Катонқарағай ұлттық саябағы 2001 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы, Катонқарағай ауданында ұйымдастырылды. Жалпы ауданы 643 мың гектарды алып жатыр. Оның 215 мың гектарында орман орналасқан.

Мұнда 80 метр биіктіктен құлайтын Көккөл сарқырамасы, Арасан, Қара Берел, Рахман көлдерінің сарқырама тармақтары, Рахман қайнар бұлағы, Язевое көлі, Мұзтау, Берел қорымы бар.

Рахман көлін тұрғындары «өлі көл» деп атайды. Онда балық та, одан өзге тірі жәндіктер де жоқ, бірақ суы мөп-мөлдір. Суы өте суық. жаздың күндері — 10-12 градусқа дейін ғана жылиды.

Сонымен бірге Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы осы маңнан өткен. Ұлттық саябақ аумағында жаяу, паром, автомобиль, ат, автобус туризмі жақсы дамыған.

Катон-Қарағай ұлттық саябағының аумағы Алтай-Саян экоауданының қазақстандық бөлігіне кіреді. Онда флора мен фаунаның алуан түрлері шоғырланған, ішінде 30 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

Катонқарағайға қалай жетуге болады?

Катонқарағай – Ресей, Қытай және Монғолия елдерімен шектесіп жатқан құрамына Катонқарағай Ұльттық табиғи саябағы мен Марқакөл қорығы кіретін табиғаты ерекше жаратылған туристік аймақ. Аталған туристік аймағына баратын ойыңыз болса, келесі ақпарат сіздер үшін:

Алматыдан Катонқарағайға ұшақпен бару үшін билетті Өскемен қаласына дейін аласыз. Ол үшін «Эйр Астана», «Скат», «Бэкэйр» авиакомпанияларының қызметтерін пайдалануға болады. Ұшу ұзақтығы тікелей рейспен 1 сағат 15 минут, ал өзге қалалар арқылы 3 сағат 25 минутты құрайды.

Өскеменге қонған соң әрі қарай 500 шақырым жүру керек. Оған автобус немесе жеңіл автокөлікпен жетесіз. Өскеменнен Катонқарағайға дейінгі жол ұзақтығы автобуспен — 9 сағат, жеңіл көлікпен — 5,5 сағат.

Пойызбен барсаңыз да, дәл солай. Бекет тек Өскемен қаласында ғана бар. Chocotravel.com сайтынан пойыздардың жүру кестесін тексеріп, билет сатып алуыңызға болады. Алматыдан Өскеменге дейінгі пойыз жолы 24 сағатқа созылады. Темір жол бекетінен ары қарай автобус пен таксидің көмегіне жүгіну керек.

Катонқарағайға тікелей автобус рейстері де жоқ, сондықтан автобус билеттерін де Өскемен қаласына дейін алып, Катонқарағайға дейін басқа автобусқа отыруға болады. Автобустардың жүру кестесін автобекеттерден біле аласыз.

Ал аталған туристік аймаққа жеке көлікпен шығатын болсаңыз діттеген жеріңізге дейін 1 368 шақырым екенін есіңізге саламыз. Сағатына 70-80 шақырым жылдамдықпен жүрсеңіз, арасында тамақтануға тоқтайтын уақытыңызды қосқанда орташа есеппен 19,5 сағатта жетуге болады. Бұл жолға жеке көлігіңізбен шығуға аясаңыз, көлік жалдап алуға болады. Ол үшін сізге көлік жолдарының картасы қажет.

Катонқарағай еліміздегі туристік аймақ болғандықтан, ол жақтан тұрғын үй жалдауға, қонақ үйге орналасуға болады. Ол үшін интернет желілері арқылы нөмірлерді алдын ала брондап қойған жөн.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!