Бас бет Таным Көп адам кеш түсінетін 15 өмірлік сабақ

Көп адам кеш түсінетін 15 өмірлік сабақ

"Тесік моншақ жерде жатпайды" дейді. Өмірлік кеңестер, өзгелердің сабағы сол тәрізді пайдасыз емес.

иллюстрация
Иллюстрация: Бекзат Исамберген

1. Денсаулық бәрінен маңызды

Адам иммунитеті 40 жасқа дейін түрлі аурулармен өздігінен күресетін қауқарға ие. Алайда осы жасқа жетпей ағзасын бұзатындар қатары аз емес. Қадірі өтпейінше бағаламайтын байлықтың бірі әрі бастысы – денсаулық. Қазақта “Дені саудың жаны сау” дейді. Денсаулықсыз бақытқа жетемін деу, әлбетте, қате түсінік. Өміріңізге жоспар құрсаңыз, соның басты бағытын “денсаулықты күту” бөліміне арнаңыз.

2. Cиқырлы сәтті күтпеңіз

Дүйсенбі, айдың бірінші күні, жылдың басы – көп адамның өзгеремін деп белгілейтін мерзімі. “Еріншектің ертеңі бітпес” дейді қазақ. “Келесі жолы” болатын сиқырлы сәтті күтіп, өмірін өткізіп алғандар қаншама?! Өміріңіздің өкінішке толы болмауын қаласаңыз, жетістікке қол жеткізуге қазір кірісіңіз.

3. Өмір тек бақыт не бақытсыздықтан тұрмайды

Ақ пен қараның арасында қаншама түс бар. Демек, жамандық пен жақсылықтың, бақыт пен бақытсыздықтың да арасы бір қадам емес. Тек қана бақытты күндерді көрген адам жоқ шығар. Сол себепті кей сәтсіздікті “бақытсыз ғұмыр” деп санаудан әсте қашық болыңыз.

4. Барлығын ретке келтіруге болады

Эмоция бар кезде, ақыл екінші орынға сырғиды. Адам қатты ашуланғанда, қайғырғанда, ессіз ғашық болғанда, ақылды адамның әрекетін жасаудан қалады. “Уақыт – емші” деп бекер айтпаған. Сабырға келгенде, ақылмен ойлап, қиындықтың барлығын шешуге болады. Бірақ біз олай ойламаймыз. Нәтижесінде қолды бір сілтегеннен, әрекетсіздікке жол береміз.

5. Барлық сұрақтың жауабын білу міндетті емес

Біреудің өмірі, өкініші мен бақыты сізді қызықтырмағаны жөн. Адамның білуі тиіс бір нәрсе бар. Ол – оның өмірлік мақсаты. Қазық қағылса, адасу ықтималдылығы да аз. “Бәрін білем деген – білімсіз”. Кей дүниеге көз жұма қараған жөн.

6. Өткенге өкінбеңіз

Өткенді еске түсіріп, қателіктерден сабақ алу – бір басқа. Ал “мынаны істегенімде, өмірім басқаша болар еді” деп налудың жөні бөлек. Мұндай негатив, пайдасыз ойлардан барынша аулақ болыңыз. Өкінішпен емес, алға жылжумен, ертеңгі күнге сеніммен өмір сүріңіз.

7. Көз қорқақ. Оның сізді жеңуіне жол бермеңіз

Адамның басты жауы – өзі. Жетістікке, қалағаныңызға қол жеткізбеуіңізге басқа емес, өзіңіз себепшісіз. Сол себепті қорқынышыңызбен күресуге кірісіңіз. Халық даналығында “Алынбайтын қамал жоқ” деген алтын түсінік бар. Көздеген мақсатыңызға жететініңізге алдымен өзіңіз сеніңіз. Қалғаны сіз ойлағандай болады.

8. Жұмысыңыз рахат сыйласын

Ең жиі айтылатын ақылдың бірі: өмірде мамандық таңдаудан қателеспеу керек. Құлағыңыз жауыр болса да, мұның шындық екеніне көз жұмбаңыз. Өйткені өміріңіздің көп бөлігі жұмыста өтеді. Сол себепті бақытты өмір сүруді қаласаңыз, өзіңіз ұнатқан іспен ғана айналысыңыз.

9. Тоқтай біліңіз

Өмір ағыс сияқты: оянамыз, тамақтанамыз, жұмыс істейміз, демаламыз. Күнделікті қайталанатын ритмді тоқтата біліңіз. Әр уақыттың өзіндік ерекшелігі болады. Соның арасында бақытты болуға уақыт табыңыз.

10. Адамның жаманы жоқ

Адам тұтастай жаман болмайды. “Ең жаман” дегеннің өзінде кішкентай болсын жақсылық жүрегінде жасырынып жатады. Оның өзгелерге ұнамсыз болып көрінуіне түрлі жағдайлар әсер етуі мүмкін. Сіз соны түсінуге тырсыңыз.

11. Қажетсіз тәжірибе жоқ

“Осы үшін қаншама уақытымды бекерге жұмсадым?!” Таныс сөздер ме? Жинаған тәжірибе жемісін берсе – қуаныш, беремесе – жұбаныш. Оның көмегінің тиетініне күмән келтірмеңіз. Тек сәл шыдаңыз. “Жеңіліс” жеңіс тәрізді әр адамға өте қажет.

12. Өзіңді жақсы көру “эгоизм” емес

Өзгелердің сізді сыйлауын қаласаңыз, өзіңізді жақсы көруден бастаңыз. Бұл менмендік емес. Қазақтың “өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түнілер” деген сөзді ұмытпағаныңыз жөн.

13. “Б” жоспарыңыз дайын болсын

Өмір тосын сыйларға толы. Оның әр кептелісіне төтеп беріп, суырылып шығуға көмектесетін қосымша айла-тәсілдеріңізді жасақтаңыз. Тығырықтан шығуға қашан да жол табылады.

14. Ортаңыздан ажырамаңыз

Тұп-тұнық таза мекенді табу мүмкін емес. Алайда оны жақсы ететін де, жаман ететін де өзіміз екенін ұмытпағанымыз жөн. Өзіңіздің әлемнің бір бөлшегі екеніңізді еске алыңыз. Оған қандай үлес қосып жатырсыз? Осы жайлы да ескеріңіз. Егер әр адам қазір дәл сіз сияқты олайтын болса, әлем біршама жақсарып қалатын еді.

15. Уақыт тым аз

15 жаста бар өмір алда тәрізді, 30-да үлгеретіндейсіз, 60 жас жеткенде, кешігіпсіз. Ащы шындық. Қазірден оған қаншалықты тура қарасаңыз, соншалықты ұтатыныңызға сеніңіз. Уақыт аз.

«Baribar.kz-тің» Telegram-каналына жазыламыз!

Пікір қосу