Басты бетЖаңалықтарДаниал Ахметов...

Даниал Ахметов Жеңіл атлетика федерациясының президенті қызметіне тағайындалды

Жиын барысында федерацияның жаңа президенті болып Даниал Ахметов сайланды. Кезектен тыс конференция барысында екі мәселе қаралды. Атап айтқанда, Жеңіл атлетика федерациясын бұған дейін басқарған Әділбек Жақсыбековтің өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату және федерацияның жаңа президентін сайлау.

Атқару комитеті мүшелерінің бірауызды шешімімен Әділбек Жақсыбековтің өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, оның орнына ҚР жеңіл атлетика федерациясының президенті болып Ахметов Даниал Кенжетайұлы сайланды.

«Маған сенім білдіргендеріңізге рахмет! Әділбек Рыскелдұлы басқарған бір жылдың ішінде аз шаруа атқарылған жоқ. Енді сол бастамаларды ары қарай жалғастырып, Қазақстан жеңіл атлетика федерациясын дамытуға тырысамыз. Алдымызға қойған мақсаттарымыз өте көп. Мәселен, бірінші ретте, спорттық инфрақұрылымдарды жетілдіруді көздейміз. Жақын уақытта жеңіл атлетикаға бейімі бар барлық өңірлердің әкімдерімен кездесіп, сол аймақтардың жеңіл атлетика спортын дамыту жолдарын қарастырамыз. Соның ішінде, келесі жылы Семей қаласында Ұлттық құрамалар базасы дайын болады», — деді Даниал Ахметов.

Айта кетейік, шара барысында Жеңіл атлетика федерациясы Атқару комитетінің жаңа мүшелері бекітіліп, Әділбек Жақсыбеков Атқару комитетінің құрамына енді.

ДереккөзInform.kz