Қазақстанда аты шыққан итальяндық әнші Сон Паскаль тойға жиі шығатынын ашық әңгімеледі.
«Қазақстанда тойдың орны ерекше, тойға жиі шығып тұрам. Бұл — қазақстандық формат. Айтпақшы, Италияның оңтүстік өңірінде де көңіл көтергенді қатты ұнатады», — деді Паскаль.
«Тойдан миллион теңге табыс табам. Доллар емес. Бұл — орташа баға. Шынымды айтсам, басқалардың құнымен өзімдікін салыстырам да, әріптестерімнен сәл арзандау сұраймын. Себебі олар — қазақстандық, мені Италиядан тек ақша табу үшін келді деп ойламаса екен», — деп ағынан жарылды итальяндық әнші.
Әртістің айтуынша, «Паскалистан» жобасының екі маусымдық кезеңінен кейін «Пекин-экспресс» шоуынан кейін оның табыс көзі едәуір өскен.
«Қазақстан — музыка жағынан менің бірінші үйім, мұнда деңгейімді шыңдадым. Бұрын 100-150 адамға ән айтсам, қазір 25 мың адамға өнер көрсетемін», — деді Паскаль.