«Алтын жүрек» иесі күніне 200 адамды тегін тамақтандыратын болды

Осылайша қайырымды әйел күніне 200 адамды тегін тамақтандыратын болады. Оның айтуынша, екінші нүктені ашуға демеуші табылды. «Бір қайырымды жан қол ұшын созды. Атын айта алмаймын. Енді тек қана ұйымдастыру жұмыстары ғана алды. Жергілікті органнан рұқсат алу деген сияқты. Ол нүктеде де 100 тарта мұқтаж адам тегін ас ішетін болады», — деді Расима Темербаева.

Оның айтуынша, журналистердің жариялауынан соң  көмек қолын созып жатқандар өте көп.

«Өткен аптадан бері 500 мың теңге көлемінде ақшалай жиналды. 2 аптаға жететін азық-түлік қорын алдық. Суықтың беті қайтқан соң, келушілердің саны күрт артады. Шамамыз келгенше барлығын қамтып жатырмыз», — деді Р.Темербаева.

Айта кету керек, Айманов — Жандосов көшелерінің қиылысындағы дүңгіршекке 16:00-17:00 арасында 100-ге тарта зейнеткер, тұрмысы төмен отбасылар, қаңғыбастар келіп, тегін ас ішеді. Қоғам қайраткері Расима Темербаева осы жобасы арқылы  «Ардагерлерге көрсеткен қамқорлығы үшін» «Алтын жүрек» сыйлығының лауреаты атанған болатын.

Дереккөзkazinform.kz