Президентіміздің Жолдауларындағы басты нысан - қарапайым адамдар. Барлық өзгерістер мен секірістер, бағдарламалар мен нұсқаулар тек осы қатардағы азаматтардың мүддесі үшін жасалады.

Ол туралы Президентіміз – Үкімет отырысындағы сөздерінен бастап, университеттердегі баяндамаларында нықтап айтып жүр.

Ал қарапайым азаматтың тұрмысының басты көрсеткіші – аймақтағы ахуал. Республикалық деңгейдегі мегаполистердегі тұрмыс әрине, жалпы ахуалды көруге мүмкіндік бермейді: мұндай орталықтарда тұрмыс деңгейі елдегі орташа көрсеткіштен жоғары болатыны тарихи шындық.

Өткен аптада Президентіміз ерке Жайықтың бойындағы мекен Оралға ат басын тіреді. Аймақтағы ахуалмен өз көзімен танысу – Елбасының жұмыс стилі. Батыс Қазақстанның орталығының өнеркәсіп ошақтарын, Орал қаласындағы бірқатар әлеуметтік және мәдени нысандарын жеке аралап шықты.

Ең алдымен Президент үй жиһазын жасайтын «Квант» ЖШС-ның өндіріс алаңын аралап, құрастырмалы жиһаз дайындаудың технологиялық тұрғыдағы егжей-тегжейімен танысты. Елбасына бұл серіктестікің ағымдағы қаржылық-шаруашылық ахуалы баяндалды. Кәсіпорын басшылары өндірісін бұдан әрі қарай кеңейту жоспары мен өнімдердің ассортиментін ұлғайту жөніндегі жоспарларын да жасырмады. Сонымен бірге, аймақтың бүгінгі жалпы әлеуметтік-экономикалық ахуалы, атап айтқанда – өнеркәсіп саласындағы, Елбасымыз үнемі айрықша мән беретін – шағын және орта бизнес ағымдағы күйі мен даму әлеуеті де мемлекет басшысының назарына ұсынылды. Бүгінде мемлекет деңгейінде өзекті деп танылған индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бұл кәсіпорында да бар екен.

Батыс Қазақстан облысы, оның ішінде Орал қаласы қарқынды дамып келеді. Облыс басшылығының аймақтың экономикасын диверсификация жасау жолында атқарып жатқан еңбектері жиі айтылып жүр. Мысалы, жобалар ішінде – дизель жағармайдың құрамдас бөліктерін сумен тазартуға арналған, химия өнеркәсібі, тамақ өнеркәсібіне байланысты – ұн өнімдерін шығару, тері өңдеу, тұрмыстық қалдықтарды финдік әдіспен өңдеу арналған бірақатар жобалар назарға ұсынылды.

Батыс Қазақстан Облысы – өңдеу өнеркәсібіне ден қойған өңірлердің бірі. Елбасы барған «Жайық Агро» LTD зауыты осы жұмыстардың көрінісі. Құс етін өндіруге және сатылымға дайындауға машықтанған бұл кәсіпорында мемлекет басшысы өндіріс жөнінде бірқатар мағлұматқа қанық болды. Кәсіпорын өкілдері өздерінің өндіріс қуаты мен сауда-саттықтағы ахуалды баяндап берді. Бұларға қоса, республика аймақтарында әлдеқашан танымал бренд болып үлгірген өнім өндірушілер – «Кублей», «Мясодел» кәсіпорындары мен, жалпы, облыстағы ет дайындау және сату ісіндегі жетістіктер әңгіме болды.

Батыс Қазақстан – ауыр машина жасау ісінде дәстүрі бар мекен. Мұнда осы күнге дейін әскерімізді кемелермен қамтамасыз етіп келе жатқан “Зенит” зауыты мен Ғылыми-зерттеу институты бар. Ендеше, Президентіміз ат ізін салған келесі нысан – «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-ы болды. Мұнда қонақ ретінде келген мемлекет басшысы аталмыш компания жасап, отандық өнім өндіруші ретінде аймақтағы мұнай компанияларын қамтамасыз етіп жүрген мұнай өнімдерін өндіретін және тасымалдайтын жабдықтардың, сонымен қатар – атыс қаруы мен оқ-дәрілердің дайындалу процесін шолып өтті. Бұдан кейін аймақта танымал «Агран» құрылыс материалдары кәсіпорнының қызметкерлері де ЕЛбасымен жүздесу мәртебесіне ие болды. Шыны, металл бұйымдарымен қабырға, шатыр қаптамалары мен басқа да материалдарын шығаратын бұл кәсіпорын да үлкен жоспарларын жайып салды. Кәсіпорын басшылары мемлекетіміздің инвестициялық бағдарламаларына қатысып, өзінің өндірістік қуатын арттыру жоспарларын паш етті. Дайын өнім түрлерін мемлекет басшының назарына ұсынатын импровизацияланған көрме де ұйымдастырылған екен.

