Қалтаңыз көтеретін көлікті қалай дұрыс таңдауға болады?

Дұрыс таңдау жасаудың жолы қарапайым: жай ғана ақылға қонымды нәрсені ойлаңыз. Өз таңдауыңызға қаншалықты көп терминдерді қоссаңыз, соншалықты дәл таңдау жасайсыз.

Көлік таңдау кезінде алдымен не нәрселерге көңіл аудару керек:

  1. кузовтың көлемі мен формасына;
  2. қозғалтқыш қуатына;
  3. пакет пен опцияларға;
  4. қанша шақырым жүрілгендігіне;
  5. бағасына.

Әрине, бұл ерекшеліктерге көңіл бөлместен бұрын бірінші «сізге көлік қандай мақсатта керек?» екенін біліп алыңыз. Ол үшін мына сұрақтарға жауап беріп көріңіз: не, кіммен, қайда, қашан?

Көп көліктің ішінен сіз үшін ең ыңғайлысын таңдау үшін ол арқылы нені, қайда, кіммен және қашан тасымалдайтыныңызды біліп алыңыз. Осы сұрақтардың жауабы сіздің шаруаңызды бітіруге көмегін бере алатын автокөлікті таңдауға көмегін тигізеді.

көлік сату/сатып алу
Автокөлік. Фото:Baribar.kz

Кузов

Егер сіз көлікті жалғыз жұмысқа баруға немесе бір-екі жолаушымен жүруге қолданатын болсаңыз шағын седан түрін алғаныңыз жөн. Оған қоса, көлік көлемі қаншалықты кіші болса, автотұрақтардан орын табу да соншалықты оңайға соғады.

Ал егер сіз тұрақты түрде саяжайға баратын болсаңыз бұл — басқа жағдай. Ондай кезде балаларды, туыстарды, киімдер мен басқа да заттарды көлікке сиғызуға тура келеді. Бұл ретте сізге артқы есігі көлемдірек көлік қажет.

Әлбетте, мұндай көлемі үлкен көліктер шағын седанды көліктерге қарағанда қымбатырақ болады. Бірақ оларды өз қажетіңізге дұрыс жарата білсеңіз ақшаңыздың еш кетпейтінін есте сақтаңыз.

Қозғалтқыш қуаты

Адамдар арасында қозғалтқыш қуаты көліктің отын шығынының азайтады деген пікір бар. Әрине, бұл пікір өте орынды. Себебі көлік бағасы да осы қозғалтқыш қуатына тікелей байланысты.

Ал сіздің қала ішінде көлікпен жылдам немесе баяу жүретініңіздің қозғалтқышқа еш қатысы жоқ. Бірақ қала сыртындағы ұзақ жолда жүретін болсаңыз, ол – бөлек әңгіме. Ондай жағдайда тез әрі ыңғайлы жүру үшін қозғалтқышқа қосымша ат күші қосылады. Алайда  отын шығыны тек қозғалтқышқа ғана қатысты емес. Одан бөлек ол көліктің салмағына, оның техникалық жағдайына, қозғалыс тәртібіне де байланысты.

матор
Фото:Интернет желісінен алынды

Пакет және опциялар

Көліктің жайлы және қосымша құрылғыларының бар болуы үнемі артық қаражат талап етері сөзсіз. Мұндай жағдайда электрлік терезелер, жылжымалы айналар, ауа баптау құрылғысы және тағы да басқа қосымшаларды сіздің қалтаңыз көтере ме соны ойлаңыз. Минималды ғана артықшылықтары бар көлік пен өзіңіз қалаған барлық қосымшаларды бар көліктің бағаларын салыстырып көріңіз. Мүмкін сіз үшін терезе көтергіш құрылғаға босқа қаржы құртпау — ақылға қонымдырақ шығар.

Беріліс қорабын таңдау да осы қағидаларға негізделеді. Әрине, автоматты қораптың ыңғайлы екені сөзсіз. Әсіресе, қаланың ішіндегі кептелістер кезінде қораптың бұл түрі өте үлкен көмегін тигізеді. Егер сізде мұндай қорапты автокөлік сатып алуға қосымша қаржыңыз болса тіпті керемет. Егер мұндай қорапты көлікті қалтаңыз көтермесе, механикалық қорапты көлікті алсаңыз болады.

Қанша шақырым жүрілген

Екі-үш жыл бойы айдалған көліктер жаңа автомобильдерге қарағанда 20-25%-ға арзан тұрады. Мұндай көліктің бір артықшылығы: зауыттан шыққан кездегі ақаулары көліктің бірінші иесі кезінде анықталып, жөнделген. Яғни, сіз барлық ақаулары жойылған көлікті аласыз.

