Фитнес түрлері бір мақсатты көздейді

Фитнес дегеніміз дене жаттығуларының белгілі бір түрлері ғана емес, адам ағазасының жаңарып отыруына септігін тигізетін спорт түрі.  Жалпы, фитнес әртүрлі бағыттарды қарастырады. Атап айтатын болсам: зумба, йога, шейпинг, пилатес, калланетика, стрип-пластика, аэробика, кардиострип, бодифлекс. Бұлардың барлығы да бір мақсатты көздейді. Яғни салмақ тастау, дене бітімін қалпына келтіру, салауатты өмір салтын ұстанып өмірімізді жақсы жаққа өзгерту. Бірақ көп қыздар фитнес залға бармай арықтаудың оңай жолдарын іздегенді жөн көреді. Оңай жолмен келген істің қайыры болмайды. Алғашында фитнеске бару қиындық тудыруы мүмкін. Алайда уақыт өте келе етіңіз үйреніп, өзіңіз іздеп тұратын боласыз. Барлығына да уақыт керек. Қазіргі таңда фитнес залдар да, фитнес түрлері де көп.

Салтанат Тазабек
Салтанат Тазабек, фитнес-жаттықтырушы ©Айгүл Хожантаева

Арықтауға септігін тигізетін жаттығудың бірі — Зумба

Қазіргі таңда «Fitnation» спортттық орталығында жұмыс істеймін. Бұл орталықта қыздардың фитнес жаттықтырушысымын, сонымен қатар 7-13 жас аралығындағы балалардың да ұстазымын. Балаларға би, денеге арналған созылмалы жаттығуларды және әртүрлі фитнес жаттығуларын үйретемін.

Қыздарға атап өткенімдей «Зумба» бағыты бойынша жаттығу жүргіземін. Бұл жаттығу бүгінде әлемде өте танымал фитнес бағдарламаларының маңызды бөлшегі. Зумба — хип-хоп билеріне негізделген ерекше заманауи билердің бірі. Бұл би түрі оңай қимылдардың, әртүрлі музыкалық ритмдердің, бөксемен жасалынатын қимылдардың көптігінің арқасында қазіргі таңдағы басты мәселелердің бірі – артық салмақтан арылуға зор ықпалын тигізіп қана қоймай көтеріңкі көңіл-күй, энергия сыйлап, күш қуатыңызды арттырады. Бұл биде Merenque, Salsa, Samba және Flamenco билерінің де қимылдары бар.

Бұл бидің жарты бөлігі бүкіл дененің қозғалуына септігін тигізетін қимылдар болса, жарты бөлігі денеге күш түсіретін ауыр жаттығулар жасаумен өтеді. Зумба биінің тағы бір ерекшелігі қан айналым жақсы жүріп, жүректі жұмысы жақсарып және тыныс алу жолдары толығымен ашылады. Көбінде адамдар офистерде жұмыс істейді. Сондықтан олар осы би арқылы стресс, жағымсыз эмоциялардың барлығын сыртқа шығарады. Күш беретін жаттығулар да жасаймыз. Бұл жаттығулар қол, аяқ, іш бұлшықеттерін қатайту үшін арналған.

Салтанат Тазабек
Салтанат Тазабек, фитнес-жаттықтырушы ©Жеке мұрағатынан

Спортпен тұрақты түрде айналысу керек

Маған қыздар әртүрлі мақсатпен келеді. Біреуі арықтау үшін белдегі, іштегі майларды кетірсем дейді, ал енді біреулер салмақ қосу үшін қатысып жатады. Әсіресе көктем, жаз айларында клиенттер саны көбейіп кетеді. Бірақ бұл әрекеттерін дұрыс деп санамаймын. Себебі спортпен жылдар бойы шұғылдану керек. 1 ай қатысу арқылы салмақ тастауға болады. Бірақ барлығы ретімен болғаны дұрыс. Біріншіден, салмақ тастауы тұрақты болу керек. Екіншіден, тұрақты тамақтану керек. Бірден салмақ тастау кез келген нәзік жандылар үшін өте ауыр тиеді. Жаттығудың дұрыс болмауынан көп жағдайда адамдар бірден салмақ тастап, артынша қайтадан салмақ қосып алып жатады.

