Осындай мейрамның тағайындалуы тегін емес. Бір мағынасы — қоғамның назарын отбасыға байланысты мәселелер мен отбасы құндылықтарын нығайту. Мемлекеттің іргесінің беріктігі мен дамуы отбасыға тікелей байланысты. Отбасы қоғамның бөлігі ретінде адами, мәдени құндылықтардың, ұрпақтар сабақтастығының ұйытқысы, тұрақтылық пен дамудың кепілі. Барлық уақытта мемлекеттің дамуын оның отбасыға деген көзқарасына, қоғамдағы орнына қарап өлшеген. Адамның өмірі отбасыдан басталып, азамат ретінде қалыптасуы да соған байланысты.
Сонымен бірге, отбасы маңызды әлеуметтік бірлік ретінде заңмен қорғалған. Қазақстан Республикасы Конституциясының 27 бабында оған байланысты келесідей баптар қарастырылған:
- Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттік қорғауында;
- Баланы бағу және тәрбиелеу ата-аналардың табиғи құқығы және міндеті;
- Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-аналарын бағуға міндетті.
Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Қазақстан халқына Жолдауында іргесі берік қоғам құрудағы әйелдердің рөлі ерекше көрсетілген. Әйел отбасының, ендеше — мемлекеттің іргесі деп танылған. Жаңа кезеңдегі әлеуметтік саясаттың маңызды бөлігі — ана мен баланы қорғау болып отыр.
Қазақстан 2012 жылдың 14 ақпанында аналарды қорғау жөніндегі Халықаралық Еңбек Ұйымының Конвенциясын ратифицикациялады. Қазіргі таңда Қазақстан осы Конвенцияның аналарды қорғау жөніндегі барлық шарттарын орындап келеді, атап айтқанда — жүкті болуына байланысты еңбек демалысының ұзақтығы мен сақтандырылған еңбекақы көлеміне байланысты жәрдемақы төлеу механзимдері бар.
Қазақстанда Тәуелсіздік жылдарында балалары бар отбасыларды әлеуметтік қорғау ісін елдің экономикалық жағдайының жақсаруына байланысты шыңдап отырды. 2003 жылдан бері ана мен баланы қолдау үшін жәрдемақының тек екі түрі болса, 2010 жылдан бастап әлеуметтік көмек түрлері көбейді.
Қазір, Мемлекеттік Әлеуметтік Қорғау Қорына жұмыс берушілері әлеуметтік төлем жасап келген жұмыстағы әйелдер. жүктілігі немесе тууына байланысты еңбекке жарамсыздық парағын алу кезінде, жүктілігі немесе тууына байланысты әлеуметтік жәрдемақы алуға өтініш бере алады.
Бала туғаннан кейін сәбидің әкесі немесе шешесі еңбек етуіне байланыссыз, республикалық бюджет есебінен бала тууына байланысты мемлекеттік жәрдемақы тағайындауға өтініш бере алады; олардың мөлшері:
- Бірінші, екінші, үшінші балаға — 30 айлық есептік көрсеткіш;
- Төртінші балаға — 50 АЕК;
- Екі немесе одан көп бала туғанда, көрсетілген жәрдемақы әр бала үшін тағайындалады.
Жұмыстағы әйелдер бала күтіміне қордан жәрдемақы алуы үшін бір жыл ішінде өтініш бере алады, оның мөлшері — бала туғанға дейінгі 24 күнтізбелік айдың ішінде орташа есептегі, қорға әлеуметтік аударымдар ұсталған табыстың 40 процентін құрайды. Екі немесе одан көп бала туғанда, көрсетілген жәрдемақы әр бала үшін тағайындалады.
Ал жұмыс істемейтін әйелдер мен студенттер бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы тағайындау үшін, бала 1 жасқа толғаннан бастап республикалық бюджет есебінен келесідей мөлшердегі ақы алуға өтініш бере алады:
- Тұңғышы үшін – 5,5 айлық есептік көрсеткіш;
- Екінші балаға – 6,5 АЕК;
- Үшінші балаға – 7,5 АЕК;
- Төртінші немесе одан жоғары – 8,5 АЕК.
