Басты бетАстананың 20...

Астананың 20 жылдық мерейтойына орай байқау жарияланды

Байқаудың ұйымдастырылып жатқанына биыл екінші жыл. 2017 жылы аталмыш байқау «Алматы мың бояулы қала» тақырыбында өткен болатын.

Байқау Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналып ұйымдастырылып отыр. «Астана – Ұлы дала елордасы» атты байқаудың негізгі мақсаты тілшілер қоғамын елорданың мерейтойы мен өмірі туралы жарықтандыруға жұмылдыру. Сонымен қатар байқауға Астана қаласының 20 жыл ішінде жеткен жетістіктері мен қоғамдық-саяси өмірі және әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жұмыстар қабылданады.

Байқау барысы келесі номинациялар бойынша қарастырылған:

  1. Үздік телевизиялық сюжет;
  2. Баспа басылымдарындағы үздік мақала;
  3. Үздік радиоматериал;
  4. Интернет-ресурстардағы үздік материал;
  5. Әлеуметтік желідегі үздік шығарылым;
  6. Үздік фотоматериал;
  7. Үздік вайн.

Жалпы, жүлде қоры 7 000 000 (жеті миллион) теңгені құрайды,  әр номинация бойынша 1 миллион теңге беріледі.

Конференцияның спикерлері Алматы қаласы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары – Кенжебулатов Еркебұлан Мейрамұлы; Актер, блогер, вайнер – Серік Шәріп; «Qadam Intech» қоғамдық ұйымының бас директоры – Дүйсепаев  Мақсат Абзалұлы болды. Аталған тұғалар тек қана спикерлер болып қана қоймай, аталған байқаудың комиссия мүшелері болып тағайындалды.

Байқауға қатысу үшін www.astana20jyl.kz. ресми сайтында онлайн өтініш қалдыру қажет. Өтініштер ағымдағы жылдың 15 маусымына дейін қабылданады.

Байқау комиссиясы диплом мен сыйақы алушыларды келесі белгілер бойынша іріктейді:

  • Материалдың дұрыстығы;
  • Өз ойын жеткізудің шеберлігі мен кәсіпқойлығы;
  • Материалдың қоғамда кеңінен талқылануы;
  • Жұмыстың шығармашылық өзектілігі;
  • Материалда көрсетілген жетістіктің өзектілігі және шығармашылық талдаудың тереңдігі.
Конференция
©inform.kz

Конференция барысында сөз бастаған Еркебұлан Мейрамұлы: «Қайырлы күн, әріптестер! Сіздерді Рамазан айымен шын жүректен құттықтаймын. Тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Енді, бүгінгі жиынымыз «Астана – ұлы дала елордасы» атты журналисттер мен блогерлер  аралық байқаудың  ұйымдастырылып отырғанын хабардар ету үшін өтіп отыр. Дәстүрге айналған бұл байқау, 2017 жылы алғашқы жұмысын бастаған болатын. Былтыр бұл байқау «Алматы мың бояулы қала» тақырыбында өткен. Осы жылы бас қаламыз Астананың 20 жыл мерейтойына байланысты ұйымдастырып отырмыз. Қазіргі таңда мен деген жастарымыздың барлығы әлеуметтік желілерде отырады. Яғни, аталған номинациялардың жұмыстары әлеуметтік желілерде кең көлемде талқылануы қарастырылады. Бүгінде әлеуметтік желілерде вайндар түсіріп, көпшіліктің көңілінен шығып жүрген қаншама жастарымыз бар. Жастарымыздың ойы креативті идеяларға толы, сонымен қатар шығармашыл әлемге жақын. Осы жандардың еңбектерін ескере отырып, осы жылдан бастап «Үздік вайн» номинациясын тізімге қосып отырмыз. Сонымен қатар, Астананың көркемдігін, әдемілігін халыққа сапалы әрі түсінікті етіп жеткізу үшін фотографтар да сынға түседі. Жалпы бұл үлкен байқау бұқаралық ақпарат журанлистеріне беріліп отырған үлкен мүмкіндіктердің бірі. Барлық қатысушыларға ескертілетін жайт, алынған тақырыптың дәл Астанамыздың соңғы жиырма жылда жеткен жетістіктері мен өзгерістерін кең көлемде, әдемі суреттеп жеткізу. Еліміздің астанасының тарихы жайлы сыр шертулеріне мән беріледі. Сондықтан да барлық журналистерді, блогерлерді осы байқауда бақтарын сынап көруге шақырамын. Бұл байқауға тек Алматы қаласының тұрғындары ғана емес, сондай-ақ еліміздің басқа өңірлерінің тұрғындары да бақ сынай алады. Байқауды 18 мамырдан бастап ашық деп жариялаймыз және байқау маусым айнының 15 жұлдызына дейін жалғасын табады. Барлық талаптарды байқау ережелерінен көріп, таныса аласыздар. Жалпы, конкурста тақырыптың барынша ашылуы және өзектілігі қарастырылады. Байқаудың әділ-қазы алқалары іріктеу кезінде және ақтық мәреде өз бағаларын беріп отырады. Сондай-ақ бұл байқауда бір емес бірнеше адам жеңіске жетуі мүмкін. Комиссия мүшелерінің шешіміне байланысты, егер бір номинация бойынша жеңіске екі немесе үш адам лайық болса, белгіленген миллион теңге  жеңімпаздарға теңдей бөлініп беріледі.  Барлығы уақыт еншісінде. Осында отырған барлығыңызды байқаудың қатысушыларының арасынан көрсем деймін. », — деді.

