Берлинді жаудан азат етуге атсалысып, Рейхстагқа өз есімін жазып қалдырған соғыс ардагері қонақтарын өзі күтіп алды. Ғасырға жуық ғұмыр кешсе де, әлі тың. Жүрісі ширақы. Ойын да анық жеткізеді. Өзін мерейтойымен құттықтап келген топқа қуанып қалды.
Отан үшін от кешіп, жеңісті жақындатқан батырдың естеліктерін тыңдауға Шымкенттегі Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ілиясов, осы аумақтан сыннан өткен депутат және ардагерлер кеңесінің төрағасы да келді. Майдангердің айтқан естеліктерін тыңдап, соғыстан кейінгі жылдары өңірдің өркендеуі жолында сіңірген еңбегі өлшеусіз екенін айтқан олар, өздерінің, өскелең ұрпақтың тілегін жеткізді.
1943 жылы әскерге шақырылған Алексей Воронкин бірден Хвалинск қаласына №7 оқу автополкіне жіберіледі. 1944 жылы №396 жеке жаяу артиллериялық полкінің құрамында майдан шебін бұзуға қатысады. Маршал Жуковтың басқаруымен Белорусия майданында болғанын еске алды қария. Варшавадағы бөгеттерді бұзып өтіп, Берлинмен шекаралас Одер қаласын жаудан азат еткен күндері де әлі есінде.
Алексей Воронкин, ҰОС ардагері: «Бұл бір қырғын соғыс болды. Қорғаныс мықты еді. Артиллериялық күш те осал емес. Аса көп қиыншылықпен шепті бұзып, Берлинге қарай жылжыдық. Немістер соңына дейін шайқасты. Біз де беріспедік. Ішер тамақ, киер киім болмады. Жалғыз шинельмен соғысқан сәттер болды. Сөйтіп жүріп, 2 мамыр күні, 1945 жылы жауды тізе бүктірдік. Жауынгерлердің барлығы Рейхстагқа лап берді. Мен де тек алға жылжып, «Мұнда шымкенттік Воронкин болған» деп жазу қалдырдым».
Сол жылы 9 мамырда атап өткен Жеңіс күнінің де әрбір сәті қарт жауынгердің жадынан шыққан емес. Ең жас жауынгер қанды, қаралы күндер аяқталса да еліне бірден қайтпай, 1950 жылға дейін Германияда әскери салада қызмет етеді. «Отан соғысының ардагері», «Варшаваны жаудан азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдерімен марапатталады.
Алексей Воронкин, ҰОС ардагері: «Менің бүкіл жастық шағым соғыста өтті. Мен жігіт болып, тіпті, қыздармен қалай сөйлесуді де білмедім. Сөйтіп жүріп, Лидия есімді қызға үйлендім. Бір қыз, бір ұл өмірге келді. Бүгінде сол перзенттерімнен 3 немерем, 5 шөберем бар».
Өткен күндер естелігі көкірегінде сайрап тұрған ардагер бүгінгі бейбіт заман мен тоқшылық өмірге тәуба етеді. Шаңырағына келген қонақтарға «Бүгінгі ұрпақ бақытты балалығынан, жалындаған жастық шағынан айрылмасын» деген тілегін айтып, батасын берді.