Басты бетОралда құсбегілердің...

Оралда құсбегілердің республикалық турнирі өтті

«Жаһандану дәуірінде салт-дәстүріміз бен ұлттық кодымыздың сақталып қалуына әсерін тигізетін ұлттық нақыштағы спорт түрлерін жаңғырту – Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған негізгі бағыттардың бірі. Сондықтан спорттың бұл түрін өңірімізде жүйелі түрде дамытуға бел буып отырмыз. Халқымыз әрқашан ауызбірлікте болып, ұлттық дәстүріміз жаңғыра берсін», – деді турнирдің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Ортағасырлық Жайық қалашығы маңында сенбі күні басталып, екі күнге созылған шараны тамашалаушылардың қарасы мол болды. Олардың қатарында  жергілікті жұртшылықтан бөлек Ресейдің көршілес облыстарынан келген туристер де бар.

«Дәл осындай турнир осыған дейін Маңғыстау, Атырау облыстарында өткен болатын. Енді бүгін Батыс Қазақстанда ұйымдастырылуын осы өңірде құсбегілік өнерді дамытудың бастамасы деп білеміз. Бүгінгі турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырып отырған Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне Қазақстан Республикасының ұлттық спорт түрлері қауымдастығының атынан алғысымды білдіремін», — деді ҚР ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Ерлен Оспанов.

Турнирде Астана, Алматы қалаларының, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысының құсбегілері өнер көрсетті.

Турнирдің алғашқы күнінде барлығы 16 қыран сынға түсті. Екі күн бойы бақ сынасқан бүркітшілер  арасында бас жүлдені алған атыраулық бүркітші Арман Қошқаров алды. Жамбыл облысынан келген Бақдәулет Бабабажанов екінші орыннан көрінсе, Ақмола облысынан келген Бергенбай Тастанбек және астаналық Серікбек Күнтуған үшінші орынды тең бөлісті.