Бұл жағдайдан кейін қыздардың терлері созылмалы болып, ішкі ағзаларына зиян тиеді. Осындай жағдайлар болмау үшін спортпен үнемі, тұрақты түрде шұғылданып тұрған дұрыс. Тіпті болмай бара жатса үй жағдайында таңертең ерте тұрып жүгірсе де пайдасы зор. Немесе жұмыс орныңызға бара жатқан жолда екі-үш аялдама ерте түсіп қалып, жаяу барсаңыз қаншама калориядан арыласыз. Тек жұмысқа қана емес, сондай-ақ кез келген жерге жаяу баруды жоспарлаңыз.

Салтанат Тазабек
Салтанат Тазабек, фитнес-жаттықтырушы©Айгүл Хожантаева

Тамақтану ережелері

Жаттығу залына келерде 1-1,5 сағат бұрын тамақтанып алғаныңыз жөн. Тамақтанғанның өзінде майлы тағамдарды жемеген дұрыс. Себебі жаттығу барысында ережені сақтамай тамақтану жүрекке кері әсерін тигізіп, ауырлық тудырады. Бірақ мұндай жағдайды көп қыздар түсінбей жатады. Жаттығу залына асқазан бірден қорытатындай жеңіл тағамдар жеген жөн. Мысалы, сорпа, айран немесе жеміс- жидектер мен көкөністерді жеуге болады. Егер адам салмақ тастаймын деп келген болса, жаттығудан кейін бір жарым сағат өткесін тамақтану керек. Ал керісінше салмақ қосамын десе жаттығудан соң бірден тамақтанғаны абзал. Сонымен қатар жаттығу уақыттарына да мән бергеніміз жөн. Жаттығу уақытыңыз кешкі жеті-сегіздерге дейін созылса онда тамақтанбау керек. Ал таңертеңгі жаттығудың пайдасы көп. Себебі, бұл уақытта адам өзін сергек сезінеді. Энергияны барынша көп жинайды. Таңғы жаттығудан кейін 1-1,5 сағаттан соң тамақтанамыз.

Суды жаттығу уақытында ішуге болады. Дегенмен аз мөлшерде, жылы күйінде ішу керек. Өйткені тамаққа суық тиіп, бірден ауырып қалуыңыз мүмкін.

Салтанат Тазабек
Салтанат Тазабек, фитнес-жаттықтырушы ©Айгүл Хожантаева

Көп қыздар бірден нәтижеге қол жеткізгісі келеді

Адамдар әртүрлі болып келеді. Біреулер табиғатынан дене жаттығуларна икемді болып келсе, енді біреулері үшін қарапайым жаттығуларды жасау қиынға соғады. Көп жағдайда қыздар жаттығу орталығына келгенде бірден барлық жаттығуды жасап, өздеріне ауыр жүктеме жасап алады. Бұл дұрыс емес. Ауыр жаттығудан адамның денесіне күш түсіп, бұлшық еттер ауырып қалады. Қандай жаттығу болмасын әрқайсысының өз мөлшері болады. Бастапқыда аз-аздан жасап, соңына таман біртіндеп қиындатуға да болады.

Енді созылмалы жаттығуларға келетін болсақ. Қыздар шпагатқа отырып, мостик жасауды қалайды. Бұл жағдай да адамның икемділігіне байланысты. Себебі, кейбіреулер жас та болса созылуы қиынға соғып, қолын аяғының ұшына да тигізе алмай жатады. Бірақ мұндай жағдайда оларды да қатты қинауға болмайды. Мен өзім жаттығу кезінде қыздарға орташа жүктеме беру арқылы еңкейіп, созылуларына көмектесіп тұрамын. Арықарай адамның қабылдап кетуі генетикасына және ынтасына байланысты.

Салтанат Тазабек
Салтанат Тазабек, фитнес-жаттықтырушы©Айгүл Хожантаева

Жаттығу залына неше рет барған дұрыс?

