Көзілдірікті күні бойына тағып жүрудің қажеті жоқ

Көзілдірік – көздің оптикалық кемістігін түзету, күн сәулесінен, шаң-тозаңнан, химиялық заттар әсерінен қорғау үшін қолданылатын құрал. Көзілдірік шынысының сәулені жинайтын (+) (алыстан көргіштікті түзету үшін) және сәулені шашырататын (–) (алыстан көрмеушілікті түзету үшін) түрлері болады. Көзілдірік екі жағы ойыс (–) не екі жағы дөңес (+) шыныдан жасалады. Көздің көруі өте нашарлағанда 2 – 3 қатар линзадан жасалған көзілдірік қолданылады.

Кейбір адамдардың алыстан көргіштігі де, жақыннан көруі де нашарлайды. Мұндайда екі көзілдірік кимеу үшін жоғары бөлігімен алыстағыны, төмен бөлігімен жақындағыны көруге болатын шыныдан жасалған құрама көзілдірік беріледі. Жастың ұлғаюына байланысты (40-тан асқан адам газет, кітап оқу үшін) әр түрлі шынылы көзілдірік киюге тура келеді. Көздің көру кемістігін қалыптастыру үшін киілетін көзілдіріктің қай түрін болса да дәрігердің нұсқауымен кию керек.

Елдос Балтабекұлы
Түсіпбаев Елдос Балтабекұлы, © фото Айгүл Хожантаева

Көзілдірік кию немесе кимеу – әркімнің өз таңдауы. Көздің көруі бұдан өзгермейді. Сәл ғана алыстан көрмеушілік үшін көзілдірік пен линза кимеу жалпы күйге әсер етпейді. Бірақ алыстан көрмеушілік -3 болса көзіңді бір нүктеге қадап қараудан басың ауырады, еңбекке деген бейімділігің төмендейді. Ал кейбір жағдайларда, көзілдірік немесе линза киген соң көзінің көруі нашарлайды деп жатады. Себебі көзілдірік арқылы көруге көздер тез бейімділіп алады. Ал оны шешкен кезде көздер демеусіз көру үшін біраз уақыт қажет. Бірақ көздің көру деңгейі бұрынғыша сақталады. Сондықтан да, көзілдірікті үнемі тағып жүрудің қажеті жоқ. Тек қатты қажет болған жағдайда, теледидар немесе компьютер алдында отырғанда таққан дұрыс. Дәл осындай жағдай, көзілдірікті мүлдем тақпай жүруге де болмайды. Себебі көзінің көрмеу мүмкіншілігі арта түсуі мүмкін.

Дұрыс рецептпен таңдалған көзілдіріктің өзі сізге ыңғайсыздық тудыруы мүмкін. Көзілдіріктің сынуы, шынысының түсіп қалуы, булануы, көру аумағын шектеуі, мұрынның қырына батуы немесе оны ұмытып кетуіңіз де мүмкін.

Бірақ ескере кететін жайт, линзаның да, көзілдіріктің де емдік қасиеті жоқ.

Көз ауруларының түрлері

Катаракта ауруы (көзге ақ түсу)

Ересектер арасында кеңінен таралған көз ауруы ол – катаракта (көзге ақ түсу). Катаракта кезінде сәуленің көз бұршағына өтуі қиындап, көздің көру қабілеті төмендейді. Катарактаның пайда болуы әр түрлі жағдайларға (қарттық, жарақаттану әсерінен, әртүрлі аурулардың асқынуы салдарынан, т.б.) байланысты. Бұл аурудың туа және жүре пайда болатын түрлері бар.

Қант диабеті, экзема, зат алмасудың бұзылуы, ұзаққа созылған көз аурулары көздің жарақаттануы жүре пайда болған Катарактаға әкеледі.  Сондай-ақ, ыстық температурада (балқыту пешінің жанында) ұзақ уақыт жұмыс істеу немесе көзге тиісті қорғаныш көзілдірік кимей иондандырғыш сәуленің әсерімен жұмыс істеу — катарактаның асқынуына себепші болады. Катарактаның бұл түрінің клиникалық белгісі: сырқат адамның көзінің алдында бір нәрсе тұрғандай болады. Іштен туа біткен Катаракта құрсақтағы ұрықтың дамуы кезінде пайда болады. Бұған жүкті әйелдің жұқпалы аурулармен (тұмау, қызамық, тағы басқа) ауруы себепші бола алады.