Орал қаласындағы тұрғын үй коммуналдық ахуал әрқашан өзекті мәселе болған. Елбасы коммуналдық соңғы уақыттарда болған оң өзгерістерді өз көзімен көруге қаланың орталығына барды. Осы жерде ол мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының орындалу барысы мен Орал қаласының жалпы даму жоспарымен танысты. Бұл орайда Президент ескірген ғмараттар мен үйлерді бұзып, жаңа үйлер салу, әлеуметтік мақсаттағы нысандар үшін инвестиция тарту амаладары жөніндегің есепті де тыңдады. Осы тұста мемлекет басшысының тұрғындармен кездесуі де болды. Қалалықтар Елбасының «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасымен таныс екен, ол үшін жүрекжарды алғыстарын жеткізді. Мемлекет басшысы өз кезегінде елде қолға алынып отырған әлеуметтік бағдарламалар бүкіл қоғамның, оның ішінде жастардың кезек күттірмейтін мәселелерін шешуге бағытталғанын сөз етті. Оларды жүзеге асыру үшін бейбітшілік пен келісімнің бүгінгі мамыражай қалпын сақтаудың маңызына тоқталып, мемлекетіміздің бұдан әрі қарай нығая түсуі үшін аймақтық және халықаралық байланысты күшейтудің басты мәселе екеніне ерекше атап өтті. Қала тұрғындарымен кездесудің соңында Президент БҚО облысы тұрғындарына лебізін білдіріп, оларды елімізді дамытуға белсенді қолғабыс етуге үндеді.

Елбасының БҚО сапары Жастар және оқушылар сарайында жалғасты. Мұнда Президент білім, денсаулық салаларын цифрландыру жөніндегі жобалардың жүзеге асу кезеңімен танысты. Мемлекет басшысы сонымен бірге осы нысанда БҚО белсенді жастарымен жүздесіп, мамандарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың жай-жапсары жөнінде әңгімелесті.

“Мектептер мен университеттер ғылыммен айналысуға бағдарланып отыр. Қазіргі жағдайда адам өмір бойы білім алуға тиіс. Бес-алты жылдан кейін бүгінгі көптеген мамандық жойылып, орнына жаңа мамандықтар пайда болады. Біздің бар үмітіміз – жастарда. Қарқынды дамып келе жатқан әлемнен қалып қоймауымыз үшін не істеу керектігін сіздер әрдайым ойлап жүресіздер деп сенемін”, – деді ол осы нысандағы түйінсөзінде.

Бұдан әрі қарайғы жұмыстар облыс басшылығына нағыз сынақ болды деуге болады. Себебі БҚО облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізіліп, мұнда облыс әкімі Алтай Көлгіновтің 2017 жылдың және биылғы алғашқы тоқсанның салыстырмалы қорытындысы жөніндегі тыңдалды. Облыс әкімі сонымен бірге мемлекет басшысының берген нақты тапсырмалары мен нұсқаулары бойынша да баяндама жасады. Есеп қорытындысы бойынша Президент өнім шығару үрдісінің аймақта жолға қойылғанын атап өтіп, әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысына жақсы пікірде екенін жеткізді.

“Бүгін облыстағы нысандарды аралап көрудегі мақсатымыз – мемлекеттік бағдарламалардың, соның ішінде жақында қабылданған «Бес әлеуметтік бастаманың» іске асырылу барысымен танысу. Оларды жүзеге асыру қоғам өміріне оң әсерін тигізеді”, – деді мемлекет басшысы.

Президент «Қазақстан – 2050» стратегиясында межеленген мақсаттарға қол жеткізу үшін еліміздегі барлық облыстың жұмыстарының маңызды екеніне нұсқады. БҚО-ның экономикалық негізгі көрсеткіштері өсіп келе жатқанына ерекше тоқталып өтіп, аймақ тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстарды үдете түсуге нұсқау берді.

“Азаматтардың әл-ауқаты тұрғын үй құрылысына да байланысты болады. Соңғы бес жылда облыста 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгені қуантарлық жайт. «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асыру арқылы біз құрылыс қарқынын арттыратын боламыз”, – деді Елбасы.

Аймақтағы проблемалар жөнінде де сөз болды. Шағын және орта кәсіпкерлікті демеу, ауылшаруашылықты дамыту, ауылшаруашылық өнімдерін қосымша еңбек үлесін қосып дайындау, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың әлеуметтік ахуалына да тоқталып өтті. Экономиканың жаңа секторларында заманауи өндіріс орындарын ашу жөніндегі жұмыстарды жандандыру және аймақта қазір жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарды дамыту облыс басшылығына тапсырылды.

Облыста «жасыл экономиканы» жаңа технологиялар мен әдістерге сүйене отырып дамытудың міндетті екені де айтылды. Бұған қоса, ауыл жастарының жұмыссыздық проблемасын тілгие тиек етіп, оларды мемлекеттік бағдарламаларға мейлінше кіріктіру қажеттігін нұсқады. Аймақтағы шағын және орта бизнес секторындағы елді-мекендердің үлесінің теңсіздігіне де тоқталды.

“Орал қаласы мен Бөрлі ауданы шағын және орта бизнес өндіретін бүкіл өнімнің 90 пайызын өндіріп отыр. Қалған 11 ауданға 10 пайыз тиесілі. Адамдарға бизнеспен айналысуды үйретіп, кәсіпкерлерді қолдауға арналған қандай мемлекеттік бағдарламалар бар екенін көрсету керек. Бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау қажет”, – деді Президент.

БҚО – еліміздің ең маңызды шекаралас аймақтарының бірі. Сондықтан шекара маңында орналасу сияқты оңтайлы жайтты экспортты арттыру ісінде пайдалануды тапсырды. Сонымен бірге бұл жағдайда облысішілік инфрақұрылымның сапасы сәйкесінше болуы керек екеніне назар аударды. Сапар қорытындысында мемлекет басшысы берілген нақты тапсырмалардың орындауды қадағалап, есеп беріп отыруды нұсқады.