Бүгін отандық «Оазис» көркем фильмі прокатқа шығады

Фильмде өмірге деген көзқарастары бір-біріне ұқсамайтын, мінездері де мүлдем бөлек екі жігіттің тағдыры баяндалады. Руслан — ананың мейірімін көрмеген тастанды бала. Полиция қызметкерлерінен қашып жүрген ол өзімен бірге бүкіл әлемді жойып жібермек ойы болады. Алайда шөлді далада ол жүрегінде иманы бар, төңірегіндегілерді махаббат пен мейірімділік нұрына бөлендіріп жүрген жігітті кездестіреді.

Сценарий авторы, белгілі жазушы Смағұл Елубай «Оазис» иманы бұзылған қазақ қоғамы үшін маңызды туынды екенін айтты.

«Бүгінгі қазақ қоғамы тілдік, діндік тұрғыдан екіге бөлініп жатыр. Қазақ қазақты түсінбей жатыр, бұл ұлтымыздың трагедиясы. Бұл трагедияны біз «Оазис» фильміндегі кейіпкерлері арқылы  — далада кездескен екі қазақтың қақтығысы арқылы көрсетуге тырыстық.  Бірі — діні де, тілі де, тарихы да бұзылмаған, оралман жігіт болса, екіншісі — Алматыдағы балалар үйінде тәрбиеленген, діні де жоқ, тілі де жоқ, тарихи жады да жоқ Руслан есімді шала қазақ. Жалпы, «Оазис» — дін тақырыбын қозғап, иманы бұзылған қазақ қоғамы үшін иманның қаншалықты маңызды екенін кино тілімен айтуға ұмтылған фильм», — деді Смағұл Елубай.

Фильмінің негізгі түсіру жұмыстары Алматы облысы Шоңжы ауылында, сонымен қатар Алматы қаласында жүргізілді. Көркем туындыдағы басты рөлді Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер институтының түлегі Айдар Асарбай сомдады.

Айта кетейік, «Оазис» фильмі режиссер Бегарс Елубайдың алғашқы жеке жұмысы. Ол бұған дейін режиссер Ерлан Нұрмұхамбетовпен бірге балаларға арналған «Аңшы бала» фильмін (2012 жылы жарыққа шыққан) түсірген болатын.

ДереккөзInform.kz