Елдос Балтабекұлы
©фото Айгүл Хожантаева

Бұл ауруды уақытылы емдемеген жағдайда ол ауру соқырлыққа алып келеді. Катаракта ауруының емі – ота жасау.

Қабыну ауруы (аллергия)

Қабыну — белгілі бір аллергендердің ықпалына ағза реакциясының өзгерген аса сезімталдығы. Бұл біздің иммундық жүйеміздің толығымен зиянсыз заттардан өте қатты тітіркенетінін және ағзаға зиян келмейтін аллергендерден шамадан тыс қорғана бастайтынын білдіреді.

Қабыну реакциясы мынадай белгілермен анықталады:

  • көздің қышуы;
  • көздің қызаруы;
  • көздің ісініп кетуі;
  • көз айналасының қышуы;
  • көзде «құмның» тұрғанын сезіну;
  • көзден жас ағу;
  • жарықтан тітіркену;
  • қастың қызаруы және ісінуі;

Аллерген ретінде бәрі әсер етуі мүмкін: күн, мысық, өсімдіктердің тозаңдануы, сүйікті тағамның, үйдің шаңдауы, салқын, косметика, дәрі-дәрмек. Бұл тізімді аяғына дейін соза беруге болады. Аллергияның дамуы тәуекелдігінің маңызды факторы тұқым қуалаушылық. Егер ата-ананың біреуі аллергиямен ауыратын болса, онда бала аллергиясының даму сенімділігі 30-40% дейін жетеді. Егер ата-ананың екеуі ді осы сырқатпен ауыратын болса, тәуекелдік 70-75% құрайды.

Аллергия кезінде жіберілетін басты қателік ол — өз бетінше ем жасау (кез келген тамшыны пайдалану, үй жағдайында шөп қайнатып емделу). Аллергия байқалған кезде бірден дәрігер көмегіне жүгініп, қабынудың неден шыққанын анықтау қажет. Кейін тиісті емін алып, дәрігер кеңесі бойынша дәрі-дәрмек қабылдауы қажет.

Елдос Балтабекұлы
© фото Айгүл Хожантаева

Конъюнктивит (көз бен қабақтың арасындағы мөлдір ауруы)

Конъюнктивит — көздің дәнекер қабығының қабынуы – қабақтың ішкі үстіңгі жағын және көз қарашығының алдыңғы бөлігін жауып тұратын шырышты қабықтың қабынуы. Конъюктивит көз қарашығының қызаруы, шырышты немесе шырышты-іріңді заттардың бөлінуі, жас ағуы, жарықты ұнатпау, көздің түйіліп ауыруы сияқты белгілерден білінеді.

Конъюнктивит асқынған және созылмалы деп 2-ге бөлінеді:

  1. Асқынған конъюктивит әдетте, ауру тудыратын микробтардан және вирустардан пайда болып, тез өршиді; іріңді заттар бөлінеді, ұйықтағанда кірпікті бір-біріне жабыстырып тастайды. Шырышты қабыққа кейде аздаған қан құйылуы мүмкін. Әдетте, екі көз де зақымданады. Ауру орта есеппен 2 – 4 аптаға дейін созылады. Инфекция көзге кір, лас орамал, сүлгі арқылы түседі. Асқынған конъюктивитпен ауырған баланы дер кезінде емдемесе, мектептерде, балалар бақшаларында жұқтыруы ықтимал. Асқынған жұқпалы конъюктивитті емдеудің тиімді құралы бактерияларға қарсы қолданылатын дәрі-дәрмектер болып табылады. Көзге таңғыш байлауға болмайды, өйткені бұл микробтардың тіршілігіне және көбеюіне қолайлы жағдай туғызады.
  2. Созылмалы конъюктивит неғұрлым ұзақ және баяу өтуімен ерекшеленеді. Аурудың пайда болуына нашар желдетілетін үйлердегі тозаң мен түтін, сондай-ақ, организмнің кейбір жалпы аурулары, тамақтану тәртібінің бұзылуы ықпал етеді. Созылмалы конъюктивит дәрігер тағайындаған көзәйнекті пайдаланбаудан да пайда болуы мүмкін.

