Басты бетЖаңалықтарОңтүстік Қазақстан...

Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері Атырауда алма өсіруге ниетті

​Оңтүстік Қазақстан облысында өсірілген 18 тонна алманың алғашқы топтамасы «Сарайшық» базарына 20 қаңтарда саудаға шығарылды. Жеткізушілер қалалық әкімдікпен келісім-шартқа отырып, жемістерге нарық құнынан төмен баға бекіткен.

​«DALA-FRUIT» компаниясының басшылығы тұрғындардың отандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұранысы мен қызығушылығын арттыру мақсатында қалалық әкімдікке өтініш білдірді. Қазір Атырауға  бірінші сұрыпты алманың үш түрі әкелінді, олар базар нарығынан 15-20 пайызға арзанға сатылады, — дейді қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Руслан Дәулетов.

​Компания мұнайлы өңірге 18 тонна алма әкелген. Коммуналдық базарда оңтүстіктен келген алмалардың бір килограмы 230 теңгеден сатылуда. Негізі алманың орташа бағасы – 400 теңге. Сатылымның алғашқы күнінен бастап тұрғындардың отандық өнімге деген сұранысы жоғары екені байқалды. Жарты күннің ішінде бір тоннаға жуық алма сатылған.
​Егер өнімнің сапасы мен бағасы тұрғындардың көңілінен шықса Атырауда алғашқы алма бағы болуы әбден мүмкін. Компания өкілдері алманы Атырауда да өсіруге ниетті. Облыстық әкімдік хабарлағандай, кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.