Амина Малгаждар: Ата-анам маған көп үміт артады

Амина Малгаждар
Амина Малгаждар ©Айгүл Хожантаева

Біз үш ағайындымыз. Менен кейінгі сіңілім Адия 5-те. Адия табиғатынан өте ерекше және бұзық қыз. Оның ойлауы, болашаққа көзқарасы мүлдем бөлек. Мінезі тік, өзгені ренжітіп аламын деп ойламайды. Бірнәрсені ұнатпай қалса бірден айтып, қалағанына қол жеткізеді. Қазір дайындық курсына барып жүр. Ал үйдің кенжесі Аружанның жасы 3-те. Ол балабақшаға барады. Ерке болған соң ба, бәріміз соның айтқанын істейміз. Аружанның айтқаны бәрімізге заң! Үйде ең бұзығы — Адия, ең пысығы — Аружан, ең ақылдысы — мен (күліп). Бірақ әкем бәрімізге бірдей қарап, ақыл-кеңесін айтып отырады.

Мен Алматы қаласындағы №15 гимназияның 1-сынып оқушысымын. Жасым 7-де. Әкеме ұқсағанмын, бірақ әкем мен анамның емес, әжемнің қызымын. Жалпы әкем оқу үлгеріміме қатты көңіл бөледі. Сондықтан үй тапсырмаларын бірге орындаймыз.

Шыны керек, әкем үшеумізді де қатты еркелетеді, бізбен бірге ойнайды. Сосын «еркеліктің де жөні бар» деп үнемі айтып отырады. Егер үйде жүгіріп, шулап, әкеме демалуға мүмкіндік бермей, мазасын алсақ, бізге ұрысады. Әкеміз ұрысқанда бәріміз бірден тынышталып қаламыз. Бірақ ұрысқаны көпке созылмайды (күліп). Мектепте болған қызық оқиғаларды да әкеме айтып отырамын.

Раман Малгаждар отбасымен
Раман Малгаждар отбасымен ©Айгүл Хожантаева

Әкем: «ақылды бол, ешкімді ренжітпе, кішкентайларға көмектес, үлкендерді сыйла», — деп айтады және бізді мақтан тұтады. Үйдің үлкені мен болған соң ба, ата-анам маған көп үміт артады. Және де бауырмашыл, тату болыңдар деп жиі айтады. Артымнан ерген сіңлілерім маған қарап бой түзейтін болғандықтан, сабақты жақсы оқып, оларға үлгі болуға тырысамын. Адия мен Аружан менің айтқанымды тыңдайды. Отбасымызбен бірге сенбі мен жексенбі күндері киноға, мейрамханаға, табиғат аясында серуендеуге, ойын-сауық орталықтарына барғанды ұнатамыз.

Ата-анам біздің жан-жақты болып өскенімізді қалайды. Сондықтан әртүрлі бағыттағы үйірмелер мен қосымша сабақтарға барамыз. Мысалы, ағылшын тілі, би, вокал және сән агенттігі. Сабақ оқу, қосымша үйірмелерге қатысу, түсірілімдерге бару секілді жұмыстардан бос уақытым көп бола бермейді.

Жалпы өзім сурет салғанды, кітап оқығанды және вайн түсіргенді жақсы көремін. Киноға қазірден бастап түсіп жүрмін. Көшеде мені адамдар танып, суретке жиі түсіп жатады. Болашақта әнші, актриса, тіпті кейде суретші де болғым келеді.

Адия Малгаждар: Мені бәрі «үйдің бұзығы» деп атайды

Рамазан Малгаждар қыздары Амина және Адиямен
Рамазан Малгаждар қыздары Амина және Адиямен ©Айгүл Хожантаева

Әпкем Амина екеуміздің арамыз 2 жас. Мені бәрі «үйдің бұзығы» деп атайды. Дегенмен әпкемнің айтқандарын тыңдап жүремін. Әкеміз бізді қазірден-ақ түрлі үйірмелерге қатыстырып жүр.

Әкемнің қызымын. Әкеммен жақсы сөйлесемін, ой-пікірімді ашық білдіремін. Негізі әкемнің мінезі қатал, бірақ үшеумізді де қатты еркелетеді. Жұмыстан үнемі құр қол қайтпай, неше түрлі тәттілер мен жеміс-жидектер әкеледі. Әсіресе, әкеммен бірге далада самокат теуіп, ойнаған ұнайды. Қысқасы, әкемді қатты жақсы көремін.

Қазір Амина екеуміз бірнеше үйірмелерге қатысып жүрміз. Қазақ тілін жетік білмегендіктен, Ләззат есімді тәрбиешім маған қазақ тілін үйретуде. Бізді халық Инстаграм желісі арқылы блогер ретінде таниды ғой. Сол үшін вайнды жиі түсіруімізге тура келеді. Шыны керек, мен бұдан шаршаймын. Сосын көңіл-күйіме қарай ата-анамның рұқсатымен басқа нәрсемен айналысамын.