Миопия (жақыннан көргіштік немесе алыстан көрмеу)

Миопия немесе басқаша атауы алыстан көрмеушілік, сығырлық. Миопия кезінде адамның көз алдындағы бейне көздегі көз торында емес, оның алдында көрінеді. Сондықтан көз торы алдындағы бейне адамға бұлдырап көрінеді. Миопия – көз рефракциясы, (көздің сәулені сындыру күші) клиникада көз көру фокусы, тор қабық алдына орналасады.

Миопиялық ауру – алыстан көрмеушіліктің асқынған түрі, шыны тәрізді дене мен көз түбінің өзгеруімен қайталанбайтындығымен ұштасады. Миопия жас өспірімдер арасында жиі кездеседі.

Бұл аурудың пайда болу себептері: кемістік бөлмеде жарықтың жеткіліксіздігінен, затқа көзді тым тақап жұмыс істеуден (оқу, жазу, кейбір қолөнері кәсібімен шұғылдану) т. б. болады. Алыстан көрмеушілік әдетте балалардың мектепте оқып жүрген кезінде басталып, кейіннен өрши түсуі мүмкін. Мұндайда көз тез талады; ұзақ уақыт сабаққа дайындалғаннан кейін көзінің түбі сыздап ауырады; көзі бұлдырайды. Затты айқын көру үшін оны амалсыз көзіне тақауға мәжбүр болады.

Миопия ауруын мынадай белгілерден байқауға болады:

  • Алыстан көрмеу;
  • Көздің бұлдырауы;
  • Көздің алыстағы тұрған заттан жақын тұрған затқа қарауда немесе керісінше қарауда ауыртпалығы;
  • Заттардың екі еселенуі;
  • Алыстағы заттар түсініксіз көрінуі;
  • Алыстағы заттарды көруі үшін адамның көзді сығырайтуы.
Елдос Балтабекұлы
©фото Айгүл Хожантаева

Көру режимін оқу кезінде сақтау:

  1. Кітап шрифт жақсы көрінетін  аймақтағы  қашықтықта  және иектен төмен деңгейде болу қажет;
  2. Кітаптың бірнеше бағанын оқып болғасын, көзді алыс тұрған затқа қарау керек  (1-2 сек);
  3. Оқу кезінде көзді жиі жыпылықтату керек, негізі әр баған соңында жасаған оңайырақ;
  4. Көзге жүктемені азайту үшін әрбір жаңа жолдың соңында көзді 1-2 секундқа жұмған пайдалы.
  5. Күн өте жарық түсіп тұрған жерде оқуға болмайды, себебі шағылған күн сәулелерінен көз тез шаршайды және көзге асыра жүктеме түседі;
  6. Әр түрлі стресті жағдайда, өте қатты шаршағанда және бас қатты аурғанда, оқуға болмайды;

Глаукома (суқараңғылық)

Глаукома (суқараңғылық) – дегеніміз көздің ішкі қысымының жоғары көтерілуінен болатын созылмалы көз ауруы. Суқараңғылық көзден сулы ылғалдың шығуының бұзылуы көз іші қысымының жоғарылауымен көру жүйесінің үдемелі төмендеуінің салдарынан жүретін аурулар тобына жатады.

Этилогиясына қарай туа пайда болған біріншілік және екіншілік глоукома деп ажыратады. Біріншілік глоукома көзден сұйықтықтың ағып шығуына жауапты құрылғылардың дамуындағы ақауларға байланысты болса, ал екінші глоукома көздің басқа ауруларының салдарынан (қабыну, жарақаттар т.б ) туындайды. Глоукома ауруы деген диогноз қойылғаннан кейін науқас үнемі дәрігердің бақылауында болу керек.

Глаукоманың екі негізгі түрі бар:

1. Ашық бұрышты глаукома (кең бұрышты глаукома) – бұл кең таралған түрі. Тексеріп қарағанда көздің құрылысы өзгермеген, бірақ, көз ішілік сұйықтық көздің трабекулярлық жүйесі аталатын каналдары арқылы тиісті түрде ағып шықпайды.

