Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі осы жылдың қаңтар айынан бастап жүзеге асырыла бастады. Нақты мәліметтер көрсетіп отырғандай, «Б» корпусының орташа жалақысы атқарушы қызмет үшін ауылдық деңгейде 96%-ға, аудандық деңгейде 105%-ға, облыстық деңгейде 80%-ға көтерілген. Ал, басшылық қызмет үшін ауылдық деңгейде 150%-ға, аудандық деңгейде 158%-ға, облыстық деңгейде 143%-ға өскен.
Еңбекақының көбейгеніне қуанған қызметкерлер көп. Соның бірі Өмірзақ ауылының әкімі Ерғали Ескендіров.
Оның айтуынша, бұл бір жағынан мемлекеттік қызметтегі сапаны, екінші жағынан мамандардың әлеуметтік жағдайын көтереді. Осы салада 3 жыл жүргенін оның айлығы бұрын 150 мың болса, қазір 300 мыңға дейін өскен.
Жаңа жүйе Елбасымыздың 100 нақты қадам «Ұлт жоспарына» сәйкес енгізіліп отыр.
«Өңірлер мен орталықтағы мемлекеттік қызметшілердің жалақы көлеміне байланысты үлкен айырмашылықты жою бойынша тапсырма берді. Бұрын орталық мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 70 пайызға айырмашылық болатын. Қазір 10 пайызға қысқарды»,- дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облыстық департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова.
Жаңа төлем жүйесіне қойылатын талап басқа. Мәселен, енді лауазым мен еңбек өтіліне назар аударылмайды. Атқарған жұмысының нәтижесі мен мемлекеттік органға әкелген пайдасына байланысты төленеді. Маман негізгі лауазымдық еңбекақысынан бөлек бонустар алу мүмкіндігіне ие болады. Олардың қаншалықты өнімді еңбек еткені бекітілген шкаланың көмегімен бағаланады.