ОҚО-да жетім балаларға 100 оқу гранты және 90 пәтер беріледі

«Елбасымыз өз сөзінде ұрпақ болашағына аса мән беріп, «Елімізде туған әрбір баланы мемлекет өз қамқорлығына алуға тиіс» деген болатын. Міне, осы бағытта облыста мемлекеттік бағдарлама аясында 2016-2017 жылдары 142 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға үй берілді. 2018 жылы 90 бала үйлі болады. Сондай-ақ жыл сайын балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, жоғары оқу орындарына облыс әкімінің білім гранттары бөлінуде. Мәселен, өткен жылы 95 грант бөлінсе, биыл 100 грант қарастырылған. Білімді болыңдар! Сендердің еліміздің беделді азаматы болатындарыңа кәміл сенемін», — деді Жансейіт Түймебаев.

Сондай-ақ аймақ басшысы түрлі байқауларда топ жарып жүрген өнерлі балалар үйінің 10 оқушысын «Алғыс хатпен» марапаттады. Одан бөлек, жиынға қатысқан барлық балғындарға түрлі ойыншықтар, кинотеатрға және Астана қаласына жасалатын үшкүндік экскурсияға (50 балаға) билеттер үлестірді.

ОҚО әкімдігінен мәлім еткендей, шара барысында балаларға арналған мерекелік дастархан жайылып, концерттік бағдарлама қойылды. Сонымен қатар, балалар Жайлаукөл демалыс аймағындағы аттракциондарда көңіл көтеріп, асфальтта сурет салу байқауына қатысты.

Айта кетейік, ОҚО-дағы 3 млн халықтың 1 млн 240 мыңнан астамын 18 жасқа дейінгі балалар құрайды. Облыста 2648 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала болса, оның 2068-і қорғаншылық және қамқоршылыққа, 184-і патронаттық тәрбиеге өткен. 349 бала үйлерінде тәрбиеленуде.

Дереккөзkazinform.kz