Жаттығу залына аптасына 3 рет барған дұрыс. Күнде жаттығу залына бару адамды автоматты түрде шаршатып жібереді. Өйткені адам бұлшық еті араға үзіліс салып, демалып тұру керек. Егер күніге баратын болса адам денесі стресске ұшырайды. Және ескеретін тағы бір жайт адам спортпен тұрақты түрде айналысу керек. Себебі бір ай жаттығу жасап, екінші айда тастап, үшінші айда қайта бастаса нәтиже болмайды. Аптасына үш күнді белгілеп, тұрақты түрде қатысса, үш айдың ішінде дене пішінің өзгергенін көреді. Сонымен қатар иммунитеті көтеріліп, түрлі аурулардың алдын алады.

Арнайы жаттықтырушымен дайындалған дұрыс

Қазіргі уақытта спорт саласы қарқынды дамып жатыр. Жастарымыздың басым бөлігі спорт саласына бет бұрып, барынша салауатты өмір салтын ұстануда. Бұл өте қуантарлық жайт. Мүлдем спортпен шұғылданбаған адам арнайы тренердің көмегіне жүгінгені дұрыс. Өйткені  әр адамның дене пішіні әртүрлі. Жаттықтырушы қандай жаттығулармен айналысу керек екенін нұсқап, айтып отырады. Қазір жаттығуларға байланысты интернетте бейнебаяндар көп. Дегенмен бейнебаяндағы жаттығу түрі ол сізге лайықты болмауы мүмкін. Себебі, сіз жаттығуды жасайсыз, бірақ оның дұрыс не бұрыс жасап жатқанын сыртыңыздан ешкім бақылап тұрған жоқ. Дұрыс жасамаудың әсерінен көп адамдар кері нәтижені алып жатады. Сондықтан бастапқы уақыттары, яғни бір ай жаттықтырушының көмегіне жүгінген дұрыс. Жаттығу түрлерінен хабардар болғаннан кейін, әлеуметтік желілердегі жаттығуларды қарай берсе болады.

Салтанат Тазабек
Салтанат Тазабек, фитнес-жаттықтырушы ©Айгүл Хожантаева

Тек жаттықтырушы ғана емес, кез келген саланың өз кәсіби маманы болады. Сол сияқты жаттықтырушылардың арасында да өз саласының шебері болады. Мен өзім жаттықтырушы ретінде қыздарға қалай тамақтану керек, қандай жаттығуды жасау керектігін айтып отырамын. Нәтижені көру үшін жаттығуға келген қыздардың алғашқы күндегі салмақтарын сонымен қатар бір ай немесе үш ай өткеннен кейінгі салмағын өлшейміз. Көп қыздар жаттығудан шығып, дұрыс тамақтанбай жатады. Бұл әрине оң нәтиже бермейді.  Біз тек бағыт бағдар беріп отырамыз. Ал нәтижесін көру кез келген адамның ынтасына, талпынысына, ниетіне, жаман әдеттерге шектеу қоя алуымен өлшенеді.

Мен негізі спорт саласына бірден келген жоқпын. Өзімді таба алмай көп іздедім деп айтсам болады. Бала кезіменен биге жақын болып өстім. Сондықтан биші болуды армандайтынмын. Дегенмен кішкентай болған соң ата – анам біз үшін шешім қабылдайтын еді. Анам менің медицина саласына барғанымды қалады. Сөйтіп ойламаған жерден медицина колледжіне түсіп кеттім. Бірақ медицина бойынша білім алып жүрген уақытымда жүрегім спорт саласын қалады. Дегенмен медицина саласы бойынша білім алып болғаннан соң, анама өзімнің мамандығым бойынша білім алғым келеді деп ескерттім. Анам келісімін берді.

Салтанат Тазабек
Салтанат Тазабек, фитнес-жаттықтырушы ©Айгүл Хожантаева

Оқу бітіргенннен соң бірден жұмысқа орналастым. Жұмыс істеп жүріп арманыма қанат бітіру мақсатында би залдарына барып жаттықтым. Биге адамдар тек арықтау мақсатында ғана емес, сонымен қатар биді ұнатып, қызығушылық танытатындар да қатыса алатын болды. Ол жерде үш жыл оқып, кейін Спорт және туризм академиясына оқуға түстім. Өз таңдауыма ешқашан өкінген емеспін.