Егер сіз су жаңа көлік мінгіңіз келсе, ол қалауыңыз үшін артық ақша төлеуге тура келеді. Есте сақтаңыз, егер сіз көлікті ұзақ уақыт пайдалануға алатын болсаңыз, жаңа автокөлікті таңдауға кеңес береміз.

Меншік пен пайдаланудың өзіндік құнын бағалаңыз

Автокөлік сатып алу — шайқастың тек жартысы ғана. Ал оны пайдалану, тіпті оны қарапайым иелену жүйелі шығынды талап етеді.

Жүрілген жолдың ұзақтығына байланысты шығындар

Бұл шығындар қаншалықты көп болса, сіз көлікпен соншалықты ұзақ жүресіз. Бұған бензин мен майлау материалдарының шығындары, мерзімді жөндеу және тежегіш түйреуіштер мен дискілер, шиналар, шыны тазалағыштар және т.б. секілді үнемі ауыстырып отыруды талап ететін автобөлекшектер кіреді.

Тұрақты шығындар

Мұнда жол салығы, көлікті сақтандыру және тексеруден өткізу құны кіреді. Олардың құны қозғалтқыштың қуатына (салыққа), автокөлік иесінің тіркелген жеріне және басқа да жағдайларға байланысты және олардың бағасына әсер ету мүмкін емес.

Көлік таңдау кезінде осы шығындар жайлы ойлаңыз. Яғни, сіз қозғалтқышының көлемі кіші көлік таңдайтын болсаңыз, салықты азырақ төлейсіз.

Автокөлік үшін төленетін салық және басқа да міндетті төлемдер саны өте аз. Бастысы, олар туралы есте сақтаңыз, бірақ оларға көп мән бермеңіз.

Жөндеу

Соңғы үлгідегі көліктер шыдамды әрі көп жөндеуді қажет етпейді. Бірақ кез келген техника секілді олардың да кейде жөндеуді талап ететін кездері болады.

Көлігіңіз қаншалықты қымбат болса, оның жөндеуіне соншалықты көп қаражат кететінін ұмытпаңыз.

Артық ақша құртпаудың тағы бір амалы – отандық көлік алу. Оның артықшылықтары көп. Мәселен, көлігіңіздің кішкене бұзылған жерлерін үйде өзіңіз-ақ жөндеп ала аласыз. Тіпті болмай жатса, көлік жөндеу орталықтарына апарып оңай әрі тез жөндетіп алуға мүмкіндік бар. Ал шетелдік қымбат көліктерді өз үйіңізде жөндей алмайсыз. Тіпті, оларды жөндеу үшін апаратын көлік жөндеу орталықтары да қымбат тұрады.

Өз идеалыңыздағы машинаны таңдаңыз

Сіз өзіңіздің автокөлігіңіздің қажеттіліктері туралы көптеген сұрақтар қойдыңыз және оларға шынайы әрі нақты жауап бердіңіз.Енді олардың барлығын бір суретке жинап, өз қалауыңыздағы мінсіз көлікті таңдаңыз.

Бастысы, ақылға қонымды нәрсе ойлаңыз және көліктен мүмкін емес заттарды талап етпеңіз.

Мысал 1. Сізге жылына бір немесе екі рет отбасымен бірге саяжайға демалу үшін көлік қажет.Ол үшін автокөлікте артық заттарға арналған орын жеткілікті болуы керек. Не болмаса сіз жазда теңізге барғыңыз келсе, ыңғайлы сапар үшін міндетті түрде көлікте ауа баптау құрылғысы болуы қажет. Дәл осы жағдайда көліктегі басқа құрылғылар мен қосымшалар сіз үшін маңызды емес.

Мысал 2. Егер сізге қала ішіндегі жүріс-тұрыс үшін автокөлік қажет болса, электрлік рулі бар шағын автокөлікті іздеңіз. Сонда сіз қаладағы кептелістер мен тар көшелерде еркін жүре аласыз.

Сіз автокөліктің қандай болғанын қалайтыныңызды білсеңіз, онда ол көліктің бюджетін де білесіз. Ондай жағдайда қолайлы моделді таңдау қиынға соқпайды.

Пайдалы кеңестер:

  1. Көлік таңдау кезінде туыстарыңыз бен достарыңыз түрлі ақыл-кеңестер айтары сөзсіз. Бірақ, олардың ішінен тек фактілерге ғана назар аударыңыз;
  2. Автомобиль сиппаттамасындағы кез келген нәрсенің бір қолайлы, бір қолайсыз реті болады. Мысалы, көлемі кіші көліктің салоны тар болуы мүмкін, бірақ ол отын шығынын азайтады. Сіз үшін қайсысы маңызды?
  3. Қателесуден қорықпаңыз, себебі көлік мәңгілік емес. Бұл жолы қателессеңіз, келесі жолы дұрыс таңдау жасарсыз.

Аударған Нұрбол Шыныбай