Ескерте кетсек, жас ерекшелігіне шектеу қойылмайды. Қабілеті бар кез келген адам бақ сынай алады.

«Құрметті прессконференцияның қонақтары! Бүгінгі жиында сіздерді көріп отырғаныма қуаныштымын. Жалпы, негізгі деректердің барлығын Еркебұлан айтып өтті. Яғни материалдар әртүрлі жанрда бағаланатын болады. Байқауға қатысу үшін www.astana20jyl.kz. ресми сайтында онлайн өтініш қалдыру қажет. Өтініштер ағымдағы жылдың 15 маусымына дейін қабылданады. Түсініксіз сұрақтарыңыз болса, осы сайтқа кіріп, қоюларыңызға болады. Өздеріңіздің контакті нөмірлеріңізді, почталарыңызды аталған сайтқа жіберсеңіздер толық мәліметті сіздерге жібереді», — деді Дүйсепаев  Мақсат Абзалұлы.

«Ассалаумағалейкум ханымдар мен мырзалар! Келіп жеткен ораза айы қабыл болсын! Менің ойымша бұл керемет күн болайын деп тұр. 7 миллион теңге үлкен көлемді қаражат. Алдыңғы жылы аталмыш байқау Алматының сұлулығынан бастау алса, осы жылы Астананың мерейтойына байланысты  өтейін деп отыр. Жалпы айтарым, осындай жоғары деңгейде ұйымдастырылар байқаулар көп болсын. Комиссия мүшесі ретінде байқауға тіркелген барлық материалдарды қабылдаймыз. Дегенмен де бастысы шығармашылық жағына басымдық береміз. Әрине әр адам жеңіске жетуге ұмтылады. Әйтсе де 7 номинация бойынша, тек 7 орын анықталады», — деді актер Серік Шәріп.

Былтыр шара барысында Алматы қаласының сұлулығы мен қала ерекшелігіне байланысты жоба қорғалса, осы жылы тақырып еліміздің астанасы – Астана қаласы жайлы болады.

Астана – Азияның солтүстігінде орналасқан елорда. Бүгінде қала Қазақстандағы ірі бизнес орталығының біріне айналып отыр. Астана – қазақ елі болашағының қаласы. Мәдениеттің ошағы, білім мен ғылымның ордасы. Еліміздің көгілдір туы желбіреген тәуелсіздігіміздің ордасы. Аз уақыттың іщшінде көркейіп, түрленіп, тәуелсіздігіміздің түлегі, Отанымыздың жүрегі – Астанамыз да елдігіміздің жаңа беттерін ашқандай, тәуелсіздігімізді әйгілеп тұр. Жастармызды болашаққа бастайтын бас қаламыз, арман қала -жас қаламыз -өнер, білім мен мәдениеттің, ғылымның ордасына айналуда.