахметов.