Басты бетВидеоҚазақстандық жұлдыздар...

Қазақстандық жұлдыздар жер саудасына қарсылық білдірді

Жай уақытта бастары көп біріге бермейтін әнші, актер, журналистер бұл жолы пікірлерін айтуға бірге жиналды. Өйткені, бәрінің де  талабы ортақ. «Жер жалға берілмесін» деген.

Жер жалға берілмесін Қазақстан жұлдыздары

СӘКЕН МАЙҒАЗИЕВ, Әнші: — Біреу ертең отқа май құйып жіберсе үлкен бір адам шығынына әкеп соқтыруы мүмкін. Сол үшін тез арада елдің бейбітшілігін қаласа, халық санының артқанын қаласа, кемімегенін қаласа, билік ертерек шешімін өзгертсе деген талап тілегіміз бар.

Жиналғандардың бұлайша дүрлігуіне әсіресе, Қытай инвесторларының қазірден-ақ қызығушылық танытып отыруы бір себеп. Жерді жалға беру- басы бүтін бергенмен тең деп есептейтін өнер иелері, ел болып қазір тойтарыс бермесек, кейін кеш бола ма деседі.

БАҚЫТ ТУШАЕВ , Актер: — Не үшін жалға беруіміз керек? Қытайлар 25 жылға  жалға алатын болса  оған соя егетін болса үш-ақ жылда жердің тас-талқанын шығарады. Он жылдық құнарын үш-ақ жылда жойып тастайды. Және ертең 10 жылдан кейін сол жерді өзімізге жалға бермесіне кім кепіл?

Ал актер Бекжан Тұрыс пен ақын Ринат Зайытов ел жанұшыра шулап жатқанда, үкіметтің сырғытпа жауаппен шектелуі халықтың  қарсылығын толқуға ұластырып жібере ме деп алаңдаулы. Сондықтан, бұл айтқандарымызды билік тарапы сес көрсету емес, ел мен үкіметті мәмілеге келтірудің жалғыз жолы деп түсінсе екен дейді.

БЕКЖАН ТҰРЫС, Актер: — Ашынып атқа қонған қазақтың алдында тұрма, тамтығыңды шығарады. Сондықтан соны ойлау керек. Халықты ашындырмау керек.

РИНАТ ЗАЙЫТОВ, Айтыскер ақын: — Халықтың үніне құлақ асып жатқан ешкім жоқ болғаннан кейін бұл осындай көтеріліске жетелейді. Халықтың ашуын тудырады.  Бұл туындап жатқан дүмпу енді өршімесе бәсеңсімейді. Ол халық ертең атамекен жері үшін, ұрпағына мирас болатын, қала берді өзі өлгеннен кейін көмілетін жері үшін ол аяғына дейін барады.

Қысқасы, елмен бірге екендерін білдіргісі келген танымал тұлғалар,  келесі жиында қайта жүздескенше деп тарқасты. Өйткені, белсенді топ, мұнымен тоқтап қалмақ емес екен.

СӘКЕН МАЙҒАЗИЕВ,  Әнші: — 21-не жұрттың бәрі жиналғалы жатыр. Алла нәсіп етсе бізде бой көтереміз. Ойымызды айтамыз. Бізде бұғып қалмаймыз. Өйткені, бұл біздің жеріміз. Ата-бабаларымыздан қалған жер.

https://www.youtube.com/watch?v=z8FQoW_C2U8

Дереккөз31 арна