Неміс компаниялары Каспийде 30 млрд еуроға шипажай салмақ

Игілікті істі қолға алған неміс инвесторлары Маңғыстаудың «Кендірлі» шипажайын жер шарына әйгілеуді жоспарлап отыр. Каспий теңізінің жағасында орналасқан «Кендірлі» шипажайы 200 мыңдай тұрғыны бар шағын қалаға айналады. Жоба бойынша мемлекет бұл мекенге мектеп, аурухана, балабақша салып береді.

Ал көпшілік үшін көңіл көтеріп, бой сергітетін коммерциялық орындар мен қонақ үйлерді неміс инвесторлары қаржыландырмақ. Бұл мақсатқа олар 600 миллионнан 30 миллиард еуроға дейінгі қомақты қаржы жұмсауды жоспарлап отыр. Тіпті жобасын Берлинде көрсетіп үлгерген.

«Бір нысанның құрылысына 2000 адам тартылады. Ал 4 жылдан соң үш бірдей қонақ үй пайдалануға беріледі. Біз Қазақстанда жұмыс істеуге мүмкіндік алғанымызға қуаныштымыз. Себебі бұл елдің табиғи көркі көз тартады. Жалпы Қазақстан әлем елдері үшін ашық әрі қолайлы мемлекетке айналуда», — дейді Analoga GmbH компаниясының басшысы, инвестор Герхард Лойбл.

Еліміздегі инвестициялық ахуалдың игілігін германиялық көлік құрастырушы CLAAS компаниясы да сезініп келеді. Ауыл шаруашылығы техникаларын жасаушы ірі кәсіпорын 15 жылдан бері қазақстандық шаруалармен жұмыс істейді. Бүгінге дейін оларға 700-ден астам астық жинаушы комбайн мен трактор сатқан. Енді елімізге өндірістің өзін әкеліп, көлік құрастыруды жоспарлап отыр.

«Қазір екіжақты келіссөздер жүргізіліп жатыр. Біз Қазақстан нарығында ұзақ уақытқа қалғымыз келеді. Инвестиция апарып, тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетпекпіз. Шаруалар CLAAS техникасын қолдану арқылы сапасына алаңдамайтын болады», — дейді CLAAS компаниясының экспорт жөніндегі аймақтық менеджері Алексей Зонин.

Германиялық кәсіпкерлер Қазақстанға еш күмәнсіз қарайды. Оның үстіне ел нарығымен етене таныс. «Мұнда кез-келген бизнесті өрістету үшін бар жағдай жасалған» дейді шетелдіктер.

«Қазақстан – Орталық Азиядағы қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Сондықтан бұл мемлекеттің нарығы тартымды. Әсіресе ауыл шаруашылығында мол тәжірибесі бар. Арадағы әріптестікті одан әрі дамыту екі жаққа да тиімді. Жалпы еліміздегі неміс инвестициясының 90%-ы өңдеу өнеркәсібіне бағытталған. Ал соңғы екі жылдың бедерінде екіжақты 72 келісімге қол қойылды. Биыл да қос мемлекет 4 миллиард еуроға жететін маңызды меморандумдарды іске асырмақ», — дейді Шығысеуропалық неміс экономикасы қауымдастығының директоры Уте Кохловски-Каджая.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский