Басты бетЖаңалықтарТөреғалидың әкесі...

Төреғалидың әкесі Шымкеттік телеарнаға сұхбат беруден бас тартты

Жас өнерпаздың өнерін насихаттап, халыққа ерекше кеш болғанын айтсақ деп, «Отырар» телеарнасының тілшілері де құрал-сайманын арқалап, осы концертке барған-ды. Бір қызығы, ұйымдастырушылар журналистерді ішке жібергісі келмеді. «Рұқсат жоқ» дейді. Түсініксіз. Жабық кешке келдік пе деп қалдық.

Екіншіден, Қазақстанның әр облысында жеке шығармашылық кешін өткізіп жүрген өнерпаздың өнері бұқара халыққа жергілікті телеарналар мен басылымдар арқылы насихатталатыны белгілі. Тіпті оларды ауылдағы ағайын мен әр өлеңін жаттап алып, ыңылдып айтып жүрген жас толқын телеарна арқылы танитыны анық. Сонымен, ұйымдастырушылармен, басқа да жауаптылармен айтысып жүріп, ішке ендік.

«Түркістан» сарайында ине шаншар орын жоқ. Төреғалиды халық жылы қабылдады. Қосыла ән айтып, қуанып отырғанына тәнті боласың. Сахнаның төрінде тұрған Төреғалидің өзі кешті еркін, бар ықыласымен жүргізіп те, ән айтып та үлгеріп жатыр.

Залды аралап, гүл ұсынған әрбір жанға алғысын айтып жүр. Әзіл-шыны аралас әңгімелерін айтып, тыңдармандардың көңілін бір серпілтті. Кештің ортасында продюсері әрі әкесі Төреәлі мырза сахнаға шығып, әкелі-балалы біріге ән шырқады. Тіпті «ТТТ» маркасымен киім үлгілерін шығарғанын мақтана айтып, осы кештегі бір азаматқа сый да жасады. Осындай сәттерді түсіріп, көрерменге көрсететін болдық деп тұрсақ… қызықтың бәрі алда екен.

Әкесінің қолы босаған сәтін пайдаланып, біз де олардың жанына бардық. Жергілікті телеарнадан екенімізді айтып, өзімізді таныстырып, сұхбат алсақ деген көңілімізді су сепкендей басты. Жаңа ғана әніне тамсанып, қуанған бізге Төреәлі мырза «Жергілікті телеарнаға сұхбат бермейміз. Қазір біз бір нәрсе айтсақ, даурықтырып әкетесіңдер» деп, қарсы болды. Битке өкпелеп, тонын жаққанға ұқсады «өнерлі әкенің» бұл тірлігі!

Халық алдында бір сөйлеп, былай шығып, бір сөйлеген продюсердің бұл сөзі телеарна мен оның көрерменін кемсіткені емес, ең алдымен, өзінің деңгейін көрсетіп ергенін өзі де байқамай қалды-ау, шамасы!? «Ұлық болсаң, кішік бол» деген сөзді айтқан дана қазақтың жігіттері әрекеттері мен айтар сөздерін шамалы ойланып жасап, айтса, бәрі басқа болар ма еді. Жақсы ән тыңдап, сіздерге оның әдемі сәттерін жеткізбек болған ойымыз осылай жүзеге 100 пайыз аспай қалды. Ғафу етіңіз, патша көңіл көрермен!

ДереккөзОтырар