Жалпы ұзындығы 66 шақырымға созылатын айналма жолды екі түрік пен бір кәріс компаниясы 4 жарым жылда толық салып бітіруі тиіс. Жобаның жалпы құны 500 миллиард теңгеден асып жығылады. Ол Алматының солтүстік аумағын түгел айналып өтіп, Түрген, Нарынқол, Талдықорған, Астана, Бішкек және Ұзынағашқа қарай шығатын күре жолдардың арасын жалғайды. Әуелде бұл жоба 2009 жылы қолға алынған болатын. Бірақ, құрылыс жүретін аумақтардағы жер телімдері қымбатқа түсіп, уақытша тоқтатылған еді. Жалпы, осы күре жол іске қосылғаннан кейін ол қаладағы көліктер санын 60 мыңға дейін азайту керек.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі: -Бүгінгі таңда концорциум дайындық жұмыстарына кірісіп кетті. Биыл мамыр айында құрылыс жұмыстары басталады. 2020 жылы құрылыс аяқталып, жолды ақылы негізде пайдалану басталады.