Басты бетЖаңалықтарӘлеуметтік медициналық...

Әлеуметтік медициналық сақтындыруда қандай өзгерістер орын алды?

Жарна төлеу тәртібінде қандай өзгерістер бар?

Қолданыстағы заң бойынша, 2017 жылдың шілдесінен бастап жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ, азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар сақтандыру жарнасын аудара бастаған болатын. Жаңа заң бойынша жұмыс берушілерден басқа санаттар жарна төлеу міндетінен босатылды.

Нақтырақ айтсақ, жұмыс берушілер 2018-2019 жылдары жұмыскер табысының 1,5%, 2020 жылдан бастап – 2 пайызы көлемінде аударым жасайды. Осы жерде бұл төлемдердің жұмыскер жалақысынан емес, жұмыс берушінің өз есебінен төленетінін де айта кеткен жөн. Қарамағында жалдамалы жұмыскерлері бар жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының иелері де ақшаны осы тәртіп бойынша аударады. Ал, жеке кәсіпкерлер 2018-2019 жылдары өзі үшін жарна төлемейді. Бірақ олар жұмыс беруші ретінде аударым жасауды тоқтатпайды.

Ал, енді жеке тұлғалар сақтандыру жарнасын қашан төлемек? Жаңа өзгерістер бойынша жеке тұлғалар да екі жылға дейін жарна төлеу міндетінен босатылды. Бұл санаттағылар, яғни, жалданып жұмыс істейтін жеке тұлғалар өзі үшін жарнаны 2020 жылдан бастап төлей бастамақ (2020 жылы – 1%, 2021 жылы – 2%). Оны жұмыс беруші ай сайынғы жалақыдан ұстап, қорға аударып отырады.

Сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін дау тудырған үлкен мәселенің бірі — азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға қатысты болатын. Қолданыстағы заңда осындай келісімшарт негізінде еңбек ететіндер табысының 5 пайызын қорға аударуы тиіс-ті. Мұның аталған санаттағылар тарапынан сынға ілігуіне байланысты заң жобасын әзірлеу барысында Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселеге баса мән беріп, нәтижесінде келісімшарт негізінде еңбек ететіндердің жарнасы едәуір төмендетілді. Бұл санаттағы азаматтар 2020 жылы табысының 1%, ал, 2021 жылдан бастап 2% аударады. Ал, 2018-2019 жылдары жарна төлеуден босатылды.

Жеңілдетілген режимде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер нені білгені жөн?

«Салық декларациясын жарты жылда бір рет тапсыратын бұл топ қазір 2017 жылдың 6 айы үшін жарна төлеуі тиіс. Жарна мөлшері ай сайын 2 ең төменгі жалақының 5 пайызын құрайды. Жарна төлеу мерзімі ақпан айының 25-інде аяқталады», — деп хабарлады Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі.

Мемлекет жеңілдігі бар 10 млн жуық азаматты қай кезден бастап сақтандыра бастамақ?

Мемлекет халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған, тұрмысы төмен бөлігін қолдау мақсатында он миллионға жуық адамды сақтандыруды өз мойнына алып отыр. Яғни, 2020 жылдан бастап мемлекет әлеуметтік әлсіз топтарға жататын зейнеткерлер, көп балалы аналар, жүкті әйелдер мен бала күтімімен декреттік демалыста отырғандар, студенттер мен он сегіз жасқа дейінгі балалар, мүгедектер, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген азаматтар т.б. үшін жарна аударады. Жеңілдігі бар санатқа жататын әр адам үшін аударылатын жарна мөлшері өткен 2 жылға бекітілген орташа айлық жалақының 4% құрамақ.

Қор қанша қаржы жинады және қаражат қалай сақталады?

2018 жылдың қаңтар айында Медициналық сақтандыру қорының Ұлттық банктегі шотына 6 млрд теңгеге жуық жарна аударылды. Жалпы, жаңа жүйе іске қосылған — 2017 жылдың шілдесінен 2018 жылдағы қаңтар айының соңына дейін түскен түсімдердің жалпы көлемі 38 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 31,3 млрд теңге (82,4%) жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 6,7 млрд теңгеге жуық қаржы (шамамен 17,6%) жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі. Аумақтар арасында жарна төлеу жағынан Алматы мен Астана қалалары, сондай-ақ, Қарағанды облысы көш бастап келеді.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға сәйкес, Қор активтерінің тұтастығына мемлекет тарапынан кепілдік берілген. Түскен жарналар Ұлттық банктегі шотта сақталады. Ұлттық банк қаржыны сақтап қана қоймай, активтерді сақтандыру пакеті аясында көрсетілетін медициналық қызметтерді сатып алу басталғанға дейін басқарады. Қаржыны инвестициялау туралы шешімді Ұлттық банк қабылдайды. Бұл түскен қаржыны инфляция салдарынан құнсызданудан сақтайды. Екі жылдан кейін қаржы медициналық қызметтерді сатып алуға жұмсалады. Оны басқа мақсаттарға жұмсауға заң бойынша тыйым салынған», — деп хабарлады Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры.

 

Дереккөзbaq.kz