2. Жабық бұрышты глаукома. Жіті немесе созылмалы жабық бұрышты немесе тар бұрышты глаукома деп те аталады. Глаукоманың бұл түрі кең таралмаған, бірақ, көз ішілік қысым күрт көтерілгенде пайда болуы мүмкін. Нұрлы қабық пен мөлдір қабықтың арасындағы (сұйықтықтың ағатын түтіктері орналасқан жерде) бұрыш кішірейгенде құрғату (дренаждық) қызметі бұзылады.

Глаукома көбінесе, 40 жастан асқан адамдарда дамиды, бірақ, жаңа туылған сәбилерде де болуы мүмкін. Глаукома даму қаупі артады, егер сізде:

  • Жасыңыз 40-тан асқан болса;
  • Тұқым қуалау бейімділігі болса;
  • Көзіңіздің көру мүмкіндігі нашар болса;
  • Қант диабеті болса;
Елдос Балтабекұлы
© фото Айгүл Хожантаева

Линза тағудың зияны жоқ

Линза көзілдірікке қарағанда айналаны толық көруге мүмкіндік береді. Жаңбыр мен қар жауғанда, спортпен айналысқанда қиындық тудырмайды. Көзілдірік заттардың формасы мен өлшемін өзгертеді. Ал линза қоршаған ортаның өңін өзгертпей көруге мүмкіндік береді.

Линзаның ерекшелігі – оның күтімі көп. Линза тағатын адамдарға, ең бастысы, оны күнделікті белгіленген уақытынан артық тағып жүруге болмайды. Сондай-ақ, міндетті түрде пайдалану мерзімінен ұзақ сақтауға болмайтынын ұмытпаңыз, яғни, егер ол айлық болса, отыз күннен артық тақпағаныңыз дұрыс.  Сонымен қатар линзаны міндетті түрде өзінің арнайы сұйықтығында сақтап, сонымен тазалау керек.

Линзалар – біріншіден оларды киіп, шешудің өзі оңай емес. Бастапқы кезде бұл процедура жарты сағаттай уақытыңызды алады. Одан кейін оларды күнде жуу, арнайы ерітіндіге салу, уақытылы сатып алу, жаңарту, өзімен бірге көзге тамызатын тамшы алып журу және т.б.

Линзаның бірнеше түрлері болады: бір күндік, бірнеше күндік, апталық, айлық, үш айлық, жарты жылдық және бір жылдық. Бірақ ең дұрысы маман ретінде бір айлық линзаны тағуға кеңес беремін.

Линзаның тағы бір түрі — түңгі линза. Яғни, линзаны ұйықтар алдында тағып жатып, таңертеңгісін шешіп тастайсыз. Таңертеңгі уақытта көздің көру мүмкіндігі арта түседі. Мұны ортокератология линза деп атайды.

Елдос Балтабекұлы
© фото Айгүл Хожантаева

Лазерлік ота жасату өте тиімді

Көздің көруін лазермен түзету – ол қазіргі офтальмологиядағы озық бағыт. Лазерлік хирургия саласындағы жетістіктер бүгінгі күні миллиондаған адамдарға әр-түрлі көру нашарлығы рефракциясының бұзылуын (жақыннан көрмеу, алыстан көрмеу, астигматизм, пресбиопия) түзетуге  мүмкіндік береді. Лазерлік ота 20 жаспен 40 жас аралығында жасалады. Лазерлік ота жасатудың еш зияны жоқ.

Лазерлі операция  бүгінгі күні миллиондаған адамдарға әр-түрлі көру нашарлығын (жақыннан көрмеу, алыстан көрмеу, астигматизм, пресбиопия) түзетуге  мүмкіндік береді. Сәйкесінше адамдарды көзілдіріктен, линзадан арылуына мүмкіндік береді.

