Астананың 20 жылдығына орай «Астана тарихы» атты квест бастау алды

«Тапсырма ала отырып қала тарихымен танысудың жақсы мүмкіндігі. Бұндай ерекше шараны өткізудің бастаушысы қала әкімдігі. Біз өткен тарих пен қазіргі күнгі жетістіктерді қосып IT технологияны қолдана отырып жасап шықтық», — деді шараны ұйымдастырушы, «Взаперти» компаниясының өкілі Исабай Есмағамбетов.

Оның айтуынша, қатысушылар 5 кезеңненн өтуі тиіс. Олар 10, 17, 23, 24 маусымда және қорытынды шара 1 шілде күні өтеді. Осы күні ойынымыздың жеңімпазы анықталады.

Байқауға катысушылар түрлі форматтағы тапсырмаларды берілген локацияларда орындауы тиіс. Мысалы, бүгін «Бәйтерек» монументі алдынан бастау алып «Мәскеу» бизнес орталығы, министрліктер үйі, «Астаналық» және «Хан шатыр» СОСО-ға жетулері тиіс.

«Шатасу және келіспеушілік болмау үшін әр локацияда екі координатор тұрады, олар уақытты белгілеп келесі тапсырманы береді», — дейді И. Есмағамбетов.

Оның сөзінше, байқауға қатысушылар тапсырмаларды QR-код пен жасырылған конвертте алады, оны сканерден өткізіп, тапсырманы орындауға кіріседі.

«Осындай шараларға қатысып ондағы тапсырмаларды орындау арқылы біз қаламыздың тарихы туралы мол мәлімет аламыз. Біз квестке жиі қатысамыз, демалыс күндерін көңілді және тиімді өткізу үшін осындай шаралар жиі өтсе деген тілегім бар», — дейді квестке қатысушы Юрий Васильев.

Жеңімпаздар ақшалай марапатталады. Бірінші орын алған топқа – 300 мың теңге, екінші орынға – 200 мың теңге, үшінші орынға – 100 мың теңге беріледі.