Соңғы 10 жылда өміріміз қалай өзгерді?

Технология күн өткен сайын дамып келеді. Қазір өмірімізді гаджеттерсіз елестете алмаймыз. Ал осыдан 10 жыл бұрын көбімізде интернеті бар смартфон болған жоқ. Коммуналды қызметтің ақысын төлеу, жалақы алу, ақша аудару үшін сағаттап кезекке тұратынбыз. Енді бәрі басқаша. 

Коммуналды қызметті, салықты төлеу үшін кезекке тұрудың қажеті жоқ

Бұрын коммуналды қызметті пошта бөліміне барып төлейтінбіз. Алдыңда жалақысын, зейнетақысын алуға, сіз сияқты комқызмет ақысын төлеуге келгендер кезекте тұратын.

Кезекке тұру

Қазір оны кез келген терминал, интернет-банкинг, электронды үкімет порталы арқылы төлей салуға болады. Салықты да солай.

Таксиді мобильді қосымша арқылы үйдің дәл алдына шақыртуға болады

Осыдан 10 жыл бұрын таксиді қалай ұстағанымыз есіңізде ме? Көше бойынан тоқтататынбыз немесе такси қызметіне хабарласатынбыз. Бос оператордың жауап беруін күтетінбіз. Қай жерде тұрғанымызды оған дұрыстап түсіндіретінбіз.

Такси

Бүгінде такси шақыру үшін телефоныңызға арнайы қосымшаны жүктеп алсаңыз жеткілікті. «Яндекс такси», «Индрайвер», Uber сынды қосымшалар бар. Қайда тұрғаныңызды анықтау үшін телефоннан «Орналасқан жер» (Местоположение) функциясын қосып қоясыз. Баратын мекенжайды жазасыз. Такси үйіңіздің алдына дейін келіп, баратын жеріңізге жеткізіп тастайды. Қай бағытта кетіп бара жатқаныңызды картадан бақылай аласыз. Жүргізушіңіз туралы ақпаратты да біліп отырасыз. Ақысын қолма-қол төлеуге де, электронды картадан төлеуге де болады.

Өзіңмен ақша алып жүрудің қажеті жоқ

Бұрын барлығын қолма-қол ақшамен төлейтінбіз. Еңбекақы алған кезде әмиянымыз ақшаға толып қалатын. Оны өзіңмен бірге алып жүру де қорқынышты еді. Ұрлатып алсаң, бір сәтте барлық жиған-тергеніңнен айырылып қаласың.

Ақша

Қазір барлық ақшаны банк картасынан шығармай-ақ төлем жасай беруге болады. Бір жерге барғанда «қомпиған» әмиян алып жүрудің қажеті жоқ. Өзіңізбен картаңызды алсаңыз болды. Оны ұрлатып немесе жоғалтып алған жағдайда интернет-банкинг немесе банк операторына хабарласу арқылы бұғаттап тастауға болады. Қауіпсіз әрі ыңғайлы.

Үйден шықпай балабақшаға кезекке тұру

Бұрын баланы балабақшаға кезекке қою үшін аудандық білім басқармасына барып, өтініш жазу керек болатын.

Жазу

Қазір оны үйден шықпай-ақ, электронды үкімет порталы арқылы істей беруге болады. Сонымен бірге кезектің қалай жылжып жатқанын бақылай аласыз. Білім беру қызметімен айналысуға лицензияны, мекенжай, сотталмағандық туралы анықтаманы да осылай алуға болады. Ол үшін электронды цифрлы қолтаңбаңыз болуы керек. Оны жақын маңдағы ХҚКО-дан алуға болады.

Үйден шықпай сауда жасау

Интернет-банкинг дамығалы бері электроника тауарларын үйден шықпай сатып алуға болады. Ол үшін kaspi.kz мүмкіндігін пайдалана аласыз. Қажетті тауарды таңдап, оны бөліп төлеуге, несиеге рәсімдеуге болады. Тауарды жеткізу қызметі үйіңізге әкеліп береді.

тауарды жеткізу

Бұрынғыдай дүкенге барып, кезекке тұрудың қажеті жоқ.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!