Лазерлік отаның жасалу әдісі:

  1. Науқастың көзіне жансыздандыратын тамшыларды тамызады (наркоз немесе анестетис уколдары қолданылмайды);
  2. Жансыздандыру әсер еткеннен кейін қабақты еріксіз жыпылықтаудан ұстап тұратын қабақ кеңейткіш орнатылады;
  3. Центрлеу жүргізіледі, вакуумның белгілі бір деңгейінде арнайы линза жоспарланады және фемтосекундтық лазердің көмегімен қасаң қабық тіндерінің беткі қабаттарынан берілген конфигурациядағы қима және интрастромальды лентикула қалыптасады;
  4. Flap бөлініп алынады және шпательмен «конверт» түрінде бір жағына жиналады;
  5. Әрі қарай интрастромальды лертикуланың ішкі және сыртқы шеті бөлініп алынады, бөлінген лентикуланың бөлінуі және жойылуы, қалдық ложаның тексерісі жүргізіледі;
  6. Flap бұрынғы орнына жиналады, бейімделеді;
  7. Лазерлік түзету аяқталғаннан кейін қасаң қабық арнайы ерітіндінің көмегімен шайылады. Пациентке қабынуға қарсы және антибактериалды тамшылар тамызылады;
  8. Содан кейін түзету осындай түрде екінші көзге де жасалады.

Ота жасалғаннан кейін орындалатын әрекеттердің дәлдігі елеулі түрде жоғарылайды, сауығу кезеңі қысқарады, трансплантат толық бейімделгеннен кейін алынған көздің көру сапасы жоғарылайды. Сіз қалыпты адамдарша көретін боласыз, жақсы көру үшін сізге қосымша заттар, препараттар немес процедуралар қажет болмайды.

Елдос Балтабекұлы
©фото Айгүл Хожантаева

Көз күтімі кезінде қандай ережелерді ұстану қажет?

  • Уақытылы тексерістен өту;
  • Тазалықты сақтау;
  • Көз жаттығуларын жасау;
  • Жұмыс жасайтын бөлменің қараңғы болмауы қажет;
  • Таза ауада серуендеу;
  • Көзге қатты күш түсірмеу;
  • Дәрумендер ішу;
  • Әр жарты жылда бір медициналық тексерістен өту;
  • 40 жастан асқанда скринингтік тексерістен өтіп, көз қысымын өлшетіп тұру;
  • Жеміс-жидек, кальций, балық майын ішу.

Көз күтімі кезінде қандай қателіктерді жібермеу керек?

  • Үй жағдайында емделу;
  • Дәрігердің кеңесінсіз көзге дәрі тамызу;
  • Кез келген ауруға бір ғана емдік шара қолдану;
  • Халықтық әдіспен ем жасау.

Керек кеңес:

• Жұмыс орнындағы жарықты реттеп отыру: ол тым жарық немесе тым көмескі, әлсіз болмауы керек;
• Үстелге қоятын шамның жарығы сол жақтан түсу керек;
• Кітап окығанда, теледидар көріп копьютермен жұмыс жасағандағы қашықтық 30-35 см болу керек. Яғни үстелде дұрыс денені тік ұстау көз ауруының болдырмауының бірден бір себебі;
• Ой еңбегі мен дене еңбегін алмастырып отыру. Үнемі компьютермен жұмыс жасағанда көзге арналған жаттығуларды жасау тиіс;
• Кітапты көлікте, қозғалыс кезінде, жатып оқымаған дұрыс;
• Кірпікке арналған косметикалық құрылғыларды жатар уақытта жуып тастау керек
• Компьютермен жұмыс жасаған кезде 10- 15 минут бөліп, көзге арналған жаттығу жасау керек;

  • Телебағдарламаларды  қарағанда  экран арасындағы арақашықтық 2-3м-ден кем болмауы керек;
  • Автокөлік жүргізгенде автоқозғалыс кезінде жүргізуші дұрыс қалыпты таңдау керек;
  • Мойынның жоғарғы бөлігі омыртқамен  бір сызық бойында болу керек.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

3 пікір

  1. Саламатсызба? Астигматизм зрениясы бойынша лазерлі операция жасауга болама ? D vision көзге арналған дәрісі туралы не айтасыз? Бұл дәрінің пайдасы қаншалықты?Кеңірек мағлұмат берсеңіз?

  2. Линза таққан адамдарға кейін лазерлік операция жасамайды деген рас па?

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!