Талғар ауданындағы Тұздыбастау ауылында еріген қар суынан бірқатар үйлердің ауласына су кірген. Аймақтағы ахуалды сараптаған облыс әкімі техникалардың санын көбейтуді тапсырды. Суды сорғылау үшін өрт сөндіру көліктерін де су соруға жұмылдыру қажеттігін айтты.
Облыс әкімі Қарасай ауданына қарасты Қырғауылды және Абай ауылдарына да барып қайтты. Қазір еріген қар суынан арылуға 3 экскаватор, жүк көлігі және 25 адам жұмыс істеп жатыр. Арықтардың арналары тереңдетіліп, жағасы құм салынған қаптармен бөгеттер тұрғызылуда. Құтқарушылар зардап шеккендердің барлығына көмек көрсетуде.
Амандық Баталов Қарасай ауданындағы Қаскелең қаласына барып, мән-жайды біліп қайтты.
«Соңғы күндері еріген қар суынан жағдай едәуір көлемде ұлғайып жатыр. Қала көшелері мен аулаларына жиналған судан тазарту жұмыстарына 100-ге жуық адам жұмылдырылды. Шамалған ауылын да су басқан. Ол ауылда да жұмыс күшейтілді. 10-шақты техника жіберілді. Қызыл су ауыл маңындағы алқаптарда 80 адам тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр», — деді аудандық әкімнің орынбасары төтенше жағдайлар жөніндегі аудандық комиссияның төрағасы Нұржан Сәтубеков.
Кеше Жамбыл ауданында төтенше жағдай жарияланған болатын. Өңір басшысы өзгелерден көбірек зардап шеккен Қайназар ауылында да болды. Құтқарушылар мен ұлттық гвардия жауынгерлерінің көмегімен су ауылдан тыс бағытқа қарай тасыған.
Амандық Баталов су кірген бірнеше үйді аралап, тұрғындармен кездесті. Әңгіме барысында баспаналар ешқандай рұқсатсыз салынғаны анықталды. Кейбір үйлердің құжаттары толық болмаған. Бірінде жалғыз басты ана, екіншісінде созылмалы аурумен ауыратын науқас тұрып жатыр екен. Екі отбасының да ауыр жағдайы ескеріліп, облыс әкімі аудан басшыларына зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Арнайы құрылған комиссия үй-үйді аралап, судан зардап шеккендердің тізімі жасалатын болды. Өңір басшысы сапарды қортындылай келе, акт жасалғаннан кейін қажетті көмек көрсетілетінін атап өтті.