Басты бетАлматыда U38...

Алматыда U38 университеттер альянсы құрылды

Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бағдарлама аясында Алматыдағы барлық ЖОО-ны біріктіретін University 38 университеттер альянсы құрылғаны хабарланды. Басты мақсат – ЖОО оқытушылары мен сарапшыларының басын біріктіріп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға бірлесе күш жұмсау.

«Қоғамның рухани өмірінде университеттің алар орны зор. Онда тек сапалы маман ғана емес, бәсекеге қабілетті, ашық, ұлтқа жаны ашитын азамат қалыптасады. Біз альянс құруға ұзақ уақыт дайындалдық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда ЖОО оқытушыларының еңбегі зор екенін білеміз. Білуімізше, қалада 15 мыңдай оқытушы қызмет етеді. Нақты жоспарымыз бар. Альянс барлық оқытушылардың тәжірибе алмасатын алаңына, университеттер рухани жаңғыру драйверіне айналады», — деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры Шолпан Жаманбалаева.

Осы уақытқа дейін әрбір университет президент мақаласындағы тапсырмаларды жеке-жеке орындап келсе, ендігіде қаладағы барлық ЖОО осы мақсатта күш біріктірмек.

«Мемлекет башысы нақты тапсырмаларды ұсынды. Біз дайынбыз. Өткен жылы әр университет өз шарасын ұйымдастырған еді. Бүгін бәріміз біріктік. Бұл – үлкен күш. Әр оқытушының артында жүздеген, мыңдаған студент тұр. Сол себепті де университеттер альянсы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудағы  ерекше, ашық, танымдық алаңға айналатынына сенеміз»,- деп сенім білдірді UIB университетінің проректоры Кайыржан Меңдіғалиев.

«Университеттер – жаңа әлеуметтік жобалардың қалыптасатын алаңы. Кейін бұл тәжірибелер қоғамға таралады. Мысалы, қазір біз әлемдік кітаптарды қазақ тіліне аударып жатырмыз. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 8 кітап аударылды. Әлі де аударылып жатыр. Бірақ біз одан ары да қарай алуымыз керек. Ол кітаптарда жаһандық азаматтық туралы идея бар. Ол туралы бізде айтылмайды. Бұл оқулықтар ұлттық, аймақтық мәселелерге жаһандық тұрғыда көз салуға үйретеді. Сол себепті бізге оқытушылардың біліктілігін арттыратын алаң керек. Біздің альянс осындай тәжірибе, пікір алмасу алаңы бола алады», -деп қосты ҚазҰУ проректоры.

Шара соңында дөңгелек үстелге қатысушылар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми кітапханасын аралап, аударылып жатқан кітаптармен танысты.