Алғашқы жарты жылдықта республикалық бюджеттен бала тууға байланысты 192,3 мың адамға жәрдемақы төленіп, ол 10,1 млрд теңгені құрады. Аталған мерзім ішінде бала күтіміне байланысты жәрдемақымен 146,9 мың адам қамтылып, оған 12,3 млрд теңге жұмсалды. Жалпы, 2005-2012 жылдар арасында қордан төленген жалпы сома 285,2 млрд теңгені құрады, оның ішінде ана мен баланы қолдау үшін — 264 млрд.
Мүгедек балаларды әлеуметтік қолдау мақсатында 2010 жылы мүгедек баланың асыраушысына арналған бір ең төменгі жалақы көлеміндегі ай сайынғы жәрдемақы енгізілді. Екі жыл ішінде республикалық бюджет төлемнің осы түріне 20 млрд теңге жұмсады, ал бірінші жартыжылдықта орташа есеппен 58,1 мың адам 6,3 млрд теңгеге жәрдемақы алды. Сонымен бірге, аз қамтылған отбасылар табысына байланысты ай сайын дербес әлеуметтік көмек және ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы ретінде 18 жасқа дейінгі әр бала үшін 1 АЕК көлемінде жәрдем ала алады.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамту туралы» жаңа Заңына сәйкес, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі болған, 5 бала туған немесе асырап алған және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген аналардың 53 жаста зейнетке шығу құқығы сақталған. Бұл шара ана болу жағдайын жақсартып, көпбалалы отбасылардың болуына ықпал етеді. Бұған қоса, бірегей зейнетақы тағайындау кезінде, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін жұмыс істемейтін әйелдің бала күтіміне кеткен уақыты да есептеледі, бірақ әр бала үшін 3 жыл және жалпы мерзімі 12 жылдан аспайтын мерзім ғана есептеледі.
Қазақстанда отбасының нығаюына, қоғамдағы бай дәстүрді сақтап, молайтуға көп көңіл бөлінеді. Ал оның түпқағызы — көпбалалы отбасылдар. Айталық, бала тәрбиесіндегі көпбалалы аналардың маңызды рөлін мойындау ретінде, 2010 жылдан бастап «Алтын алқа» тағайындау үшін көпбалалы ана деп мойындау шегі 10 баладан 7 балаға дейін түсірілді; ал «Күміс алқа» үшін — 8 баладан 6 балаға дейін түсірілді. Сонымен бірге ай сайынғы мемлекеттік арнайы жәрдемақы мөлшері 3,9-дан 6 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейтілді. Төрт немесе одан көп кәмелетке толмаған балалар үшін 3,9 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі мемлекеттік арнайы жәрдемақы да бар.
Мемлекеттік жәрдемақы көлемі — айлық есептік көрсеткіш пен ең төменгі жалақы мөлшеріне тәуелді екені белгілі. Бұл мөлшерлер республикалық бюджет туралы жыл сайынғы заңдарда сәйкесінше мерзімге дейін бекітіліп тұрады. Сондықтан тағайындалған және тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері де жыл сайын артып отырады. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінде әйелдердің немесе отбасылық міндеттері бар басқа да тұлғалардың ерекшелігі реттелген, ендеше әйелдерге өздерінің аналық міндетін атқара жүріп жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған.
Отбасы күнін тағайындауда үлкен мән бар. Себебі отбасының — кез келген ұлттың рухын қалыптастырудағы және дамытудағы маңызы зор. Жалпы алғанда — отбасы, әйел мен бала — ажырамас ұғымдар, сондықтан ана мен баланы әлеуметтік қолдау мемлекетіміздің отбасының нығайтудағы басымдық берген бағыты. Қазақстанда Отбасы күнін тойлау отбасы институтын, парасатты, рухани байлықты, жұп болудың маңызын нығайтуға бағытталған.