Аружан Малгаждар
Аружан Малгаждар ©Айгүл Хожантаева

Үйдің кенжесі және ең еркесі мен. Әкем мен анам мені үнемі еркелетеді. Балабақшадан келгенде әпкелеріммен ойнаймын. Вайндарды әпкелеріммен бірге түсіреміз. Олармен уақыт өткізген қатты ұнайды.

Рамазан Малгаждар: Сабырлы, мінсіз әке болғым келеді…

Қыз тәрбиелеу оңай емес. Оларға ұрыса беру де ыңғайсыз. Егерде ұлдар болса, ұрысып, ұрып та алсаң болады. Оның үстіне үшеуінің мінезі үш түрлі. Амина ерте есейіп кетті де, бала боп еркелеп үлгермеді. Былтыр келіншегім қатты ауырып қалғанда Амина анасына көмектесіп, сіңілілеріне қамқор болды. Адия өте ерекше қыз. Тіпті әлемде мұндай қыз жоқ шығар (күліп). Мінезі ауыр, бірдеңе бүлдірмесе жүре алмайды. Егерде Адияның көңіл-күйі болмаса, вайн түсірілмейді. Яғни, видео түсіру үшін соның көңілін аулаумен боламыз. Бірақ өте пысық, қолынан бәрі келеді. Адияның өмірде болып жатқан жағдайларға көзқарасы мүлдем бөлек. Ерекше ойлайды, қызықты пікірлер айтады. Әрнәрсеге өзінің айтары бар, яғни біреудің ойымен келісе салмайды. Ал кенжеміз Аружан, үйде бастық. Бәріміз соның айтқанын орындап, еркелігін көтереміз.

Рамазан Малгаждар қыздарымен
Рамазан Малгаждар қыздарымен©Айгүл Хожантаева

Қыздарымды өте қатал, ұлдар сияқты тәрбиелеймін. Кішкентайларынан танымал болғаннан кейін, белгілі бір шектеу болу керек деп ойлаймын. Балаларға шектеу қоймасаң, жұлдыз ауруына шалдығып кетулері мүмкін. Мысалы, үйде шуламау керек, кешкі сағат 10-нан кейін ұйықтау керек, күніне 1 сағаттан артық телефон пайдалануға болмайды деген секілді талаптар қоямын.

Үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарау керектігін, мейірімді, еңбекқор, шыншыл болуға үйретемін. Олар әлі кішкентай болғандықтан, тамақ ішіп отырғанда ауыз толтырып сөйлемеңдер, үстел басында ойнамаңдар деп айтып отырамын. Ешқашан өтірік айтқызбаймын. Олар менің айтқанымды бұлжытпай орындайды. Қатты сөйлеп, ұрыссам, бірден қояды. Бірақ көп ұрыспауға тырысамын.

Раман Малгаждар отбасымен Аминка витаминка
Раман Малгаждар отбасымен ©Айгүл Хожантаева

Амина тұңғышымыз болғандықтан, ол біздің көмекшіміз. Көбіне Аминаны мен тәрбиелеймін, сосын ол өзі-ақ сіңілілерін тәрбиелеп жатады. Кейде қыздарға бірнәрсеге рұқсат бермей жатсам, олар анасына барып, қалағандарына үндемей қол жеткізеді (күліп). Таңертеңгісін жұмысқа кетіп бара жатқанымда Адия мен Аружан міндетті түрде алма шырынын, банан мен тәттілер алып кел деп тапсырып жібереді. Тапсырыстарын күнде алып келуге тырысамын. Бірақ кейде әкелмей қоямын. Себебі олар ақшаның еңбекпен келетінін түсінулері керек. Кешке үйге бәріміз бір уақытта келеміз. Сосын Аминаның сабағын оқытамын. Ата-аналар жиналысына да барып тұрамын. Басында Амина қазақ тілін дұрыс түсінбейтін. Бірден қазақ балабақшасына, сосын қазақ мектебіне бердік. Қазір қазақша жақсы сөйлейді.

Өзім өте қатал тәрбиеде өстім. Әкем ішкі істер министрлігінде жұмыс істегендіктен бе, інім екеумізді қатаң тәртіпте ұстады.

Амина, Адия және Аружан
Амина, Адия және Аружан ©Айгүл Хожантаева

Үйдегі негізгі талап — бір-бірімен тату болу. Үшеуінің өмірге деген көзқарастары, мінездері әртүрлі болғандықтан, өзара келіспей жатады. Әрқайсы өз айтқанын істеткісі келеді. Сондай кездері тату болыңдар, бір-біріңмен ұрыспаңдар, қамқор, кішіпейіл, кешірімді болыңдар деп айтып отырамын. Қыздарымның бауырмашыл болып өскендерін қалаймын. Әзірше үшеуі де өнер саласына жақын болғандықтан, шығармашылық жолды таңдайтын шығар деп ойлаймыз. Барынша дұрыс бағыт көрсетуге көмектесеміз. Қыздарға айтарлықтай шектеу қоймаймын.

Вайн түсіру неден басталды?

