Геннадий Головкин: Маған қолдау көрсеткен жұртыма рақмет

Айта кетейік, бүгін Лос-Анджелесте «Форум» аренасында Геннадий Головкин (35-0, 32 КО) америкалық боксшы Доминик Уэйдті 2-ші раундта нокаутпен жеңген болатын.

«Менің Калифорниядағы жанкүйерлеріме, Қазақстандағы жанкүйерлеріме де үлкен алғыс айтамын. Жұртыма рахмет! Мен өзімді керемет сезінемін, менің командама рахмет», — деді Головкин жекпе-жектен кейінгі сұхбатта.

Альварес-Хан кездесуінен соң, қандай жоспарларың бар деген сауалға Головкин: «Кім жеңетіні маңызды емес. Тек менің белбеуімді өзіме беріңдер, ол белбеу маған керек. Мен дайынмын», — деп жауап қайырды.

Қазақстандық боксшы келесі кездесуінде 7 мамырда өтетін Сауль Альварес-Амир Хан жекпе-жегінің жеңімпазымен жұдырықтасуы тиіс. Себебі Головкин IBF/IBO/WBA тұжырымдары бойынша әлем чемпионы әрі WBC нұсқасы бойынша әлемнің уақытша чемпионы, сондықтан ол Альварестің WBC чемпиондық титулына міндетті үміткер саналады.

Алайда Сауль Альварес командасы орта салмақ аясында (160 фунт) қазақстандық боксшымен айқас өткізуге ниеттері жоқ екендіктерін байқатты.

Доминик Уэйдпен болған жекпе-жекте GGG қатарынан 16-шы рет чемпиондық белдікті қорғап қалды. Осылайша, Геннадий өз заманында орта салмақта 20 айқаста белбеуін қорғап шыққан Бернард Хопкинстің рекордына жақындап қалды. Бұл жекпе-жекке Геннадий Головкин барлық белбеулерін — WBC (Interim), WBA, IBF, IBO тіккен.

Осылайша, жерлесіміз кәсіпқой бокста өткізген 35 жекпе-жектің барлығын жеңіспен аяқтап отыр, оның 32-сі — нокаут.

ДереккөзҚазАқпарат