ӘЧ-2018: Испания мен Португалия тең түсті

Португалия мен Испания құрамалары футбол жанкүйерлеріне естен кетпес қызықты матч сыйлады.

Ең алғаш қауіпті шабуыл кезінде Криштиану Роналдуға қарсы Начо Фернандес ереже бұзғандықтан, испаниялықтар қақпасына 11 метрлік айып добы белгіленді. Оны 4-минутта команда капитаны Роналду қалтқысыз орындап, есеп ашты. Тынымсыз шабуылдаған Испания қарсы шабуылдан тағы да гол жіберіп алуы мүмкін еді. Алайда Диего Коста, араға жиырма минут салып, 24-минутта екі орталық қорғаушының қоршауынан сытыла беріп, оң аяғымен қақпаның оң жақ төменгі бұрышына күшті соққы бағыттап есепті теңестірді. Келесі жиырма минуттық арпалыстан кейін Криштиану Роналду тағы да командасын алға бастады. Ол айып алаңы сызығынан кенет соққы беріп, Де Хеаны састырды. Қолайсыз траекториямен келген допты қақпашы қайтара алмай қалды — 2:1. Командалар үзіліске осылай кетті. 55-минутта Диего Коста Серджи Бускетстің пасынан кейін тағы да есепті теңестірді. Небәрі үш минут өтер-өтпесте Начо айып алаңынан серпіліп шыға берген допты айып алаңының сыртынан оң аяғының сыртқы тобығымен шиыра теуіп, турнирдің ең керемет голын (әзірге) соқты.

Португалия ойынның соңына дейін есепті теңестіру үшін бар күшін жұмсады. Испанияның орта шебі тығыз болғандықтан, бұл тұстан жарып өту мүмкін емес еді. Португалиялықтар сол себепті екі қанаттан ортаға ойысқан жоспарлы шабуылдарын үдете түсті. Сондай шабуылдардың бірінде Роналдуға қарсы тағы да ереже бұзылып, айып добы белгіленді. 88-минутта Криштиану сол айып добын керемет орындап, турнирдің алғашқы хет-тригінің иесі атанды. Командалар осылайша 3:3 есебімен тарқасып, бір-бір ұпайдан бөлісіп алды.

ДереккөзInform.kz