Синоптиктердің мәліметінше, Сібірдің солтүстік аудандарындағы антициклон еліміздің солтүстігіндегі ауа райына қатты ықпал етті. Соның салдарынан бірнеше күннен бері бұл өңірде ауа температурасы климаттық нормадан 5-10 градусқа төмен болып тұр.
«19-21 қараша аралығында антициклонның әсері күшейеді, соған байланысты ауа температурасы төмендеп, кей жерлерде 28-31 градус аяз болады», — деп хабарлады метеорологтар.
Айта кетейік, еліміздің оңтүстігіне Каспий теңізінің оңтүстігінде қалыптасқан циклон жылжиды. Осыған байланысты күн ала бұлтты болып, жаңбыр жауып, арты қарға ұласады. Алайда ауа температурасы климаттық нормадан 2-4 градусқа жоғары болады.
Еске сала кетейік, бұған дейін синоптиктер қараша айында ауа райының қандай болатынын айтты. Болжам бойынша, күздің соңғы айы қарашада ауа райы жауын-шашынды болады, жел күшейіп, тұман түсіп, көктайғақ күтіледі.