Нұрлан Ермекбаев Оралдағы коворкинг орталығында болды

Коворкинг орталықтың негізгі мақсаты – жастардың білімін жетілдіруге, түрлі жаңашыл, тың идеяларды жүзеге асыруға бағытталған. Күні бүгін мұнда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауқымды жобалар жүзеге асырылып, «Елім менің!» жастар коалициясының бастамалары, түрлі шеберлік сыныптары мен тренингтер өткізілуде. Орталықты аралағаннан кейін Нұрлан Ермекбаев жастармен еркін алаңда жүздесті. Оларды толғандырған сауалдарға жауап берді.

Мен ең алдымен Орал қаласында осындай керемет әрі зәулім оқушылар сарайының салынғанына өте қуаныштымын, шынымды айтсам таң қалып та тұрмын. Жас буынның жігерін жанып, қиялына қанат бітіретін, шабытына шабыт қосатын мұндай сарайлар, өкінішке орай, еліміздің барлық өңірлерінде бар деп айта алмаймын. Оқушылар сарайының мүмкіндігі өте зор екен. Ғимаратта түрлі үйірмелер, секциялар, шағын орталықтар жұмыс істеуде. Ішінде сіздер ашқан коворкинг орталық та толық заман талабына сай келеді. Өздеріңізге де, қоғамға да пайдалы іспен шұғылдануға қажеттінің барлығы бар. Оған көзім жетті. Ақпараттық 3D технологиялармен, ең озық коммуникациялық жүйелермен жарақтандырылған коворкинг оталыққа жастар да зор құлшыныспен келетіні айдан анық. Батысқазақстандық жастардың бойынан «Туған жер», «Атамекен», «Әлеуметтік бастамалар картасы» секілді өте өзекті бағдарламаларды жүзеге асыруға айрықша белсенділікті байқадым. Бұл жобалар біздің министрлік тарапынан жүзеге асырылуда, — деді министр.

Жалпы, облысқа іссапары барысында Н.Ермекбаев «Дін және ұлттық тарих» тақырыбында өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға, сондай-ақ  БҚО әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің отырысына қатысты.