Үйде өзіміз видео түсіре беретінбіз. Оны достарымыз бен туыстарымызға жіберіп, бір күліп алатынбыз. Осылайша, видеолар жан-жаққа тарап, бәріне ұнай бастады. Сосын келіншегіме «үйде болғанда көбірек видео түсіре беріңдер, әйтеуір біреуі көпшіліктің көзіне түсіп, киноға түсіруге шақырып қалар» деп айттым. Олар вайн түсіріп бастағанда толықтай қолдадым. Себебі, өнер адамы болу, сахнада, теледидарда жүру менің арманым болатын. Қыздарымыздың вайн түсіруі әу бастан-ақ менің қалауым болды. Инстаграмнан түрлі видеолар көріп, қыздарымның да сондай видеолар түсіргендерін қаладым. Сол кезде келіншегім Адияны босанып, декреттік демалыста жүргенінде: «үйде отырып шаршадым, жұмысқа шығайыншы», — деп қоймады. Сосын оған: «сенің жұмысың балалар мен вайн түіру болсын, ал мен сендерді асыраймын», — дедім. Жұмысқа кетерде оларға «вайн түсіріп қойыңдар» деп тапсырма беріп кетемін де, келген соң бәріміз талқылайтын болдық. Осы іс басында келіншегімнің  хоббиіне, қазір жұмысына айналып отыр. Сценариінде өзі жазып, түсіріп, өзі өңдейді.

Қыздарымыздың бұл бастамасын туыстарымыз, ата-әжелері қолдап, бірден танымалдылыққа ие бола бастады. Қыздарымның мұндай еңбегін мақтан тұтамын. Бір кезде Амина теледидардан үнді биін үйреніп алып, достарымыздың тойында билеп берді. Адамдардың бәрі сол кезде жиналып, шапалақтап жатқанда, мен бір шетте қуаныштан жылап тұрдым. Одан кейін бірінші сыныпқа барғанда жыладым, бірінші рет киноға түскенде жыладым, қыздарымның жетістіктерін көріп осылай жылай беремін (күліп).

Раман Малгаждар отбасымен
Раман Малгаждар отбасымен ©Айгүл Хожантаева

Бірде қызық жағдай болды. Бір жерге барып едік, нақты не екенін ұмытып қалдым, Амина «неге олар бізге оны бермеді, неге өйтпеді» деп ашулана бастады. Не үшін саған оны беру керек десем, қызым маған «ну я же звезда» (мен енді жұлдызбын ғой) деді. «Сен жұлдыз болмауың да мүмкін, себебі бәрі сенің жанкүйерлеріңе байланысты. Егерде сен өзіңді осылай ұстайтын болсаң, жанкүйерлерің болмайды, әр адамның жұлдыз болатын уақыты келіп кетеді» деп айттым. Осы жағдайдан кейін қыздарым болашақта жұлдыз ауруымен ауырмайды деп ойлаймын.

Меніңше, бала мен әкенің арасында достық қарым-қатынас болған дұрыс. Бала ата-анасымен сырласа білу керек. Себебі баланың нағыз жанашыры — әке мен шеше. «Ата-ананың қадірін, балалы болғанда білесің» деген мақал бар ғой қазақта. Осы сөздің мағынасын балаң тіл алмағанда түсінеді екенсің. Шынымен, біз де бала болғанда ата-анамызды тыңдамадық. Енді ата-анамның қандай күй кешкенін түсініп жүрмін (күліп). Керемет әке ол — жұмыстан келіп, қыздарының беттерінен сүйіп, оларға ұрыспай, бірге теледидар көріп, үнемі айтқандарын істейтін адам. Барынша сондай әке болуға тырысамын, бірақ ондайға шыдамым жетпей, ұрысып жіберемін. Себебі олардың шулағандарына қарап, үндемей отыра алмаймын (күліп). Әйтпесе, сабырлы, мінсіз әке болғым-ақ келеді.

Рамазан Малгаждар жұбайы Арай Малгаждармен Аминка витаминка
Рамазан Малгаждар жұбайы Арай Малгаждармен ©Айгүл Хожантаева

Арай Малгаждар: Әке ретінде де, жар ретінде де Рамазан керемет адам

Әке ретінде де, жар ретінде де Рамазан керемет адам. Нағыз ер адам менің жолдасымдай болу керек деп айта аламын. Бұл қасиетін кездесіп жүрген кезде-ақ байқағанмын. Оған қарап, жар таңдаудан қателеспегенімді түсінемін. Басқа әкелер секілді «ер бала туып бер» деп айтқан емес. Үш қызымыздың барына шүкіршілік етеді. Қыздарын қатты жақсы көреді. Тосын сый жасаудан жалықпайды. Үйдің отағасы, біздің тірегіміз, мейірімді әке, керемет жар. Балаларды еркелетеді, бірақ қатал болатын жерде қатал болады. Демалыс күндерін міндетті түрде бірге өткіземіз. Қыздарымыздың тәрбиелі, мейірімді, қамқор, қолдары ашық болып өскендерін қалаймыз.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!