Президентке Ахметжан Есімов «ЭКСПО-ны желіде жамандайтындар азайды» деп мақтанды

Бүгін президент ЭКСПО қалашығына күллі кабминді жинады. Әуел баста көрме туралы өрбуі тиіс әңгіме, Астананың проблемаларына келгенде қызды. Елордада отырып, әлі күнге «сасық ауа» жұтып отырмыз деген Назарбаев Астана әкімін сыбап алды. Есілдің иісі  кетпесе, кәріз суын жинайтын Талдыкөлге көмекшілеріңмен бірге көшіріп жіберемін деп шүйлікті.

Астананың шұрықтесік жолдары да ашуға тиген. Жөнделгеніне жыл өтпей елорда көшелерінің неге қирап қалатындығын әкімдіктегілер түсіндіре алмады. Тіпті, елорданың жауын кезінде шағын Венецияға айналатынын  шенділер білмейді  екен.

Ал Астанадағы саяжай тұрғындары жаппай көшетін сияқты. Президенттен әбден сөгіс естіген әкім екі жылда ескі үйлер түгел сүрілетінін айтты. Жоспар бойынша мемлекетке қажетті жерлердің барлығы тартып алынбақ. Әкімнің сәтсіз есебінен кейін министрлер кезек-кезек мінберге шықты. Жақсы жаңалықпен жағынайын деді ме, Сыртқы Істер министрі Қытайға визалық режимді жеңілдетуді сұрады.

Жаңадан келген соң болар , Сағадиев пен Бозымбаев көп сын астында қалмады. Есесіне «ЭКСПО» кезінде жұрттың бәрі көңілді жүретін болады деген уәдесіне қарамастан, мәдениет министрі де ұрыс естіді.

Мерекені шетелдіктер ұйымдастырмаса да, ЭКСПО құрылысы, дизайны өзге ел мамандарының мойнында екен. Көрмені CNN, Блумберг береді деп мақтанған Есімов «ЭКСПО-ны желіде жамандайтындар азайды» деп те арқаны кеңге салды. Ал президент орта жалақысы 190 мың теңге астаналықтарға жағдай жасау керектігін тағы ескертті.

Дереккөз31 арна