Зейнетақы қорындағы ақшаны қандай жағдайда мерзімінен бұрын алуға болады?

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Аймақтық даму және клиенттер қызметінің басшысы Асхат Мұқамедовтың айтуынша, қазіргі таңда мемлекет зейнет жасына жетпей зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалануға мүмкіндік береді.

“Ол үшін азаматтар мемлекеттік сақтандыру компаниясымен зейнет ануитеті шартын жасасуы керек. Онда екі талап қойылады. Ер азаматтар 55 жаста және зейнетақы қорындағы ақша 9 миллион 636 мың теңге болуы керек. Ал әйелдер 50 жаста және зейнетақы қорындағы ақша 13 миллион 746 мың теңгеге жетуі тиіс”, — деді Асхат Мұқамедов.

Ерлер мен әйелдердің қорда жинайтын ақшасында айырмашылықтың болу себебін: «Оған біріншіден, ең төменгі зейнетақы мөлшерінің өсуі ықпал етіп отыр, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап оның мөлшері 33 мың 745 теңгеге артты. Екінішден, статистика бойынша әйелдер ерлерге қарағанда көп өмір сүретіні анықталған», — деп түсіндірді Мұқамедов.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Аймақтық даму және клиенттер қызметінің басшысының айтуынша, зейнетақы қорындағы ақшаны үш жағдайда алуға болады.

  1. Сақтандыру компаниясымен зейнет ануитеті шарты жасалуы керек;
  2. Түпкілікті қоныс аударған жағдайда қордағы ақшаны толық алуға болады;
  3. Адам қайтыс болған жағдайда мұрагері, яғни балалары зейнетақы қорындағы ақшаны түгелдей ала алады.

БЖЗҚ АҚ басқарма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаеваның айтуынша, зейнетақы жинағын мерзімінен ерте алу қоғамда екіұдай пікір туғызып отыр.

«Әлемнің кейбір елінде мұндай тәжірибе бар. Бірақ, ол елдерде бізбен салыстырғанда жинақ көлемі жоғары. Мысалы, Сингапурда зейнетақының салымы жалақының 40%-ын құрайды. Біздің елімізде де солай болса, қордағы ақшаны мерзімінен бұрын алуға болатын еді», – дейді ол.

Мұнымен қатар, БЖЗҚ басқарма төрайымы қазақстандықтардың орташа салымының көлемі 1 млн теңге екенін айтып өтті.

«Бұл қаржымен барлығын қамту мүмкін емес. Дәл қазір азаматтардың өмір сүру ұзақтығы 72 жас, ал әйелдердікі – 76 жас. Кей аймақта бұдан да ұзақ өмір сүріп жатыр. Енді 1 млн зейнетақының неше жасыңызға дейін жететінін көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Мұнымен қатар, 39 жасқа толмаған азаматтар шоғырландырылған зейнетақыны алмайды. Оларға тек базалық зейнетақы мен өздерінің жинаған сомасы беріледі. Яғни зейнетақы салымын зейнетке шықпай тұрып басқа мақсатпен алған дұрыс емес деп ойлаймын», – дейді Нұрбүбі Наурызбаева.

ҚР Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заңнамасына енгізілген өзгертулерге сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнет жасына жеткен қазақстандықтар ақшасын бұрынғыдай бірден емес, ай сайын алатын болады.